Айтпайын-ақ деп едім!

Қосақ арасында кетпесін

Соңғы кездері елімізде қос азаматтық мәселесі жиі айтыла бастады. Яғни қос елдің азаматы болуға рұқсат етілмейтін елімізде қос азаматтығы барлар қатаң жазаланады, керек десеңіз, азаматтықтан айырып, елден шығару, айып салу жағы да қарас­тырылған. Дұрыс, әрине. Бұл – «қайсы елдің тарысы піссе, сол елдің тауығы болғысы» келетіндерге тосқауыл қоюдың өтімді тәсілі. Екінші тұрғыдан алғанда, мемлекет қауіпсіздігіне де саятын маңызды мәселе. 

Қазір Қазақстанға шетелден келіп жатқан қандастар аз емес. 30 жылда 1,5 миллион қазақ атажұртқа оралды. Бұлардың арасында көшіп келген елінің азаматтығынан шығып, көші-қон жолымен келіп жатқаны аз, көбі жеке сапармен келіп азаматтық алады.

Соңғы кездері Қытай билігі Қытай азаматтығынан шығуды қиындатып жіберді де, мұның әсері Қытайдан көшіп келген қандастарымызға тиді. Атап айт­қанда, Қытайдан көшіп келген қандастардың арасында ҚР азаматтығын алғанмен, Қытайдағы тіркеуден шыға алмай, Қытай паспортын қидыра алмай жүрген отандастарымыз аз емес. Тәртіп бойынша олар ҚР азаматтығын алғаннан кейін жеке куәлігі мен паспортының көшірмесін және Қытайдағы жеке куәлігін өзі тіркеуде тұрған жерге жіберіп, тіркеуден шығаруды өтініш етеді, олар жоғарыдағы құжаттармен қатар, Қазақстанда қай қала, қай аудан, қайсы көше, нешінші нөмірлі пәтерде тұратынына дейін жазғызып, телефон нөміріңді қоса беруіңді талап етеді. Осылайша ҚР азаматтарының барлық мәліметін алғаннан кейін, бұл азаматтың Қытайдағы барлық жағдайын тексеріп барып тіркеуден шығарады. Тіркеуден шыққаны туралы анықтама алғаннан кейін, сол анықтаманы қосып, Қытай паспортын Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне тапсырып, паспорттың жойылғаны жөнінде анықтама алғаннан кейін барып Қытай азаматтығынан толыққанды шыққан болып есептеледі. Алайда қазір Қазақстан азаматтығын алғанына 5-6 жыл болса да, ҚХР азаматтығынан құтыла алмай жүрген отандастарымыз да баршылық. Олар жоғарыдағы талап бойынша азаматтықтан шығу жөнінде өтініш бергенмен, Қытай тарапы түрлі сылтаумен оларды тіркеуден шығармай, паспортын жоймай, қинап отыр. Керек десеңіз, бұл әлдекімдердің бизнесіне айналып та үлгерді. Ақша берсең көз алдыңда қиқалап қиып, бермесең сол қалпында қалдырады. Олар Қазақстан азаматы ретінде бұл жағдайды құзырлы органдарға сан мәрте құлаққағыс қылса да, «ол біздің құзыретімізге жатпайды, Қытайдың ішкі сая­саты» деп жалтарумен келеді. Олардың қазір ҚР азаматтығын алғанын, Қазақстан азаматы екенін ескермейді. Ендеше осы мәселені ескермеген билік бір күні Қытайдан келген қандастарымызды да «екі елдің азаматы екенсің» деп жоқ жерден сылтау тауып, шырылдатпасына кім кепіл?! Демек, қос азаматтыққа тосқауыл қоямыз десек, осы мәселеге де назар аударған дұрыс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button