Қала мен сала

Қоқыс шығару тарифі қымбаттайды

Қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы» қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 14 желтоқсандағы №113/15-VIII шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасап, елорданың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін нақтылау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 108-бабына сәйкес жүргізілгенін атап өтті.

– Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетіне төмендегідей өзгерістер енгізуді ұсынамын: меншік кірістерінің түсімі бойынша жоспарды 24,1 млрд теңгеге ұлғайту, оның ішінде салық түсімдері бойынша жоспарды 18 млрд теңгеге, салықтық және түсімдер бойынша нақты түсімдер есебінен 5,3 млрд теңгеге және негізгі капиталдық сатудың түсімдері бойынша 1,1 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылып отыр. Сондай-ақ санитария, абаттандыруды, жарықтандыруды қамтамасыз етуге 5 ауданға 8 млрд 516 млн теңге сомасында қаражат қарастырылған. Оның ішінде Алматы ауданы әкімінің аппаратына – 2,7 млрд теңге, Байқоңыр ауданына – 996 млн теңге, Есіл ауданына – 4 млрд теңге, Нұра ауданына – 600 млн теңге және Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратына 70 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қосымша 8 млрд 675 млн теңге бөлінді. Оның ішінде жергілікті деңгейде автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтерге 675 млн теңге, әлеуметтік маңызы бар ішкі жолаушылар тасымалын субсидиялауға 8 млрд теңге бөлінді, – деді басқарма басшысы.
Айтуынша, Энергетика басқармасына қосымша 5 млрд 603 млн теңге қарастырылуда. Оның ішінде жылу-энергетика жүйесін дамытуға 2 млрд теңге, жылу маусымын үздіксіз өткізу үшін отын сатып алуға, энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын субсидиялауға 3,5 млрд теңге қарастырылды.
Құрылыс басқармасына қосымша 2 млрд 856 млн теңге бөлінді. Оның ішінде №13 орта мектептің қосымша құрылысына 200 млн теңге, мемлекеттік органдардың объектілерін дамытуға 2,5 млрд теңге қарастырылды.
– Коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасына қосымша 400 млн теңге бөлінді. Оның ішінде «Астана су арнасы» атмосфералық жерүсті ағындарын бұруға және тазартуға 400 млн теңге қарастырылды. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қосымша 2 млрд 973 млн теңге қарастырылды. Оның ішінде абаттандыруды дамытуға 2 млрд 728 млн теңге және жарғылық капиталды қалыптастыру немесе ұлғайтуға 245 млн теңге бөлінді. Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Астана қаласына 2024 жылға нақтыланған бюджетінің нақты көлемі 1 трлн 327 млрд 987 млн теңгені құрайды. Оның ішінде меншікті кірістер бойынша түсімдер 1 трлн 12 млрд теңге, трансферттер мен кредиттер 230 млрд 759 млн теңге, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару 54 млрд 961 млн теңге және бос қалдықтар 29 млрд 83 млн теңге болды, – деді Қайсар Маңқараев.

Одан әрі Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ даму қыз­метінің негізгі бағыттарына тоқталды. Көше саудасын ұйым­дастыру, активтерді басқару, инвестициялық жобаларды іске асыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге жоспарланған бағдарламалардың қатарында ескі тұрғын үйлерді жаңарту, жабық типтегі аялдама па­вильондары мен электр зарядтау станцияларын салу бар.
Қоғамдық кеңес отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер туралы мәселе қозғалды. Бұл ретте Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов елордалықтардың 80 пайызға жуығы көпқабатты тұрғын үйлерде тұратынын айта келе, қалада қоқыс қалдықтарының көбеюін халықтың бірреттік пакеттерді қолдануымен байланыстырды. Қоқыс қалдықтары көбейгенмен, тариф осы уақытқа дейін өспеген.

«Бүгінгі таңда қоқыс шығару тарифі көппәтерлі үйде тұратын бір адамға айына 390 теңге болса, Алматыда – 718 теңге, Қарағанды және басқа қалаларда да 500 теңгеден кем емес. Сондықтан тарифті де, соған орай қызмет ақысын да көбейткен дұрыс» деді басқарма басшысы.

Осыған орай, Дәулет Боранбайұлы абаттандырылған секторда тұратын жеке тұлғалар үшін – айына 1003 теңгеге дейін, абаттандырылмаған үйлердің тұрғындары үшін – 1067 теңгеге дейін, заңды тұлғалар үшін 3990 теңгеге дейін қоқыс шығару тарифтерін көтеру жобасын ұсынды. Бұл ретте жекелеген азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Қоғамдық кеңес мүшелері бағаның күрт өсуіне қарсы екенін жеткізді. Коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару тарифін кезең-кезеңмен өсіруді қолдай келе, олар дауыс беру арқылы бұл жолы қоқыс шығару тарифін тек 30 пайызға көтеру туралы ұсыныс білдірді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button