Руханият

ҚОС ҚАНАТТЫ АҚЫН

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын медаль сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің 70 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Игілікті шара аясында  қарымды қаламгердің «Ақынның Қыдыр атамен сыр – сұхбаты» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Шөмішбай Сариев – қазақ поэзиясына өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың соңына таман буырқанып келген бір буынның белді өкілі саналады. Алғашқы өлеңдер топтамасына  абыз ақын Әбділда Тәжібаев батасын беріп, сәт-сапар тілеген. Содан басталған ақындық жол арналы айдынға ұласып, өлеңдегі ерен жүйріктердің біріне айналды.

Жиынды аталған кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызы ашып, ақынға ілтипатын жеткізді.  Одан кейін Шөмішбай ағамыз өзінің өмір жолында кездескен, қамқорлық көрсеткен – Әбділда Тәжібаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев секілді ақындықтың ақ туын желбіреткен ардақты ағалары туралы тебіреніп сөйледі. Олардың рухына бас иіп, тағзым жасады. Жалпы, Сариевті халқымыз өте жақсы біледі. Оның көптеген жыр жинақтарынан бөлек, қалың қазақ аузынан тастамай айтып жүретін бірталай әндерге сөз жазған ақын.  Әсіресе, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев екеуінің арасындағы шығармашылық байланыстың нәтижесінде қаншама ғажайып әндер дүниеге келді. Бүгінгі эстрада да орындалып жүрген сазының татымы бар әндердің сөзі де осы ағамыздың қаламынан туған. Сондықтан болар, қара өлеңнің жүйрігі Ғафу Қайырбеков оны «Қос қанатты ақын» деп бағалаған. Сондай-ақ, шара барысында академик Сейіт Қасқабасов, композитор Мұрат Құсайынов, ақын Қонысбай Әбілов, жазушы Қуаныш Жиенбай кеш иесіне ізгі лебіздерін білдірді. Серік Тұрғынбекұлы  арнау өлең оқыса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Бақытбек Смағұл «Бауыржан Момышұлы төсбелгісін» табыс етті. Көрнекті композитор Төлеген Мұхамеджанов арқалы ақынның сөздеріне жазылған әндерін орындады.

Қысқасы,  жоталы жетпіске толған ақынның кеші ән мен жырдан өріліп, өнегелі әңгімеге толы болды.

                                                                               Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button