Мәдениет

Қос қанаты – суретшілік пен журналистика

Жанұзақ аға Мүсәпірді бастапқыда тележурналист ретінде таныдым. Осыдан он жылдай бұрын елордаға көшетін болып, алдын ала жұмыс іздедім. Жанұзақ Керімбекұлы сол уақытта «Қазақстан» ұлттық арнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры екен. Кейіннен Жанұзақ ағаның тележурналист қана емес, қылқалам шебері екенін білдім.

[smartslider3 slider=463]

Бірнеше шығармашылық одақтың мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір асқаралы алпыс жастың төріне шығып отыр. Жер жәннаты – Жетісу өңірінде дүниеге келген ол әсем табиғат аясында өсіп, өнерге құштарлықты топырағынан сіңірді. Ата-ана тәрбиесі де суретші болып қалыптасуына үлкен ықпалын тигізді. Кішкентайынан қолөнерге баулып, ағаштан ою ойып, таспа тілуді, тері өңдеуді үйретті.
Абай атындағы педагогикалық институттың көркемсурет факультетін бітіргеннен кейін мұғалім, мектеп директоры болды. Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-кескіндеме институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академия­сы) оқытушы және «Қазақфильм» киностудиясында суретші-режиссер болып еңбектенді.
Ал тележурналистикадағы жолы «Алматы» және «Рахат» телеарналарынан басталды. Осы телеарналарда 14 жыл жұмыс істеді. Одан соң «Хабар», «Қазақстан», «Мәдениет», «Білім және мәдениет» телеарналарында жемісті жалғасты. Қазір де тележурналистикадан қол үзген жоқ, «Абай» телеарнасында «Құдіретті қылқалам» атты суретшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған бағдарламаны жүргізеді.
«Суретшілік пен журналистика – менің қос қанатым» дейді Жанұзақ Керімбекұлы. «…Жақсы суретші болу үшін құмның ішінде туу немесе өсу, ең болмаса оны жиі көріп тұру керек. Жаркенттің құмы Әбілхан Қастеевке небір өрнекті көрсетсе керек. Қызылқұмның сағымы мен шексіздігі Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбаев бастаған бір топ суретшіге тән. Марқұм Сәкен Ғұмаровтың әрбір суретінің астарында, арнайы салынбаса да, Нарынның құмы айшықталып жататын. Қапшағайдың маңындағы шағылдан Алпысбай Қазығұл шыққандай. Құмды өлкеден көкейге көп суретті түйгеннің бірі – біздің кейіпкеріміз Жанұзақ Керімбекұлы. Оның туған өңірі – Балқаш көлінің Алатау жақ беті. Жағырапия бойынша Жетісуға жатқанмен, ауылынан әрі қарай құмды алқап басталады…» деп жазды бірнеше жыл бұрын Жанұзақ Мүсәпірдің бір көрмесінен әсерленген белгілі публицист Қайнар Олжай.
Жанұзақ Керімбекұлының туындыларында табиғат көріністері этнографиямен астасып жатады. Қазақтың ежелден жалғасып келе жатқан тұрмысы, салт-дәстүрлері көрініс табады. Суреттердің «Көкпар», «Келі түйген қыз», «Құрт жайған келіншектер», «Диірмен тартқан келіншек» сынды атаулары да соны айтып тұр. Оның картиналары елімізден бөлек Ресей, Германия, Қытай, Польша және басқа да мемлекеттердің жеке коллекцияларында сақталған.
Суретші бейнелеу өнерінің түрлі жанрларын игерген. Соның ішінде портретті де келістіріп салады. Көпшілік оның Балуан Шолақ портретіне тәнті болып жүр. Осы картинаны саларда атақты халық композиторы мен балуанның ұрпағымен кездесіп, соның кескінін, кітаптардағы келбетін туындысына көшіреді. Айтпақшы, Балуан Шолақ жайлы деректі фильм түсіргені де бар. Бір мұның ғана емес, бірнеше деректі туындының авторы. Иә, қылқалам шеберінің тағы бір қыры – режиссерлік.
Осыдан бір айдай бұрын Алматыда суретшінің «Құдіретім – қылқалам» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл көрмені ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Жолбарыс би Жылқайдарұлының 350 жылдығына, Көркемсурет академиясының 15 жылдығына және өзінің 60 жас мерейтойына арнады. Биыл шығармашылығына да 40 жыл толып отыр. Осындай көрмесі елордада қашан болады деп елеңдеп жүрміз. Жанұзақ Мүсәпір бірнеше жыл елорданың Суретшілер одағын басқарды. Сондықтан одақ бас қалада көрмесін өткізбеу мүмкін емес. Ендеше көрмеңізде кездескенше, Жанұзақ аға! Асқаралы алпысыңыз құтты болсын!
 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button