ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

Қоқыс тастаудың өз қағидасы бар

Жыл сайын елордада 300 мың тоннаға жуық қалдық шығарылады. Бұл дегеніңіз қаланың әрбір тұрғыны күніне контейнерлерге орта есеппен 1 келі қоқыс тастайтынын көрсетеді. Осы орайда елордалықтар арасында қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыру маңызды мәселеге айналды. Қалада қалдықтарды бөлек жинауға арналған 300-ден астам экобокс орнатылған.
 
Жалпы елордада көпшілікті қоқысты сұрыптап жинауға дағдыландыру мақсатында түрлі экологиялық шаралар өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, тұрғындар арасында Нұр-Сұлтан қаласының «Үздік эко-отбасы», «Үздік тұрғын үй массиві» атты байқаулар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта осындай байқаулардан үздік шыққан және сұрыптап тастау қағидатын қатаң сақтайтын тұрғын үй кешендерінде қоқыс шығару қызметінің ақысын төмендету де жоспарда бар.
Пластик пакеттердің қоршаған ортаға зиянын ескере отырып, қаладағы ірі сауда орындары мен дүкендер желісі биологиялық ыдырайтын пакеттерге көшу бастамасына қызу қолдау білдіруде.
Ал құрамында сынап бар шамдарды жинау және жоюды «Kazecotech ҒТБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып келеді. Қала әкімдігінің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен келісімшарт аясында серіктестік қала аумағында энергияны үнемдейтін және құрамында сынабы бар шамдарға арналған 599 әмбебап контейнер орнатты.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button