Қала тіршілігі

Қоқыстың «қожайыны» кім?

Астана қаласының кейбір аумақтарында заңсыз төгіліп жатқан күл-қоқыстар тауға айнала бастаған. Жақында Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Астана  Эко-Полигон НС» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметкерлері мен тәртіп сақшыларынан құралған комиссия кезекті рейд барысында осындай орындарды анықтады.

04

Әсіресе, Алаш тас жолының бойына орналасқан «Әсем», «Алаш» көтерме сауда базарларының артқы жағында бірнеше күл-қоқыс үйіндісі жиналып қалыпты. Комиссия мүшелері тексеру барысында бұл қоқыстың қай базарға тиесілі екенін анықтай алмай дал болды. «Әсем» базарының артқы жағында жиналған қоқыста құрылыс қалдықтары да, тұрмыстық қалдықтар да көп екен. Күннен күнге ауқымы үлкейіп келе жатқан қоқыс үйіндісі айналасының сиқын қашыра бастаған. Осындай «Әсем» деген атауға кереғар көрініске тап болған комиссия мүшелерінің көңілдері түсіп-ақ қалды. Одан соң «Алаш» базарының артқы жағындағы мал соятын шағын цехқа барған олар, тағы бір үлкен қоқыстың үстінен шықты. Бұл маңда да әудем жер үлкен қоқыс төгетін орынға айналыпты. Мұнда да шашылған қоқыс-қалдықтар біраз жерге жайылып кеткен. Арнайы комиссияны бастап жүрген «Астана Эко-Полигон НС» МКК директорының орынбасары Дулат Өскембаев базар басшыларымен сөйлесіп көріп еді. Бірақ тау болған қоқыстардың «қожайынын» анықтау мүмкін болмады. Сол айналада орналасқан базар басшылары бірауыздан «біздікі емес, біздікі емес» деген сөздерінен танбады.

KBB_4830
– Қалада арнайы қоқыс төгетін орындар белгіленген. Барлық қалдықтар сондай орындарға тасылуы тиіс. Бұл арада біз кінәлі адамды анықтап, бірден жазаға тартқалы отырғанымыз жоқ. Біздің мақсатымыз – кө­терме сау­да орындары сияқ­ты қалдықтар көп шығатын құ­рылымдарға негізгі заң талабын түсіндіру, тәртіпке шақыру, орын алған кемшіліктерді ретке келтіруді міндеттеу. Қала тазалығына бәріміз бірдей көңіл бөліп, белгіленген тәртіпті сақтауға тиіспіз. Біз анықтаған заң бұзушылықтарға байланысты Экология департаментіне, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау мекемелеріне және басқа құзырлы органдарға арнайы хат жолдайтын боламыз. Олар бұл жайға қатысты өз кезегінде тиісті шаралар қабылдайды. Оған дейін бәріңіз ақылдасып, күш біріктіріп, қоқыстарды тазалау жолдарын ойластырыңыздар. Содан соң, кейін үлкен көлемде айыппұл төлеп, басқа да әкімшілік жа­заға тартылмас үшін қоқыс қалдықтарын арнайы полигонга тасымалдап отыру жұмысын жолға қойып алғандарыңыз дұрыс, – деп ескертті Дулат Өскембаев.
Бұдан соң арнайы комиссия Алматы ауданындағы Шардыкөл көшесіндегі құрылыс нысанына келіп тоқтады. Бұл жерде құрылыс аумағы қоршалған екен, бірақ оның маңында құрылыс қалдықтары мен қоқыс көбейіп кеткен. Құрылысты жүргізіп жатқан «Building Resources» ЖШС басшылығы абаттандыру және тазалық мәселесін мүлдем естен шығарған сыңайлы. Комиссия серіктестік бас­шылығына арнайы хат жазып, орын алған кемшілікті реттеу жөнінде ескерту жолдау керек деп шешті.
Ал Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 2 «а» үй аума­ғын­да құрылысы жүріп жатқан «Ша­ңырақ» тұрғын үй ке­шені, тіпті, қоршалмапты. Бұл құрылыс талабын өрескел бұзу­­шылық болып саналады. Қоршал­маған құрылыс аумағы тек құрылыс қалдықтарына ғана емес, тұрмыстық күл-қоқыспен де толыға бастаған. Сол маңда жүрген біреулердің айтуынша, құрылысты жүргізіп жатқан «ҚазГер» ЖШС-мыс. Нақты өздері де білмейді екен. Комиссия мүшелері қанша тырысқанымен, заңсыз қоқыстың иесін сол жерде анық­тай алмады. Дегенмен, бұл фактіге қатысты Құры­лыс бас­қармасына хат жазып, мер­дігер компанияны анық­тап, соған сәйкес шаралар қолданатын болады.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button