Қоғам

 «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасы өтті

Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейінде бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған бұл шараның басты мақсаты – Наурыз мейрамының маңызын ұлықтап, жас ұрпақтың бойына халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарын сіңіру, ұмыт бола бастаған дәстүрлерді жаңғырту.

Іс-шара барысында 1-4 сынып оқушылары қазақ халқының бай мұрасынан сыр шертетін түрлі дәстүрлерді көрсетті. Олардың ішінде сүйінші сұрау, бата беру, шілдехана, ат қою, бесікке салу, қыз қуу, ашамайға отырғызу сияқты рәсімдер орындалды. Әр дәстүрдің мән-мағынасы түсіндіріліп, көріністер арқылы сахналанды. Әсіресе, 2 «Ж» сыныбы ұмыт бола бастаған «Ерулік» дәстүрін жаңғыртып, көпшілікке ұсынды.

Сонымен қатар, ұлттық ойындар да іс-шараның көркін қыздырды. «Асық ату», «Қол күрес», «Бес тас», «Қазақша күрес», «Арқан тарту», «Бәйге», «Қыз қуу» ойындары оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Әсіресе, «Қазақша күрес» сайысында балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, тартысты ойын өрбіді.

Мерекелік жиын мектеп оқушыларының ұлттық әндер мен билерден құралған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Халық әндері шырқалып, ұлттық би биленіп, нағыз Наурыз мерекесінің сәні мен салтанаты сезілді. Іс-шараның қорытындысы ретінде барлық сынып оқушылары «Наурыз – көктем» әнін бірге орындап, мерекелік шараны жоғары көңіл күймен аяқтады.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен бұл іс-шара оқушыларға ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді үйретіп қана қоймай, оларды өз елінің салт-дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиеледі. Наурыз мерекесі – жаңару мен жақсылықтың жаршысы, татулық пен бірліктің мерекесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Шапағат Әбдір

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button