Басты ақпарат

ҚОРҒАЛЖЫН ҚОРЫҒЫ ЮНЕСКО-НЫҢ БИОСФЕРАЛЫҚ ҚОРЫҚТАРЫНЫҢ БҮКІЛ ӘЛЕМДІК ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛДЫ

Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында ЮНЕСКО-ның орны айрықша. Мәдени мұралар мен табиғи нысандарды қорғау жөнінде біздің еліміз бен осынау халықаралық ұйым арасында ынтымақтастық ширап келеді. 2003 жылғы маусым-шілдеде Парижде өткен ЮНЕСКО Әлемдік Мұра Комитетінің 27-сессиясында, ҚР ұсынысына орай, әрі Тарихи ескерткіштер мен мекендерді қорғау туралы халықаралық кеңестің кепілдемесі бойынша Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген болатын. 2004 жылы Қытайда өткен ЮНЕСКО Әлемдік Мұра Комитетінің 28-сессиясында «Тамғалы археологиялық ландшафты петроглифтері» осы тізімге ілікті. 2008 жылы шілдеде Квебекте өткен ЮНЕСКО Әлемдік Мұра Комитетінің 32-сессиясында «Сарыарқа–Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» табиғи нысаны Орталық Азиядағы ең алғаш болып Әлемдік мұралар тізіміне қосылды. Ал, күні кеше, қыркүйектің 13-і күні Астанада өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялар мен комитеттердің ІІІ кеңесінде Қорғалжын қорығы ресми түрде ЮНЕСКО-ның биосфералық қоры болып бекітілді. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының төрағасы Сергей Лазарев қорықтың директоры Мұрат Айтжановқа Ұйымның арнайы дипломын табыс етті.

Жиынға Халықаралық институттардың өкілдері мен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері келді. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі елдері ынтамақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынджы және Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов пен Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысты. Жиында түркі әлемінің мәдени, табиғи және тарихи мұраларына әлемдік деңгейде мән беріп, оларды тізімге алу жөніндегі өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, әрбір мемлекет өз елінің мәдени-рухани құндылығы сипатында таныстыру баяндама жасады.

Мәртебелі басқосуды Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның басшысы Иманғали Тасмағамбетов құттықтау сөзбен ашты. Ол барша түркі елдерінің басшылары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТҮРКСОЙ-дың еларалық қызметіне айрықша мән беріп отырғанын атап өтті.

Ол Қорғалжын қорығының ЮНЕСКО-ның биосфералық қорықтарының бүкіләлемдік желісіне қосылуының Қазақстан үшін маңызы зор екендігін айта келіп, осы ұйымның «Адам және биосфера» саласымен арадағы ынтымақтастыққа назар аудартты.

– Атап айтқанда, Бүкіләлемдік биосфера тізіміне нысандарды дайындау жөніндегі шаралар тұрғысында өзара қарым-қатынас жолға қойылмақ.

Осынау желіге Қазақстаннан тұңғыш рет «Қорғалжын» қорығы үстіміздегі жылғы шілде айында енгізілді. Енді Қазақстан–Ресей шекарасындағы «Алтай» резерватын жасақтау мәселесі кезекте тұр,-деді ол.

И. Тасмағамбетов ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдени мұраларын ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу ісін кешіктірмеудің дұрыстығына тоқталды. Түркітілдес мемлекеттердің материалдық және рухани қоры тізіміне табиғи-мәдени мұралардың қатарына қазақ пен қырғыз халқының «Айтысын», Көкпар, Күрес және Қыз қуу ұлттық ойындары – ұлттық-мәдени құндылықтың бір көрінісі болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Башқұртстанның атынан киіз үй мен оның жабдықтары тұрмыс мәдениетінің әлемдік жетістігі болып саналады. Әсіресе, қазақтың саятшылық өнері мен «Ортеке» және «Қара жорға» билері орындалуы жөнінен дүние жүзі халықтарын тәнті ететіні анық. Күй – бүгінде қазақтың ғана емес, әлем мәдениетінің жоғарғы шыңына айналып келеді. ЮНЕСКО-ның Әлемдік материалдық және рухани мұралары қатарында сыбызғы, шаңқобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптары мен ұлттық кілем тоқу мен киіз басу һәм зергерлік өнердің де ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұралар тізімінде хақысы бар. Осы күнде «Наурыз» бен «Бүркітшілік» мәртебелі тізімнің қатарына алынды.

– Түркі әлемі үшін көрнекті түркітанушы ғалым Лев Гумлиевтің орны бөлек. Оның түркі әлемі турасында жазған баға жетпес еңбектерінің арқасында дүние жүзі түркілердің әлемдік қауымдастықтағы орнын таныды. Демек, биыл туғанына 100 жыл толып отырған ғалымның мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге лайық,-деді И. Тасмағамбетов.

Жиынға қатысушылар түркі әлемі мұрасының сақталуын ынталы екендігін және осыған қатысты өз елдері атынан барынша қолдау жасайтынын қаперге салды.

– Біздің халықтардың тұрмыс-салты мен әдеп-ғұрпының және мәдени-тарихи мұраларының ортақ арқауын ұстап тұрған үлкен бір құндылық – ол біздің тілдеріміздегі 180 мыңға жуық сөздердің мәні де, мағынасы бірдей,-деді Х. Акынджы.

ҚР Бейбітшілдік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты Альбер ФИШЛЕР түркі мәдениеті Еуропа мәдениетінің қалыптасуына да ықпалын тигізгенін айта келіп, түркі ынтымағына Қазақстанның еңбегі ерекше деді.

 

P.S. ЮНЕСКО-ның биосфералық қорықтарының бүкіләлемдік желісіне қосылған Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы – ЮНЕСКО-ның «Сарыарқа–Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» табиғи нысаны қатарындағы екі қорықтың бірі. Ол Астанадан 130 шақырым жерде оңтүстік-батыс тұсында орналасқан. Мұнда қоқиқаз, бірқазан және басқа да сирек те, бағалы құстар мекен етеді.

 

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button