Қоғам

Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штаты ұлғайды

Елімізде балалардың құқықтарын қорғау жүйесін кезең-кезеңімен күшейту жүргізілуде. Өткен жылдан бастап жаңа нормативтік базаға сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органдарындағы мамандар саны айтарлықтай артып, әрбір 5 мың балаға кемінде бір маманнан белгіленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Астанада өтіп жатқан қорғаншылық органдары мамандарының республикалық семинар-тренингінде хабарлады. Шараға Қазақстанның барлық өңірінен 180-нен астам маман қатысты. Семинар аясында жедел әрекет ету алгоритмі, баланың мүддесін қорғау, цифрлық шешімдерді енгізу мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылау мәселелері талқыланды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қорғаншылық органдарының рөлін күшейту бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы аталған саланы жетілдіруге бағытталған маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданды. Әрбір нормативтік акт – бұл нақты баланың тағдырына әсер ететін құжат. Біздің міндетіміз – әр маманның өз қызметін кәсібилікпен, жауапкершілікпен және баланың мүддесін басшылыққа ала отырып атқаруына жағдай жасау», – деді Еділ Оспан.

Қазіргі уақытта Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында қорғаншылық пен қамқоршылық бойынша штат саны белгіленген нормативке сәйкестендірілді. Алматы қаласында 133 маман жұмыс істейтін Балалар құқықтарын қорғау орталығы құрылды. Астанадағы Психологиялық қолдау орталығы жанынан ашылған әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінде 100 маман қызмет етеді. Шымкент қаласында бүгінде осы салада 90 маман еңбек етуде, ал бір жыл бұрын бұл өңірлердегі орталықтарда бар болғаны 3-5 маман ғана жұмыс істеген еді.

Айта кетейік, семинар-тренингті ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және ЮНИСЕФ Балалар қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button