Басты ақпарат

ҚОРҒАНЫС ОРДАСЫ ҚОНЫС ЖАҢАРТТЫ

Ұлттық қорғаныс университеті

Астана күні мерекесі жаңадан ашылатын ғимараттарымен де айшықты. 3 шілде күні Ұлттық қорғаныс университетінің жаңа ғимараты ашылды. Бұл салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Мемлекет басшысы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушыларын, түлек­тері мен оқытушы-профессорлар құрамын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, мұнда жоғары білікті әскери мамандар даярлайтын орталық құрылуы тиіс екендігін және оқу орнында әскери ғылымды жетік меңгерген, бірнеше тілде еркін сөйлейтін білікті офицерлер тәрбиеленуі керектігін атап өтті.

Ұлттық қорғаныс университеті бұған дейін Щучинск қаласында орналасқан еді. Енді іргелі әскери оқу орнының ғи­мараты елордадан орын тепті.

Заманауи технологиямен салынып, оқу­дың инновациялық құрылғыларымен жаб­дықталған ғимаратта оқу енді талапты да күшейте түсетінін Президент айта келе, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін алға тартты.

– Қазақстан өзінің сыртқы саясатының арқасында шекараның өн бойында тыныштықты қамтамасыз етті, қуатты одақтастар тапты. Бұған қоса, біздің мемлекетімізде қуатты, қандай да ұрысқа сақадай сай армия мен Отан алдындағы парызына адал офицерлер болуы тиіс. Осындай жоғары білікті жауынгерлер даярлауға жаңа ғимараттың материалдық-техникалық базасы толыққанды жет­кілікті. Мұнда зертханалар жұмыс істеп, ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Өздерінің тәжірибесімен бөлісу үшін университетке шетелдік білікті мамандар да шақырылатын болады, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы уни­верситеттің әлі күнге әскери мамандарды оқыту мен даярлау жөніндегі нақты жоспары жоқтығын ескертіп, осы жағынан шетелдік тәжірибені ұтымды пайдалана білуге шақырды. Әрі оқу орны ұжымы жаңа ғимаратты пайдалану тұжырымдамасын да әзірлеуі тиіс.

Университет ұжымымен кездесуден кейін Елбасы оқу орнының мониторинг орталығын, оперативтік өнер кафедрасы мен кітапханасын аралап көрді. Соңында құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды.

Ұлттық қорғаныс университеті – магистратура және докторантура бағ­дарламалары бойынша стратегиялық, жедел-стратегиялық және жедел-так­тикалық басқару буындары бойынша әскери кадрлар даярлайтын бірден-бір іргелі шаңырақ. Бүгінге дейін оқу орнын бір мыңға жуық тыңдаушы бітіріп шығыпты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button