Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Қоршаған ортаға қоғам түгел жауапты

Жаһандық деңгейдегі өзекті мәселенің бірі – экология. Туған өлкенің флорасы мен фаунасын қорғау және сақтау­дың маңызы артып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарға байланысты қойған сұрақтарымызға Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия ҚОЖАБАЕВА жауап берді.

– Басқарманың функ­ционалдық міндеті қандай? Сұрақты осыдан бастасақ.

– Біздің басқарманың міндеті ауқымды. Экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуына жауап беріп, экологиялық апаттардың алдын алуға жауаптымыз. Мәселен, құрылыс учаскесінің астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ екені немесе маңызы туралы қорытынды береміз. Біздің қызметке пайдалы қазбалар жатқан аумақтарды салуға және II санаттағы объектілерге әсер етуге экологиялық рұқсат беру жатады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын беру, тіпті ағашты кесудің қажеттілігін анықтаймыз. Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялау­ға, жаңғыртуға және жоюға арналған жобалық құжаттамаға келісім беру басқарманың құзыретіне кіреді. Бұл жұмыстар ауқымды зерттеуді қажет етеді әрі аймақтың дамуында шешуші рөл атқарады.

– Осы бағыттағы қызметтің сапасына тоқталсаңыз.

– Жыл басынан бері 613 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде II санаттағы объектілерге әсер етуге экологиялық рұқсат беру 218-ге жетті. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы – 391, құрылыс учаскесінің астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоғы немесе маңызы туралы қорытындысы 4-ті құрады.

Биыл газ отынына 320 ресми такси қызметі ауысты. Қаланың коммуналдық кәсіпорынының 1200 автокөлік құралының 854-і газ-моторлы отынға көшті. Сондай-ақ газ баллонды жабдыққа 28 мың жеке автокөлік құралы ауыстырылды (2014 жылдан 2022 жылға дейін)

Мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, жемқорлық тәуекелін азайтуда саланы цифрландыру – маңызды міндет. Бүгінде elicense.kz порталы іске қосылып, тұтынушылар автоматтандырылған қызмет түрін алады.

– Қазіргі өзекті мәселенің бірі – атмосфералық ауаның ластануы. Бұған Астана қаласы бойынша сіз басқаратын мекеме жауапты. Солай ма?

– Расында, биосферада қалыпты тіршілікке қажетті жағдайды сақтау күрделеніп келеді. Әсіресе дамушы елдердегі өндіріс орындары ауаны қатты ластауда. Орманды алқаптар азайып, жер бетінде тақыр жерлер мен шөлді аумақтар пайда болуда. Бәрінен бұрын мұздықтардың көлемі азайып, трансшекаралық өзендердің суы тартылып, судың жетіспеушілігі орын ала бастады. Мұхиттар мен теңіздерде тонналап қалдық заттар қалқып жүр. Мұның бәрі экологиялық мәселені қүрделендіре түсуде.

Енді ауаның ластануына келетін болсақ, соңғы 3 жылда атмосфераны ластаушы зат 9 пайызға өскенін көруге болады. Соның ішінде ең көп үлес көлікке тиесілі. Яғни автомобиль көлігінің қозғалтқышынан шығатын қалдық газдың үлесі 53 пайызға тең. ЖЭО 31 па­йызды құрайды.

– Демек, ауаның ластануында көлік пен ЖЭО жоғары көрсеткішке ие.

– Солай! Мәселен, ЖЭО жылына 55,6 мың тонна (30,6 пайыз), көліктен жылына 55,1 мың тонна (30,3 пайыз) қалдық шығады. Автономды қазандық, өндіріс, кәсіпорын және т. б. жылына 33,4 мың тонна (18,3 пайыз), жеке сектордан жылына 37,8 мың тонна (24 пайыз) ауаны ластаушы газ шығады.

– Астана қаласындағы ­атмосфералық ауаның лас­тану деңгейі қалай?

– Елордада зауыттар көп емес. Бас қалаға табиғи газ келді. Оның үстіне, Астананың жан-жағында табиғи полис – орманды алқаптар бар. Қыста қалың қар түседі. Үнемі жел тұрып, ауа массасы алмасып тұрады. Мұның бәрі салыстыр­малы түрде атмосфераның адамға жайлы болуына әсер етеді. Қаланың атмосфералық жай-күйін бақылауды «Қаз­гидромет» РМК-ның 10 бекеті жүргізеді.

Бас қалада шамамен 1 миллион 400 мың ағаш, ал «Жасыл белдеу» аумағында 14 миллион жасыл желек өседі. 2021 жылы 1 миллион жасыл желек отырғызылды. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша отырғызылған ағаштар саны 449331 мыңға жетті

– Ауаны көп мөлшерде ластайтын көліктің саны жыл өткен сайын артып келеді. Газ келді, дегенмен ЖЭО дәстүрлі көмір жағудан әлі арылған жоқ. Атмосфераны шамадан тыс ластаудан сақтау бағытында қандай жұмыс жүргізудесіздер?

– Ауаны ластаушы заттарды азайту мақсатында бірқатар шараны қолға алдық.

Біріншіден, газдандыру (ЖЭО, жеке сектор) ісі. Бұл атмосфераға ЗВ шығарындысын жылына 39,3 мың тоннаға төмендетуге мүмкіндік береді (жеке сектордан жылына 19,3 мың тоннаға, ЖЭО-дан жылына 20,0 мың тоннаға).

Екіншіден, көліктің экологиялық таза түрін енгізуді жалғастыру. Қаланың қоғамдық көлігі ретінде электр автобустарын енгізу бойынша қанатқақты жоба іске асуда. «№1 автобус паркі» АҚ-те 661 бірлік қоғамдық көлік бар. Биыл 100 «Yutong» маркалы электроавтобус сатып алынды. Қалған 561 автобус Еуро-5 экологиялық қауіпсіздік стандартына сәйкес келеді. Қалада халықаралық сапа стандартына сәйкес келетін «FALCON M. ADI» үлгісіндегі III буынды электр автобусы бар, қазіргі заманғы жалпы­қалалық маңызы бар саябақтың құрылысы жүргізілуде.

Үшіншіден, көліктерді газға кезең-кезеңімен ауысуына басымдық беріп, ескі көлікті жаңа экологиялық машиналарға ауыстыру жүзеге асырылады (ЕУРО-5, ЕУРО-6 класты). Мәселен, биыл газ отынына 320 ресми такси қызметі ауыс­ты. Қаланың коммуналдық кәсіпорынының 1200 автокөлік құралының 854-і газ-моторлы отынға көшті. Сондай-ақ газ баллонды жабдыққа 28 мың жеке автокөлік құралы ауыс­тырылды (2014 жылдан 2022 жылға дейін).

Елордада автокөлік құралдарының экологиялық мониторингі бойынша қанатқақты жоба жүргізудеміз. Полиция департаментімен бірлескен меморандум жасадық. Төрт мобильді экологиялық пост қалаға кіруге негізделді.

Биыл 22143 көліктен шығатын газдардың уыттылығы тексерілді, жыл соңына дейін 23769 көлікті қамту жоспарда бар.

– Алдымыздағы үлкен міндеттің бірі – тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру. Онсыз қаланың тазаруы қиын. Осы бағытта қандай жұмыс бар?

– Дұрыс айтасыз, халықтың экологиялық мәдениеті қоршаған ортаның тазалығын сақтауда шешуші рөлге ие. Бұл бағытта түрлі акциялар ұйымдастырып, қала тұрғындарын белсенді қатысуға шақырамыз. 266 мыңнан аса адамды қамтыған «Бірге – таза Қазақстан!» республикалық акциясы мен «Табиғатта қоқыс жоқ!» жалпыұлттық акциясын ерекше атауға болады.

Тазалықты сақтауда тұрмыс­тық қатты заттарды тастайтын арнайы контейнерлердің болуы да маңызды. Бүгінде елордада 5000-нан астам контейнер алаңында 17 мың контейнер орналастырылды. Соның ішінде 4137 дана құрғақ заттарды жинауға арналған сары контейнер, 10190 дана дымқыл фракцияны жинауға арналған жасыл және металл контейнер, 308 дана пластик жинауға арналған сары контейнер, 648 дана құрамында сынап бар қалдықты жинауға арналған қызғылт сары контейнер, 1300 дана нан өнімінің қалдығына арналған жасыл контейнерді құрайды.

Сәуір айынан бастап елордада қанатқақты режимде халықтың нан қалдығын қайта өңдеу жобасы іске қосылды. Инвестор өз қаражаты есебінен қалада 1300 дана контейнер орнатты. Тәулігіне 1 тоннаға жуық нан қалдығын жинайды.

– Бәрекелді! Халқымызда «Ас атасы – нан» деген ұлағат бар. Кейінгі жылдары әр жерде шашылып жатқан нан өнімдерін көріп көңіліміз жылайтын. Ал тұрмыстық қатты заттарды өңдеуді жолға қашан қоямыз?

– Бұл бағыттағы жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. 2012 жылы елорда аумағында пайда болған қалдық заттарды өңдеу кешені жұмыс істейді. Оның бір жылдағы қуаты – 250 мың тоннаға жуық. Кешенде қалдықтар сұрыпталады және брикеттеледі. Онда орта есеппен тәулігіне 1000 тоннаға дейін ҚТҚ қабылдайды.

Сұрыптау процесінде пластик бөтелкелер, қара және түсті металл, пластиктің барлық түрі, полиэтилен, полипропилен, жеңіл қоқыс фракциялары, органикалық қалдықтар бөлінеді және сұрыпталады. Ал сұрыпталған заттар қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл өнім әрі қарай өңдеу үшін мамандандырылған кәсіпорындарға сатылады.

Төрт жылда елордада қайта өңделетін шикізатты сұрыптау үлесі 2,5 есеге жуық өсті (2019 жылы – 7 пайыз, 2022 жылы – 17 пайыз). Қайта өңдеуге жатпайтын заттар көму үшін полигонға шығарылады.

Қазіргі уақытта ҚТҚ полигоны 2-ұяшығының толымдылығы 1,4 млн тоннадан асады. Осыған байланысты полигонның 3-ұяшығының құрылысын жобалау жұмысы басталды.

– Тұрмыстық қатты заттардан бөлек, құрылыстан шығатын қалдықтар да бар. Оларды қалай кәдеге жаратудасыздар?

– 2021 жылы құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу және ­кәдеге жарату үлесін арттыру үшін «Солтүстік жотасы» құрылыс қалдығын қайта өңдеуге арналған алаңның құрылысы аяқталды.

Алаңда құрылыс қалдықтарын (асфальт, кірпіш, бетон және т. б.) өңдеуге арналған қуаты жылына 196000 шаршы метр ұсақтау кешені, жүктеме өлшеу кешені, ауданы 0,5 га түсіру алаңы және ауданы 7,4 га қалдықтарды жинауға арналған ұяшық орнатылды. Қазіргі уақытта алаңды ке­йіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша конкурс жүргізілуде.

– Басқарманың міндетіне кіретін аса жауапты міндеттің бірі – су ресурстарын ластанудан сақтау. Қазір өзен-көлдердің ластануымен қатар, суының тартылуы үлкен мәселеге айналды.

– Жыл сайын су ресурстарының ластануын болдырмау мақсатында Есіл өзенінде, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінде бірқатар табиғат қорғау іс-шарасын жүргіземіз. Олар: су айдынының су бетін және өзен арнасын тазарту, су қоймасының арнасы бойынша өсімдік-тамыр жамылғысын алып тастау, шөп пен қамысты шабу, Есіл өзенінің түбін тұнба шөгінділерінен тазарту жұмысы.

Қазір оттегімен қанықтыру және елорда су айдындарында балықтардың қатып қалуын болдырмау мақсатында тұншығуға қарсы іс-шаралар (аэрация) жүргізілуде.

Қазан айының басында Есіл өзенін балықтандыру шарасы қолға алынып, 100000 ақ амур және 96798 тұқы балығы жіберілді.

Су айдынына «Chlorella vulgaris SKO A RKM-0870» ­суспензиясын енгізуді қамтитын «Ақбұлақ ағынын биология­лық ремедиациялау (оңалту)» бойынша пилоттық жобаны іске қостық.

– Егер жер бетінде ауа болмаса, адам бір секунд та өмір сүре алмайтыны ақиқат. Ал ауаның тазалығын сақтауда орман алқабының маңызы зор. Мұны кез келген адам біледі. Елорданың жан-жағында орман өркен жайып келеді. Жалпы аумағы қанша?

– Бас қалада шамамен 1 миллион 400 мың ағаш, ал «Жасыл белдеу» аумағында 14 мил­лион жасыл желек өседі. 2021 жылы 1 миллион жасыл желек отырғызылды. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша отырғызылған ағаштар саны 449331 мыңға жетті.

Қазіргі уақытта елорда аумағында жасыл желектердің жай-күйін түгендеу және орман-патологиялық тексеру жұмысы жүргізілуде.

Түгендеу кезеңі аяқталғаннан кейін «Елорданы көгалдандыру тұжырымдамасын» одан әрі әзірлеу үшін «Елорданың жасыл желектер тізілімін» құру жоспарлануда.

Елорданың шеткі аумақтары – Үркер, Көктал, Интернациональный, Железнодорожныйда қоғамдық кеңістіктер салуға көңіл бөлініп, 358,4 гектарды қамтитын 3 саябақ пен 18 гүлзар салынды.

– Сіз басқарманың негізгі жұмысына зерттеу кіретінін айттыңыз. Осыны ашып беріңізші.

– Жаңа Экологиялық кодексінің ережесіне байланысты «Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын» әзірлеуді жүргізудеміз. Бұған қоса, бас қаланың 2023-2028 жылға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткішін дайындаудамыз. Ондағы мақсат – Астана қаласының қоршаған және әлеуметтік-экономикалық ортасына шаруашылық және өзге де қызметтің теріс әсерін болдырмау және азайту.

Сонымен қатар коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормасын есептеу және тұрғын үй қоры объектісінің барлық түрлеріне (қоқыс контейнерінде) коммуналдық қалдықтың түзілу және жинақталу нормасын есептеу жұмысын жүргізудеміз. Жұмыстарды орындау кестесіне сәйкес, есептеулер мен өлшеулер бір жыл ішінде (қыс, көктем, жаз, күз) жүргізіліп, 2023 жылдың соңында аяқталады.

 

 

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button