Жаңалықтар

Қосымша біліммен қалай қамтылған?

2021-2022 оқу жылында елорда мектептерінде 205 мың оқушы оқып жатыр. Жыл сайын бас қаланың орта білім беру орындарына көші-қон есебінен 5 мыңға жуық бала жаңадан келеді. Ал қосымша біліммен 30 мыңнан астам оқушы қамтылған. Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында осыны баяндаған қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова қосымша білімнің маңызы артқанын жеткізді.

[smartslider3 slider=699]

– Балалар үйірмелері мен секциялары желісін дамыту және қызметін жандандыру бойынша елордалық білім беру жүйесі бірқатар шараларды қабылдады. Бүгінгі күні қосымша біліммен қамтылған 15800 бала немесе оқушылардың 11 пайызы әлеуметтік осал топтарынан шыққан. Олар және жетім балалар мен ерекше қажеттілігі бар балалар үйірмелер мен секцияларға жеңілдікпен барады, – деді Р.Иманғазинова.

Оның айтуынша, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Аяла» жобасы жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба робототехника, вокал, бейнелеу өнері, каратэ, математика, суда жүзу, ерте жастан басталатын музыкалық білім, домбыра бағыттарын қамтиды. Сондай-ақ осы топтағы балалар «Артишок» шығармашылық шеберханасы мен «Хамелеон» театр әлеміне қатыса алады.

Осы жылы 1-10 сынып оқушыларына жазғы демалыс бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылғанын айтқан баяндамашы балалар Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы «Боровичок» және «Арман» лагерьлерінде демалғанын жеткізді. Жазғы лагерьлер 1 мың оқушыны қамтыды. Бурабай ауданындағы «Балдәурен» республикалық емдеу-сауықтыру орталығына 146 бала, «Балдәурен-Қапшағай-Алматы» орталығына 76 бала, «Балдәурен-Балқаш» орталығына 100 бала барды. «Бөбек» ұлттық-ғылыми практикалық емдеу-сауықтыру орталығында 15 оқушы болды.

Оның сөзінше, биылғы жазда тұңғыш рет политехникалық және сервис пен туризм колледждерінде кәсіби бағдарлау жұмысы жүргізілді. Спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру сипаттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді. Қыркүйек айына дейінгі көрсеткіш бойынша оқушылардың 41 пайызы спорттық секцияларға барады.

– 2020 жылы қаланың әр ауданында тұңғыш мәрте дене даярлығының балалар-жасөспірімдер клубтары ашылды. Онда 1 мың бала қамтылды. Қаладағы 92 мектепте ашық аспан астындағы көпфункционалды спорт алаңдары жұмыс істейді. Ал футбол алаңы 88 мектепте, баскетбол алаңы 71 мектепте, волейбол алаңы 67 мектепте, стационарлы хоккей корттары 8 мектепте, теннис корттары 10 мектепте бар. Бұған қоса, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық ғимараттар жалға алынады, – деді Р. Иманғазинова.

Былтыр қосымша біліммен көбірек оқушыны қамту мақсатында «Арқа алаң» ұлттық спорт түрлері орталығы ашылғанын айтқан баяндамашы онда балалар ақысыз негізде спорттық секцияларға баратынын жеткізді. Атап айтқанда, орталықта қазақ күресі, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, шахмат секциялары жұмыс істейді. Оған тегін 600-ден астам бала қатысады. Ал «Арт тұмар» атты декоративті-қолданбалы өнер орталығында балалар ұлттық қолөнерді, тігіншілікті, ағаш пен темірді, тері мен балшықты өңдеуді үйренеді. Онда 300-ден аса оқушы қамтылған.

Өткен жылы «Техәлем» атты техникалық шығармашылық орталығының филиалы ашылғанын, бұл да осы саладағы бір жетістік саналатынын айтқан баяндамашы аталмыш филиал 250 орынға арналғанын жеткізді. Бұл – қала шетіндегі «Железнодорожный» тұрғын алабындағы жеке тұрған қос қабатты ғимарат. Бұрын осы нысан ІІМ милиция мектебінің ғимараты болды. Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу өткізілді. Сондай-ақ биыл тұңғыш рет «Жас тарлан» атты әскери-патриоттық орталық ашу жоспарланды. Оған аптасына 450-500 оқушы барады деп болжанып отыр. Нұсқаушылардың штаты қарастырылған.

– Жобаны жүзеге асыру шеңберінде қала әкімдігі орталыққа №43 орта мектептің бұрынғы ғимаратын беріп отыр. Нысан «Мичурин» тұрғын алабында орын тепкен. «Шығыс» балалар-жасөспірімдер орталығының күшімен ағымдағы жөндеу мен абаттандыру жүргізілді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, қаладағы 50 мектепте «Алтын тұлпар» жобасы басталды. Бұл жоба ұлттық ойындар мен өнерді насихаттауға бағытталған. Бұған 7 мыңнан аса бала қатысып жатыр. М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайын жаңғыртудың арқасында қолданбалы өнер, әлеуметтік шығармашылық, шахмат, тоғызқұмалақ, лингвистика, домбыра, 3D анимация, коммюнити кабинеттері, видеография шеберханасы ашылды.

Сарыарқа ауданы тұрғындарының өтініштері мен пікірлерін ескеріп, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы мен «Шығыс» балалар-жасөспірімдер орталығының филиалдарын ашу туралы шешім шығарылды. Бұл филиалдарда сұранысқа ие болып отырған вокал, домбыра, бейнелеу өнері, хореография, дизайн бағыттарындағы үйірмелер жұмыс істейтін болады. Оларда 400 оқушыны қамту жоспарланған. Туризм және өлкетанудың балалар-жасөспірімдер орталығын жаңғырту мақсатында жоба әзірленді. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, танымдық, ғылыми белсенділігін арттыру мақсатында әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында базасында «Таным» атты креативті технологиялар орталығы ашылды. Бұл орталық 1 мың оқушыны қамтиды.

– Оқушылардың танымдық белсенділігін, шығармашылық және жеке қабілеттерін дамыту үшін осы жылдың қыркүйегінде «қосымша білім орталығы» мектебі ашылды. Бұрын мұндай мектеп қалада болған жоқ. Бірақ қолға алынған шараларға қарамастан, балаларды қосымша біліммен қамтудан әлі де қиындықтар бар. Мұны шешу үшін қосымша мемлекеттік тапсырысты орналастыру керек. Бұл жұмыс 2025 жылға қарай қосымша біліммен тағы 7 мың баланы қамтуға мүмкіндік береді, – деді Р.Иманғазинова.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button