Басты ақпаратҚоғам

Қос қанат

Биыл Астана 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бүгінде сәулеті мен дәулеті жарасқан еңселі елордамыздың саяси-әлеуметтік қана емес, мәдени-рухани келбеті қалыптасты. Ал осыдан ширек ғасыр бұрын асқақ Алатаудың баурайынан ерке Есіл жағасына көшірілген астананы орнықтыру, орысы басым қаланы қазақыландыру оңай болған жоқ. Бұл іске сол кезеңдегі қала басшылығының қосқан үлесі мол. Соның бірі – ғасырлар тоғысында қаланың Мәдениет басқармасын басқарған, екі рет Астана қаласы әкімінің орынбасары болған белгілі мемлекет қайраткері, жазушы-драматург, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев.

ӨНЕРДІҢ ӨЗ АДАМЫ

Бүгінде елорда төріндегі «Астана Опера», «Астана Балет» театрларының қойылымдары халықаралық деңгейде жоғары бағасын алып жүр. Ал ақиқатын айтқанда, түбі Еуропадан тамыр тартатын бұл өнердің елордаға келуіне, өкінішке қарай, жабылып қалған Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры негізін қалап берді. Осы өнер ордасы Ермек Әмірханұлы бас қала мәдениетінің тізгінін қолына алған 2000 жылы ашылды.

Жалпы Ермек Аманшаев – өнердің өз адамы. Оның пьесалары еліміздің белді, беделді, белгілі театрларда сахналанды. Соның алғашқысы «Үзілген бесік жыры» 24 жасында жазылды. Шығарманың соңғы нүктесі Желтоқсан көтерілісінің дүмпуі басылмаған 1987 жылдың жазында қойылды. Ұрпақ мәселесі қозғалғандықтан, театрлар туындыны қабылдағысы келмеді. Сөйтіп, пьеса автордың тартпасында төрт жыл жатып қалды. Ақыры болмаған соң, Мәскеуге Жас драматургтердің бүкілодақтық фестиваліне жіберді. Аталмыш туынды 70 пьесаның арасында топ жарып, екінші орынды иеленді. Жүлделі шығармалар жайында орталық басылымдарда мақалалар жарық көрді. Соны оқыған қарашаңырақ – М.Әуезов атындағы театрдың сол кездегі бас режиссері, сахна саңлағы Әзірбайжан Мәмбетов туынды авторын шақырып алып, пьесаны осы үлкен өнер ордасында сахналады. Осылайша драматург ретінде тұсауын әйгілі Мәмбетов кесті. Сол кезеңде 28 жаста болған Ермек Аманшаев шығармасы театрда қойылған ең жас автор атанды.

Әзірбайжан Мәмбетов дарынды драматургті театрға әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметіне де қолай көріп, шақырды. Ермек Әмірханұлы сол уақытта өзі оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушы еді. Осылайша екі жұмысты қатар алып жүрді.

Астана көшелерінің қазақылануына да Ермек Аманшаевтың қосқан үлесі мол. Қазір елорда көшелерінің 95 пайызға жуығы ұлттық атауларға ие. Кейіпкеріміз сонау жылдары қаланың ономастика комиссиясын құрып, соны басқарды. Сол кезеңде бас қала көшелері Сарайшық, Сауран, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан сынды тарихи шаһарларымыз­дың, басқа да ұлттық  атауларды иеленді

Іле-шала екінші пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар және жасөспірімдер театрында қойылды. Осы өнер ордасында көрермендер «Қыр астындағы сол бір ғажайып әлем», «Балкон» атты туындыларын тамашалады. Ал драматургияға жол ашқан М.Әуезов театрында әр жылдары С.Ванустан аударған «Сұлтан болсам, мен егер», Ф.Кафкадан тәржімалаған «Құбылыс» шығармалары сахналанды. Ермек Аманшаев Д.Кобурннан қазақшалаған «Жынойнақ» пьесасына Әуезовте өзі режиссерлік етті. Бұдан басқа пьесалары М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік орыс драма театрында, Астананың және бірқатар облыстық театрларда қойылған. Былтыр ғана Түркістан музыкалық драма театры либреттосына сахналанған «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін астаналық көрермендерге ұсынды

ЖАСТАРҒА ЖАЛЫН БЕРГЕН

Талай шығармашыл жастың өнердегі жолын ашқан «Шабыт» фестивалі осы астана топырағында дүниеге келді. Бастап­қыда республикалық кейіннен халықаралық мәртебесін алған бұл фестивальдің «әкесі» алты жыл Астана қаласы әкімінің орынбасары болған көрнекті композитор Төлеген Мұхамеджанов болса, рухани шараның өріс алуына Ермек Аманшаев мол үлес қосты.

«2000 жылы Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың ұйытқы болуымен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі еліміздің әр аймағынан келген небір талантты жастардың басын қосып, дүркіреп өтетін еді-ау. Бұл фестиваль талай жастың бағын жандырып, жолын ашты десем болады. Сол жастардың ішіндегі мен де Қарағанды қаласынан келіп, «Поэзия» номинациясынан лауреат атандым… Айтайын дегенім, Төлеген Мұхамеджанов, Астана қаласы Мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы Ермек Аманшаев ағалар талантты, дарынды жастарды керемет қолдайтын еді. Талай жанға қамқор болғандарын көрдік. Сол жылы біз де жұмысқа орналасып, жатақханалы, кейін үйлі болдық» дейді ақын Рига Оңаева.

Жалпы жастарға қамқорлық дегенде, Ермек Әмірханұлының еңбегі ерек. Былтыр 15 жылдығын атап өткен астаналық «Жастар» театрының елорда төрінде құрылуына тікелей мұрындық болған – өзі. 2007 жылы Астана қаласы әкімінің орынбасары кезінде танымал театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайды шәкірттерімен бірге астанаға алдырды. Екінші рет осы қызметке тағайындалғанда аталмыш өнер ордасына ғимарат алып берді. Сатыбалды Нарымбетов, басқа да талай режиссер сұраған «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан!» пьесасын да осы театрға қиып беріп отыр. Алдағы 11-12 наурыз күндері «Жастарда» аталған драманың премьерасы өтеді. Осы туынды ағылшын тіліне аударылып, Швецияда жүлде алды. Бұл – бекер емес. «Ермек Аманшаев – Еуропаша жазатын заманауи жазушы» дейді белгілі Ресей қаламгері Георгий Пряхин.

КӨШЕЛЕРДІҢ ҚАЗАҚЫЛАНУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕС

Ермек Аманшаев «Жастар» театрынан бөлек, танымал әртіс­тердің елордаға келіп, орнығуына жағдай жасады. Мәселен, ­Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының белді әртісі, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрланов бізбен сұхбатта өзі және Ғани Құлжанов астанаға Ермек Әмірханұлының шақыруымен көшіп келгенін айтқан еді. Бұл – біз білетініміз ғана. Ал білмейтіндеріміз қаншама десеңші…

Астана көшелерінің қазақылануына да Ермек Аманшаевтың қосқан үлесі мол. Қазір елорда көшелерінің 95 пайызға жуығы ұлттық атауларға ие. Кейіпкеріміз сонау жылдары қаланың ономас­тика комиссиясын құрып, соны басқарды. Сол кезеңде бас қала көшелері Сарайшық, Сауран, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан сынды тарихи шаһарларымыздың, басқа да ұлттық  атауларды иеленді.                    

ҚАЗАҚ  КИНОСЫН ДАМЫТТЫ

Ермек Әмірханұлы мектеп жасында кинорежиссер болуды армандады. Мектептен түлеп ұшқанда да арман қуып, театр-көркемсурет институтына оқуға келді. Бірақ кеш қалып қойды. Аталмыш оқу орнына құжаттарды басқа жоғары оқу орындарына қарағанда бір ай ерте қабылдайды екен. Сосын филология факультетіне түсті. Алайда кемеліне келген шақта кино өнерінің өрлеуіне де зор үлес қосты. 2008-2014 жылдары «Қазақфильм» АҚ-тың президенті болды. «Қазақтың киносы Ермек Аманшаевтың кезінде керемет дамыды» деген еді газетімізге берген сұхбатында танымал актер Нұржұман Ықтымбаев. Сөзінің жаны бар. Сол тұста «Мұстафа Шоқай» (режиссері – Сатыбалды Нарымбетов), «Сталинге сыйлық» (Рүстем Әбдіраш), «Біржан сал» (Досхан Жолжақсынов), «Шал» (Ермек Тұрсынов) сынды ұлттық көркем фильмдер, «Қошқар мен теке» сияқты көпшілікке ұнаған анимациялық фильмдер түсірілді. Ал «Жау жүрек мың бала» фильмінің жарық көруіне тікелей өзі атсалысты. Кинотуынды режиссері Ақан Сатаевтың айтуынша, осы фильм­нің сценарий авторларының бірі де – Ермек Аманшаев. Ол бас кейіпкер Сартайдың шешуші айқасқа шығардағы сөзін жазды.

ҚОС ҚАНАТ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

Ермек Аманшаевтың мемлекеттік қызметке келгеніне отыз жылға жуықтады. Бастапқыда Министрлер кабинетінде қызмет істеді. Үкіметте, Премьер-министр кеңсесінде еңбектенді. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің комитет төрағасы болып, вице-министр қызметіне дейін өсті. Қазір – Үкіметтің Парламенттегі өкілі.

Қазақстанның Жазушылар одағымен қатар Қазақстан Театр қайраткерлері одағының да мүшесі. Осылайша мемлекеттік қызметті шығармашылықпен ұштастырып отыр. Арасында сын мақалаларын да жазып тұрады. Әлемдік тәжірибені негізге алып, ұлы Абай жайында жазған мақаласы елімізде Абай күнінің бекітілуіне ықпалы тиді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын зерттеп, оның әлемдік ағым экзестенциализмнің негізін қалаушылардың бірі екеніне көз жеткізді. «Осыны әлемдік әдеби қауымға жеткізу керек» дейді бұл жөнінде. «Мен Абайды әке дер ем», «М.Әуезов» деректі фильмдердің де авторы.

Бүгінде алпыс дейтін асуға келіп жатқан көрнекті қаламгерге ел үшін әлі де қызмет етуді, шығармашылық табыстар тілейміз!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button