Басты ақпарат

Қорғалжындағы ортағасырлық қоныстар

Нұра мен Есiл арасында ортағасырлық бiрнеше қалашықтардың орны белгiлi. Бұлар сауда жолдарының бойында орналасқан керуен сарай қызметiн атқарған қалалар. Сонымен бiрге бұл қоныстардан егiншiлiк iздерiн де, (шығыр, су диiрменi, танаптар, т.б.) қолөнер орталықтарына тән белгiлердi де көремiз. Тарихи әдебиетте бұл қалашықтарды Қорғалжын өңiрiнiң қалалары деп атау қалыптасқан.

Ертеде Теңiз – Қорғалжын бiр су айдыны болғаны сөзсiз. Жаңа заманда бiртiндеп құрғау барысында екеуi екi ажырап кеткен.
Теңiз екi бөлiктен тұрады: көлдiң өзi және солтүстiк-шығыс жағалаудан қосылатын үлкен шығанақ. Көл солтүстiктен оңтүстiкке қарай тартылған, ең ұзын тұсы – 80 шақырым, енi – 26 шақырым. Шығанақ 8 шақырымдай жердi алады. Шығанақпен қоса санасаңыз су айдыны 1500 шаршы шақырым жердi алып жатыр. Теңiздiң тереңдiгi 3,5 сажын болады.
Қорғалжын – көл емес, қалың қамыс басқан Нұраның сағасындағы қопа. Осындай қалың қопаны Сырдың құярынан да көруге болады. Қорғалжын қопасының ең ұзын тұсы – 30 шақырым, енi – 15 шақырым. Айдыны – 400 шаршы шақырым. Бiрнеше түбектерi бар, сол себептi бiрнеше жерде шығанақпен оқшауланған. Қорғалжынның жан-жағынан қалың қамыс басқан су айдындары жайылма сияқты ғана көрiнедi. Нұраның құяры –тұщы, қопаның негiзгi суы – ащы. Бүгiнгi күнi Қорғалжын бiр-бiрiне жалғасқан бiрнеше көлдерден тұрады: Шолақ, Сұлтанкелдi, Қақай, Есей т.б. Осылардың бәрiн жалғастырып тұрған Нұра өзенi, ол қалың қопаны кесiп өтiп Теңiз көлiне құяды.
Қазақ шежiресiнде осы Қорғалжын қопасы аталатын аймақтың әр тасының, әр түбегiнiң өз әңгiмесi бар. «Қорғалжын Теңiзiнiң солтүстiгi –Сайдалының қызыл түбегi, бiрауызды – Байжiгiт, Сынтас, бiр ауызды –Бозшасай. Күншығысы – Ақтайлақтың моласы – Қандыарал, Оңтүстiгi –Бескемпiр түбегi, Сұлтанкелдi көлi, Күнбатысы – Ақсай, Ақтайлақтың ақ даласы, Сары оба. Ортасында Мыңжылқының аралы бар. Қасқыр арал, Бүркiт арал деген ұсақ аралдар толып жатыр. Айналасы алты күндiк жер десе де болады. Теңiздiң үлкендiгi – айналасы тоғыз жүз алпыс бес шақырым» деп сипаттайды Теңiз көлiн Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы (Көпейұлы М.Ж. Шығармалары, Павлодар, 2008, т.10. -78 б)
Қорғалжын-Теңiз маңайында ертеден Қуандық тайпасының Әлке-Байдалы аталатын аталары мекендейдi. Бұларды кейде «Төменгi Алтай», кейде «Балықшы Алтай» деп те атайды. Жоғарыда аты аталған Ақтайлақ Қуандықтың Байдалы атасынан тарайды. Кенесары хан көтерiлiсiне қатысты деректерде аты жиi аталады. Екi жағдайда да Теңiзге жақын қоныстанғаны Алтайға берiлген «балықшы», «төменгi» анықтамаларынан-ақ бiлiнiп тұр. Жоғарыда аталған рулармен қатар Теңiз маңын Қуандықтың Бөршi, Темеш деген iрi аталары, Сүйiндiктiң Төртуыл аталатын тобы жайлайды. Олардан басқа бұл жердi мекендеген қалмақ тектес рулар бар: «Қырғын Күш – бұл қалмақтардың қыстауы Байжiгiт, Сынтас пен Көкпектiнiң аралығында, бiр көлде Балқұдық маңайында, Теңiз елiнiң iшiнде» деген шежiре деректерi соларға қатысты.
ХIХ ғасырдың басында кен орындарын iздеген И.П.Шангин Сарыарқа өңiрiн аралай келiп Нұраның төменгi ағысына қарай орналасқан орта ғасырлық қалалардың орны мен сәулет өнерiнiң ескерткiштерiне сипаттама бередi. Әуелгi сипаттама Бытығайға қатысты: «По обеим берегам Нуры, впадающей в озеро Каргалджин, существуют и поныне некоторые здания, сколько красивые, столько же прочные, несмотря на многолетнее из запустение, и сверх того множество развалин камен-ногостроения. По словам живущих здесь киргиз Средней Орды, все сии здания сооружены были нагайцами, из коих находящиеся на левой сторо-не по течению Нуры в 27 верстах от ее устья принадлежали будто бы к великому городу Татагаю и занимают пространство около девяти верст…».
Осыдан кейiн инженер қазiргi Ұялы ауылы тұсындағы ескерткiштер туралы жазады: «Здания и развалины на правом берегу Нуры отстоят от озера на 55 верст…Одно из них снаружи четвероугольно-продолговатое, а внутри во многом сходное с первым, другое же четвероугольное. Оба построены из кирпича и имеют красивые карнизы, сделанные из разноцветных кирпичей, ровно со стеною лежащих и при том выкладенные углубления во внутренности». Бүгiнгi күнi Жәнiбек – Шалқар көлiнiң тұсынан табылған ортағасырлық ғажайып ескерткiштiң қалдығы да «Қорғалжын өңiрiнiң қалалары» аясына кiредi.
Сонымен бiрге, И.П.Шангин Жақсыкөң тұсында да ортағасырлық ескерткiштер барын жазады. Жақсыкөң алдымен Құланөтпеске құйып, одан Асау балық тұсында Қорғалжын қопасына енетiн дала өзендерiнiң бiрi: «Не в дальном расстоянии от помянутых зданий по правому берегу речки Якши куна (Жақсыкөң-Ж.А.), впадающей в то же озеро Каргалджин, найдены также два здания. Первое из них, представленное … построено в 30 верстах от озера без всякого искусства, из необработанного из-весткового камня; второе же, большею частью развалившееся, находится от озера во 140 верстах и состоит из обоженного кирпича».
Өз заманындағы Ресей және Батыс деректерiне сүйене отырып, коллеж кеңесшiсi Демидов Александр I патшаға Сiбiр және Орынбор шекара шептерiн қыр өңiрi есебiнен оңтүстiкке жылжыту қажеттiлiгiн жазатын ұсынысы тарихшыларға белгiлi. Ресейдегi кен өндiрiсi туралы үлкен мәлiметтердi қолында ұстаған Демидов Қорғалжын туралы да «Из горько-соленых озер оз. Коргаль-Джин, имея до 300 верст окружности, есть ве-личайшее. В него вливается ныне р.Нура, текущая прежде в Ишим. Не в дальнейшем расстоянии от сего озера видны обширные поля древних пашен, свидетельствующие о плодородности страны сей, а холмы кирпичей, более 15 верст окружности занимающие и из за развалин древнего города составившиеся; как и остатки древнего храма весьма порядочной архитектуры, доказывают, что страна сия населена была не блуждающими номадами, но народом образованным, просвещенным». Демидов Қорғалжын мен Теңiздiң айырмашылығын айта қоймайды, ол кезде екеуiн екi бөлу болмаған да шығар. Бiрақ жазбада айтылған қалалық мекендер мен егiншiлiк алқаптары Бытығайға келедi.
Демидовтың жазбаларында қола дәуiрiнiң кен орындары да назардан тыс қалмаған. Байырғы кеншiлер әулетiнiң өкiлi Нұра өңiрiндегi көне кен орындары бұл өңiрдегi ертерек кезеңде iрi өркениет орталығы болғанын дәлелдейдi дейдi: «Открытие по р. Нуре следы древних рудокопей, по всей Сибири чудскими называемые, равно как свидетельство древних азиатских историков о городах, в сих странах некогда существовавших, и более еще истину сего подтверждают». Бұл жерде автордың «чудские копи» деп тұрғаны – Алтай мен Дунай, Iбiр-Сiбiр мен Түркiстан арасындағы қазақ жерiнде жиi кездесетiн көне дәуiрдiң кен орындары. Мен кезiнде Мир Қадырбаевтың экспедицияларына қосылып Атасу сияқты қола дәуiрiнiң iрi кен ошақтарын қазуға қатыстым. Бiздiң бүгiнгi күнiмiзден үш-төрт мың жыл бұрын әлемдегi iрi кен-металлургиялық орталығын жасаған бiздiң аталарымыздың ерлiгi мен танымы ғажайып тақырып. Қазақ қариялары қола дәуiрiнiң қоныстары мен кен орындарын көбiнесе «мықтың үйi» деп атайды. «Мық» деген сөз қысқа бойлы, бiрақ аса күштi халық дегендi бiлдiредi (мық жусан, мық шеге, мықыр т.б.).
Қазақ ғалымдарының iшiнен Қорғалжын өңiрiнiң қалалық мәдениетi туралы ерекше iлтипатпен жазған Ә.Х.Марғұлан. Даңқты академиктiң 1950-жылдардағы жазбаларына қарағанда Нұраның құярында жетi қоныс анықталған, оның алтауы Нұра өзенiнiң оң жағалауында. Қоныстардың арасы – 15-20 шақырым. Керуен сарайы бар бiр қалашық Өркендеу кол-хозы жерiнен, бiреуi Мортықтан, бiреуi Ұялыдан, тағы бiрi Тельман колхозынан, екеуi Қарт тауының етегiнен табылған. Әлекең Бытығайды да, оған қарсы жатқан өзге ескерткiштердi де қорым деп отырған жоқ, керуен сарайы бар қалашықтар дейдi. Қазiргi зерттеушiлер осыны ескерулерi керек.
Ә.Х.Марғұлан «хорошо известно, что одним из видов хозяйственных сооружений у кипчаков и казахов были строения из камыша, которые, естественно, в силу своей недолговечности не сохранились до наших времен… Для устройства камышовых строений наиболее выгодными были районы озера Аксакал-Барбы, оз.Кургальджино и Теликуль, Камыш-Самарское озеро в долине Яика. Там находились загоны для скота. Шошала – древняя форма казахского жилища – строилась из плетенного лозняка, по форме напоминающего тип жилища алтайцев и шорцев… При археологических расследованиях берегов оз.Кургальджино и дельтовой части Нуры встречены многочисленные бугры со следами культуры казахов ХV-ХVIII вв.» дейдi. Бiз де академик нұсқаған жерлерден қазақтың отырықшылық мәдениетiнiң әлi күнге дейiн сақталған белгiлерiн кездестiрiп, оның сөзiнiң шындығына көз жеткiздiк.
Сонымен қорыта айтсақ, Қорғалжын өңiрiнiң қалалық мәдениетi әлi де мұрты бұзылмаған тарихтың көмбесi сияқты. Бүгiнгi күнге дейiн Астананың дәл iргесiнде жатқан осынау қалалық мәдениеттiң орталығы туралы бiр сындарлы зерттеу еңбек жоқ. Тiптi, шым мен құм басып кеткен қалалар туралы айтпағанның өзiнде әлi күнге мен мұндалап тұрған көне сәулет өнерiнiң ескерткiштерi де назардан тыс қалып келедi.
Ең қызығы – Қорғалжын атауының сыры да анықталмаған. Жақында бiр асығыстау жарияланған еңбектен «Асан қайғы «Шiркiн, орнаған орның жынның ордасындай, жетiм бала, жесiр әйел жан бағатын жер екен» деп баға берiптi» дегендi оқыдық. Асан қайғының дәл осы сөзге қатысы жоқ болар. Жынның ордасында қалай жан бағуға болады, оның сырын автордан және қорғалжындықтардан анықтау керек екен дедiк. Қорғалжын ауданының құрылғанына 80 жыл толуына арналған «Қорғалжын – құт мекен» атты кiтап осылай дейдi. Қой, жынның бұл атауға қатысы жоқ шығар деп, сөздiктерден қарап едiк, қалмақтар қорғасынды «қорғалжын» деп атайды екен. Қазақ тiлiндегi қорғасын мен қорғалжынның түпкi мағынасы бiр болар. Бұл қорғасындай көкшiл, қалың қамысты, қопалы жер дегендi бiлдiруi де мүмкiн
Зерттеушiлер үшiн тағы бiр қызық бағыт – қазақ тiлiндегi «жын», «жiн» сияқты сөз аяғындағы кездесетiн көне жалғауларға көңiл бөлу. Қазақ тiлiндегi «құнажын», «дөнежiн» т.б. бiр жас мөлшерiнен екiншiсiне аяқ басқан малға қатысты қолданылады. «Қорғалжын» атауы Нұра өзенiнiң Теңiзге құяр алдындағы қамыс басқан табалдырығы дегендi бiлдiрмей ме екен? Егер осы жорамал дұрыс болса, онда «қорғалжын» атауы кемi оғыз дәуiрiне барып тамырласатын көне топонимдердiң бiрi.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button