Мәдениет

«Қорқыттың» жаңа маусымы

«Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлде иегері, Гиннес рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этноансамблінің (көркемдік жетекшісі – мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек) «Бабалар аманаты» атты VІІ концерттік маусымының ашылу концерті өтті.

Ансамбль әртістерінің жартысы Дубайдағы халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне еліміздің ұлттық музыкасын насихаттауға аттанғандықтан, өнер ұжымы толық құрамда болған жоқ. Кештің мақсаты – халқымыздың тарихынан сыр шертетін әндер мен күйлерді орындай отырып, бабалар мұрасын жаңғыртып, өткеніміз бен бүгінімізді жалғастырушы жалынды жастарымыздың орындауында ұлттық аспаптардың құдіретін көрсету. Халқымыздың ән-күй өнері – сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес рухани асыл қазына. Алтайдан Атырауға дейінгі кең-байтақ даламыздың әуезді әндері мен күмбірлеген күйлері концертінде «Қорқыт» этноансамблімен бірге филармония солистері өнер көрсетті. Атап айтқанда, Еділ Құсайынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Раушан Оразбаева, халық­аралық және республикалық конкурстардың лауреаттары – Перизат Тұрарова, Мұратбек Хайролда, Әйгерім Нартүйе, Жақсыгелді Маясаров, Алуа Қалымбекова, Өзгеріс Шерікбай, Айнұр Қонысбаева, Айдос Оңғарбай және «Шалқыма» халық би ансамблі қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button