Әлеумет

Қош бол, қоян, көргенше!

Қоян жылы қыр асқалы тұр.
Жасыратыны жоқ, тарих еншiсiндегi бұл жануарға тиесiлi талай жыл атышулы оқиғаларымен есте қалыпты. Тiзiп жатудың қажетi шамалы.
2011 жыл елiмiз үшiн де, елордамыз үшiн де жемiстi, жеңiстi жыл болды.
Қол бұлғап, қош айтысып бара жатқан қоян жылы Астана жылнамасында нендей жаңалығымен қалды?
Айталық…
«Қоянның» аяғы құт болды. Былтыр Жаңа жылдың алғашқы онкүндiгiнде, дәлiрек айтсақ, наурыздың отызыншы жұлдызында Астананың ТМД және ЕурАзЭҚ елдерiнiң «Үздiк қаласы» атанғаны жөнiндегi ақжолтай хабар жеттi.
Жер шарының 81 шаһары қатысқан III Халықаралық көрiнiс-байқауында Астананың аты озып келдi.
Күздiгүнi Халықаралық астаналар мен iрi қалалар байқауының қорытындысы бойынша тағы да тура осындай марапатқа ие болдық.
Ол аз десеңiз, қоян жылы Астананың «түркi әлемiнiң мәдени астанасы» атанған жылы болып тарихқа ендi.
Қазақ елiнiң бас қаласы бүкiл түркi жұртының мәдени астанасы атанды.
Алыс-жақын аймақтан келген түбi бiр түркi бауырларымыз елорда төрiнде достық пен туыстық шеруiн құрып, айтулы жылдың шымылдығын түрдi.
Астана бүгiнде «ақылды қалаға» айналып келедi.
Ақылды қала болудың алғышарттары қоян жылында жүзеге асырылды.
Аты айтып тұрғандай, өмiр сүруге қолайлы, экономикалық, экологиялық жағынан тиiмдi қалалардың қатарына қосылу үшiн өткен жылы елордада «Smart Astana» жобасы аясында «Е-жедел жәрдем», «Болашақтың мектебi –бүгiн» инновациялық жобалары iске қосылды.
«Ақылды қаланың» бүгiнгi аяқ алысына әлем көз тiгiп отыр. Салыстырып көрiңiз, 2001 жылы «Астана» сөзiне қатысты мәлiметтер интернет желiсiнде небәрi 400 мың рет терiлiп iзделсе, 2011 жылы бұл көрсеткiш 8 миллионнан асыпты.
Қоян жылында Астанада ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған төрткүл дүние көзiн тiккен дүбiрлi той өттi. Бiр жыл iшiнде қаланың мерейтойына қатысты 260-тай мәдени iс-шаралар өткiзiлiптi.
Былтыр елорда бюджетi бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейдi бағындырды. Қаланың жалпы iшкi өнiмi 8 пайызға өсiп, 1 трлн 900 млрд теңгеге жеттi. Өнеркәсiп өнiмi 164 млрд теңгенi құрады. Инвестиция 35 пайызға өсiп, 570 млрд теңге мөлшерiнде болды. Орташа жалақы мөлшерi 124 мың теңгенi құрады.
2011 жылы шағын және орта бизнестiң белсендi субъектiлерiнiң саны 16%-ға өсiп, 40 мыңнан асты. Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдаудың нәти-жесiнде, өткен жылы 886 млрд теңгенiң өнiмi өндiрiлiптi.
Астана қаласында экономикалық және инвестициялық форумдар өткен алаңдарда инвесторлар мен қала жобаларын жүзеге асыру туралы 11 меморандумға қол қойылды. Астанада индустриалдық-инновациялық даму бойынша 50 инвестициялық жобаның жұмысы жолға қойылды. Ендi жыл сайын 40 млрд теңгенiң өнiмдерi өндiрiледi деп көзделiп отыр. Бұл – қалада мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының «Өз iсiмен шұғылданатындар, жұмыссыз және тұрмысы нашар тұрғындарды оқыту және жұмысқа орналастыру» атты бiрiншi кезеңiн iске асыру басталды. Мамандығы жоқ азаматтарды кәсiби даярлықтан өткiзу бойынша 24 оқу орнының базасында 57 мамандық бойынша оқуға шамамен 3200 адам жiберiлдi. Үш мыңнан аса адам жұмысқа қабылданды.
Қоян жылы 156 мың шаршы метрлiк 3192 пәтер берiлдi. Тұтастай алғанда, 1 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй салыныпты.
Бұдан бөлек, «Салтанат қақпасы», «Оқушылар сарайы», «Медиа-орталық», «Республикалық «Жас ұлан» мектебi», Республикалық кардиологиялық орталық» сияқты нысандар астаналықтарға айқара есiгiн ашты.
Қоян жылының көктемiнде қала басшылығы қолға алған Жеңiс даңғылының жөндеу жұмыстары жүйелi атқарылды. Ұзындығы 3,386 шақырымды құрайтын Жеңiс даңғылын қайта жөндеу жұмыстары ба-рысында 4 407 метр тұрмыстық, 8 384 метр кәрiз және 4 178 метр теле-фон желiсi ауыстырылды.
Тұтастай алғанда, қалада шамамен 110 км автомобиль жолы салынып, жөндеуден өткiзiлдi. Жалпы ұзындығы 135 км-ге жететiн инженерлiк желi салынды. 16 км жылу трассасы, 42 км су құбыры, 47 км кәрiз жүйесiмен 29 км нөсер жылғалары тартылды.
«Жапон жобасы» деп аталатын қаланы сумен жабдықтау және кәрiздеу жө-нiндегi ауқымды жұмысы аяқталды.
№1 аурухананың 500 орындық жаңа ғимараты қолданысқа берiлдi. 180 мыңнан аса скринингтiк зерттеулер жүргiзiлiп, нәтижесiнде көптеген аурулар ерте сатысында анықталды. Онкологиялық дерттiң деңгейi 11,02 пайызға азайды.
Бiр жыл iшiнде қалада 19 мыңнан астам сәби дүниеге келдi.
«Бiр тал кессең, он тал ек» қағидасын ұстанған қалалықтар бiр жыл iшiнде шамамен 40 мыңдай ағаш және 72 мыңдай тал-шiлiк отырғызыпты. Жаз мезгiлiнде 9 млн түп гүл егiлдi. Бұл үрдiс ұлу жылында да жалғасын табары анық.
Елорданың мәдени өмiрiнде де маңызды iстер атқарылып жатыр. Екi театрға «академиялық» деген атақ берiлдi. 14 облыс пен Алматы қаласының делегациялары Сарыарқа төсiне ат арылтып келiп, ауыл шаруашылық жәрмеңкелерiн өткiздi.
Бiз келтiрген бұл деректер мен дәйектер – жыл бойына жүргiзiлген iстердiң бiр парасы ғана.
Байқаймыз, қоян жылында билiк тарапынан қолға алған бастама, атқа-рылған шаруа аз болмағанға ұқсайды. Құлаш-құлаш жазбаға арқау болар түрi бар. Ең бастысы, жыл жаман өткен жоқ.
Осынау оқиғалардың куәсi болған қоян жылы елорда тарихындағы алдағы болар ұлы iстердi ұлу жылына аманаттап, тарих қойнауына енiп барады.
Қош бол, қоян, көргенше!
Төрлет, Ұлу жылы!

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button