Жаңалықтар

«Қос жауынгер» тұғырға қайта қонды

DSC_5802

9 мамырда барша қазақстандықтармен бірге елорда халқы да Ұлы Жеңістің 70 жылдығын кеңінен атап өтті. Әсіресе, аймақтардан келген бес жүзге тарта соғыс ардагері мен  тың еңбеккері, жеті мыңдай астаналық майдан даласында көз жұмған ерлерге тағзым етіп, салтанатты шеруге шықты.

Мерекелік іс-шара Жеңіс даңғылындағы қайтадан жаңартылған «Қос жауынгер» ескерткішінің ашылуымен басталды.
– Адамзатқа орасан зор қауіп төндірген фашизмді жеңуге сіздердің әрқайсыларыңыз да өзіндік үлес қостыңыздар. Бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай бейбіт күн үшін, кейінгі ұрпақтың бақыты үшін «мұз жастанып, қар жамылған» сіздерге, ардақты соғыс ардагерлері, біз мәңгілік қарыздармыз. Жандарыңыз жамандық көрмей, бейбіт күннің шуағына бөлене беріңіздер! – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ескерткішті ашарда сөйлеген сөзінде.
Дәл сол сәтте «Қос жауынгер» ескерткіші жанынан «Жеңіс жолымен» атты жастар акциясы бастау алып, ол Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға дейін жалғасты. Мұның да өзіндік себебі бар еді. Өйткені, 1941 жылы ақмолалық жас жігіттер мен қыздар майданға осы көшенің бойынан аттанып, 1945 жылы жеңісті осы көшенің бойында тойлаған болатын.
Ерлік қашан да ұрпаққа – ұран, елге – мұра. Осыны жақсы түсінген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің үрмелі аспаптар оркестрі мен әскери барабаншылар тобының қошеметтеуімен акцияға қатысушылар Жеңіс даңғылымен жүріп өтті. Айту керек, олардың қатарында соғыс ардагерлерінің ұрпақтарынан жасақталған «Мәңгілік полк» өкілдері де болды. Олар қолдарына өздерінің майдангер аталары мен әкелерінің портреттерін ұстап шықты.
Мақсаты ұлы тарихымызды ұлықтау, соғыс жылдарында жанқиярлықпен отанымызды жаудан қорғап қалған ардагерлердің есімін ел есінде жаңғырту болған шеру соңында мерекелік концерт, соғыс техникасының көрмесі ұйымдастырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button