Жаңалықтар

ҚОР АКТИВТЕРІ ҚАЙТА ҚҰРЫЛАДЫ

DSC_4681

Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті бри­фингіне «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев қатысып, қордың былтырғы жылдың жұмыс қорытындысы мен алдағы жос­парлары жөнінде сөз қозғады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры – еліміздің стратегиялық маңызы бар активтері шоғырланған ірі компания екенін атап өткен Өмірзақ Естайұлы ондағы жағдайға аз-кем тоқталды.

Бүгінде қордың активтері 14 трлн 543 млрд теңгені құрайды екен. Мұнда 342 904 қызметкер жұмыс істейді. Былтыр компанияның таза табысы 641,2 млрд теңгеге шыққан. Соған қарамастан өздерінің жұмыс қарқынын анықтау үшін халықаралық «МакКинзи» компаниясымен бірлесіп, әлемдік тәжірибеге сай талдау жасаған «Самұрық-Қазына» активтерінің көлемі бойынша 9-шы орынға тұрақтапты. Зерттеуге сәйкес, көрсеткіштері көңілден шықпайтын осал активтерді іріктеу жұмыстары жүргізіліп, өткен жылдың аяғында 713 актив пен нысанның 482-сі шығарылыпты. Жалпы бейінді емес активтерді қайта құрылымдау – Елбасының тапсырмасы. Енді алдағы екі жыл ішінде 30 актив пен 45 нысан қайта құрылымдаудан өтетін болады. Басқарма төрағасы активтер мен нысандарды шығару шаралары ашық жүргізілетінін, мұндай ақпарат барлық компаниялардың сайттарында жарық көретінін атап өтті.

Өмірзақ Шөкеев елімізге ірі инвесторларды тарту жолында Ұлттық қордың қолға алған жұмыстарына тоқтала келе, 2014-2016 жылдары 23,2 млрд доллар көлеміндегі 18 жобаны жүзеге асырылу жоспарланып отырғанын жекізді. Соның алтауы биыл қолға алынады. Жаңа жобалардың арқасында 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Жобалардың ішінде көлік технологиясы ерекше маңызға ие көрінеді. Сондықтан, әл-ауқат қоры биыл мамыр айына дейін «Эйр Астана» мен «Эйр Қазақстаннан» басқа тағы бір әуе ком­паниясын ашуды көздеп отыр. Келесі жылы жұмысын бастайтын кәсіпорынның 10 жаңа ұшағы алдағы жылы көкте қалықтайтын болады.

Брифингте кезінде Ұлттық қордан қаржы алған екінші деңгейлі банктердің берешегін қаншалықты қайтарғаны туралы да сөз болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын дағдарысты жағдайға байланысты мемлекет «БТА Банк», «Темірбанк», «Альянс Банк», «Халық банк» және «Казкоммерцбанкке» Ұлттық қордағы қаражаттан 332 млрд теңге бөлінген еді. Енді бұл қарыз қайтарылды ма? Өмірзақ Естайұлының айтуынша, «Халық Банкі» АҚ капиталына құйылған қаржы толығымен қайтарылған. Ал, басқа үш банктен қайтарылған ақша қазір 200 млрд теңгеден асқан. Енді «Қазкоммерцбанкте» қалған қарыз мемлекетке тиесілі пакетті сатқан кезде толыққанды қайтарылмақ.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button