Қошқарбаевтың ерлігі дәріптелді
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жоғары колледжінде «Халық қаһарманы» Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Рухы биік хас батыр» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған университеттегі әскери кафедраның оқытушылары, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батырдың өмір жолын зерттеген студенттер, мамандар мен журналистер қатысты.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының бастығы, генерал-майор Еділ Оразов конференцияға қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
– Бұл жыл – Қарулы күштер үшін де, жалпы ел үшін де айтулы жыл. Мамыр айында біз Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», армияның тұңғыш Қорғаныс министрі, генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойын атап өттік. Енді біз «Халық қаһарманы» Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өткізіп жатырмыз. Жиын жылдар бойы Рахымжан Қошқарбаевтың жауынгерлік жолын зерттегендердің баяндамасымен қызық. Жастар батырларымыздың ерлігі туралы білуі және ол жайлы естелікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі қажет, – деп атап өтті Е.Оразов.
Көп жыл бойы Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі мойындалмады. 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы оған 1999 жылы қайтыс болғаннан кейін ғана берілді.
– Біз Рахымжан Қошқарбаевтың қандай қиындықтар мен сынақтардан өткенін білдік. Университеттің әскери кафедрасында оқып, әскери журналист мамандығын алып шығамын. Құрдастарыма Рахымжан Қошқарбаев сынды тарихи тұлғалардың мұрасын зерттеуге кеңес беремін. Біз үшін ол – батылдық пен төзімділіктің үлгісі. Одан үлгі-өнеге алу керек, – деді әскери кафедраның 2-курс студенті Ерасыл Срайылов.
Конференцияда Рахымжан Қошқарбаевтың өмір жолы, соғыс жылдары және оның бейбіт уақыттағы қызметі туралы баяндамалар тыңдалды. Ол туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанболат Аупбаев өз естелігін айтты. Батырдың немересі Дәурен Қошқарбаев сөз сөйледі. Іс-шараға арнайы тақырыптық фотокөрме дайындалды.
Олжас Сүлейменов