Қор әйелдердің кәсібін қолдайды
Бас қалада «Мама ПРО» қорының жобалары арқылы ерекше балаларды тәрбиелеп, өз кәсібін ашып, бизнесте табысқа жеткен әйелдердің форумы өтті. Астана қаласының әкімдігі қолдаған жоба ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға кәсіп бастауға және қиындықтарды жеңуге көмектеседі.
Қор аналарға қысқа мерзімді курстармен бірге тереңдетілген білім беру бағдарламалары, менторлық қолдау мен коучинг сессияларын ұсынады. 12 айлық оқу барысында әйелдер қаржылық жоспарлау, маркетинг, бизнес үшін жасанды интеллект қолдану, үш жылдық стратегия құруды үйренеді.
Жоба аясында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 100-ден астам әйел бизнесін дамытты. Қор 2018 жылдан бері 143 курс өткізіп, 3500-ден астам әйелді оқытты.
Айта кетейік, қор балаларды да назардан тыс қалдырмай, ерекше балаларға арналған арнайы сабақтар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
Форумда сөз алған қордың тең құрылтайшысы Әсия Тикеева қала әкімдігінің қолдауымен көптеген әйелдің жұмыспен қамтылғанын әрі олардың еңбек орталығы арқылы жұмыс тауып, ал кейбірі аталмыш қорда жұмыс істейтінін алға тартты. Мәселен, қордың курсына қатысқан Лейла Бехбудова – ерекше қызы бар ана. Ол балаларға арналған қауіпсіз ойыншықтар тоқиды. Қазіргі таңда Лейла өз бизнесін дамытып қана қоймай, тұрақты тұтынушылар базасын қалыптастырған.
Еске сала кетейік, қор курстары тек Астанада емес, Алматы, Шымкент, Қостанай және Өскемен қалаларында да өтеді.