Елорда тынысы

Қорғаныс бригадасының жиыны басталды

Астаадағы аумақтық қорғаныс бригадасында әскери міндеттілердің жиыны басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде запастағы 22 офицер, 78 сержант пен қатардағы жауынгер жоспарлы әскери жиыннан өту үшін 99255 әскери бөліміне жіберілді.

Қалалық жинау пунктіне келгеннен кейін әскери міндеттілер жеке заттарын тапсырып, әскери киім-кешек алды.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Мереке Көшекбаев жиынға шақырылған азаматтар орналасқан үй-жайды тексеріп шықты. Сондай-ақ ол оқу сыныптарын аралап, ас мәзірімен танысты.

– Әскери жиындар кезінде әскери міндеттілердің орташа жалақысы сақталады. Оқу бағдарламасын жақсы меңгергендерге кезекті әскери атақтар беріледі, – деп түсіндірді қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Айдын Сағымбеков.

Шапағат Айғалиұлы 2015 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери кафедрасын бітіріп, «сапер» мамандығын алған. Қазір «Транстелеком» АҚ-да телекоммуникация маманы болып жұмыс істейді.

– Әскери жиын мемлекетке ғана емес, біздің әрқайсымызға да қажет. Кез келген уақытта Отанды қорғауға дайын болуымыз керек. Өмір бір орында тұрмайды, техника, қару-жарақ өзгеріп жатыр. Сол себепті базалық білімді жаңғыртып, жаңасын игерген артық емес, – деді запастағы лейтенант Шапағат Айғалиұлы.

Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Омар Орынбаев әскери міндеттілерге ротаны арнайы өрістету, жауынгерлік үйлестіру, объектілерді күзету мен қорғауды ұйымдастыру, диверсиялық топтарға қарсы күрес тақырыптары бойынша сабақтар өткізетінін атап өтті.

– Оқу-жаттығу жиынының мақсаты – жұмылдыру ресурстарын дайындау және қайта даярлау, әскери міндеттілердің далалық білімі мен олардың іс-қимылдарының үйлесімділігін арттыру, – деп атап өтті ол.

Әскери міндеттілердің жиыны 22 қыркүйекке дейін жалғасады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button