Қала мен Сала

Қосшы – елорда сыңары

Астана миллион тұрғыны бар іргелі мегаполиске айналды. Елорданың өсіп-өркендеуімен бірге онымен іргелес қоныстар да дамудың жолына түсті. Соның бірі – Қосшы қаласы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл бұрын Қосшыға «облыстық маңызы бар қала» мәртебесін беруге пәрмен берді. Бұл жаңалыққа жергілікті тұрғынның бір бөлігі қуанса, қалғаны көңілсіз қабылдады. Өйткені екінші тілектегілер бас қалаға қосылуға үмітті еді. Қалай болғанда да, Есілдің бойында бой көтерген Астана қаласы болмаса, спутник-қала – Қосшының мәртебесі өсіп, халқының саны артар ма еді?!

Бүгінде шағын қаланың тұрғындары Қосшы мен Астананың арасын қысқартып, қатынап жұмыс істейді. Содан болар, жыл өткен сайын халқының саны артып, 51 мыңнан асты. Бұл – ресми дерек. Ал бейресми дерек бойынша 70 мыңға жуық халық тұрады. Сенесіздер ме, 25 жылда Қосшы қонысының халқы 30 есеге көбейді. Ел аумағында дәл мұндай космостық деңгейде халқы көбейген бірде-бір елді мекен жоқ. Қазір онда шығыстың да, батыстың да, оңтүстіктің де, солтүстіктің де тұрғындары араласып, тату-тәтті өмір сүруде.

Адам саны көбейген жерде сұраныс артады. Сұраныс сервистік қызмет сапасын жақсартуды талап етеді. Мұның бәрі кәсіпкерлік саласына екпін беретіні анық.

Статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қосшы қаласында кәсіпкерлік субъекті саны – 2134. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 151,5 пайыз­ға артқанын көрсетеді. Кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2802 адамға жетті. Әрине, үлкен көрсеткіш болмағанмен, орта және шағын бизнес саласында ілгерілеу бар.

Дала өміріне бейімделіп, үйіргелік шаруашылық жүргізуге ниетті адамдар қаз-қатар бой көтерген көпқабатты үйлерімен мақтанатын қалаларға қарағанда емін-еркін жүріп тұратын шағын қоныстарды таңдайтыны анық. Астананың іргесіндегі Қоянды мен Қосшыны осыған мысал етуге болады.

Шынында, қосшылықтар ауыл шаруашылығы саласында іргелі істерге ұйытқы бола бастады. 2022 жылдың 1 қыркүйегіне ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 7,6 миллион теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы 7,5 миллион теңгеге жетсе, қалғаны өсімдік шаруашылығына тиесілі. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің НКИ 132,1 пайызды құрады.

Солтүстік өңірлерде «елді мекен» статусынан айырылған ауылдар саны көбейді. Оның басты себебі – мектептер жабылуда. Сөйтсек, білім ордасы елді мекеннің тынысы, келбеті, келешегі екен ғой. Ал Қосшыда қайта жаңа мектептер салуға сұраныс жоғары. Бүгінде қалада жобалық қуаты 3036 орынды қамтитын 4 мектеп (үш мемлекеттік, бір жеке мектеп) жұмыс істесе, ондағы оқушылар саны – 8742. Жаңа оқу жылының басында №3 мектеп есігін ашты.

Мемлекеттік қаражат есебінен 1200 орынға шақталған 2 мектептің құрылысы және жеке инвестиция есебінен 1500 орынға арналған мектеп салынуда. Бұл мектепке деген қажеттілікті шешуі тиіс.

Қосшыдағы ең үлкен қажеттіліктің бірі – ауылішілік жолдарды уақыт талабына сай ету, яғни асфальттауға қарқын беру. Қалада жалпы ұзындығы 180 шақырым құрайтын көше бар. Оның 30 шақырымына асфальт төселді. Қала басшылығы алдағы уақытта жол инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық беріп отырғанын айтты.

Қазір халықтың сапалы өмір сүруге деген сұранысы артты. Мұнымен қоса, талап-тілегі көбейді. Соның бастысы – шағын қаланың перспективасын толық есептеп, жаңа қазандық салып, жеке өрт сөндіру бөлімі және әкімдік жанынан коммуналдық шаруашылықты құрудың қажеттілігі.

Астана елдің саяси орталығы, бас қаласы болса, оның қосшысы әрі сыңары – Қосшы қаласы. Олай болса Қосшы атына сай өркендеуі тиіс.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button