Қос кітаптың тұсауы кесілді

Жазушы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәдібек Түгелдің «Мыңбасы», «Джики» кітаптарының тұсауы кесілді. Қаламгердің 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен мәдени іс-шараға Парламент депутаттары, ақын-жазушылар, тілшілер қатысты.
«Мыңбасы», «Джики» кітаптарында қаламгердің көркем шығармалары қамтылған. Бұған дейін де «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!», «Қазанат», «Ертуған», «Бүркіт – Ұлы даланың символы», «Астана хикаялары» сияқты еңбектері арқылы ұлттық тақырыптағы зерттеулер мен көркем туындыларды оқырманға ұсынған Сәдібек шығармашылығында жылқы мәдениеті, ұлттық мұра, тарихи тұлғалар мен қазақ даласының болмысы ерекше орын алады.
– Жазушылық жолымды 5-сынып оқып жүрген кезімде бастасам, жаңа Астана менің әдеби жасампаздығыма кең жол ашты. Қолым қалт етсе жазу үстеліме қарай асығып, қаламымды алып, елордаға арналған әңгімелерім мен повестерімді, кітаптарымды жаздым. Әсіресе 2005 жылдан бері жүйелі түрде шығармашылық жұмыспен айналысып келемін. Қазірге дейін 20-дан астам кітап жазыппын. Қолжазба қалпында жазылып, дайын тұрған шығармаларым да бар. Сол жазып жүрген әдеби шығармам топтасқан екі кітап 70 жасқа жеткенде жұртпен жүздесіп отыр. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» дегендей, қалам қарымымыз жеткенінше жаздық, ал оның бағасын уақыт пен оқырман береді, – деді автор.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ