Басты ақпарат

Қосымша қаржы қай жұмыстарға керек?

Осы аптада Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының тұрақты комиссиялары елорданың 2022 жылға арналған бюджетін нақтылауды бастады. Алғашқы болып Полиция департаменті, қала әкімі аппараты, Ішкі саясат, Жастар саясаты мәселелері, Дін істері басқармаларының өтінімдері тыңдалды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. 

[smartslider3 slider=2690]

– Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық қамту жеткіліксіз болып отырғанын атап өтіп, олардың қажеттіліктерін 100 пайыз жабуды тапсыр­ды. Оның алдында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты депутаттарының ұсыныстарын есепке алып, қала әкімдігімен бірге қылмыспен күреске, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған шаралар жоспарын әзірледік. 2022-2024 жылдарға арналған бұл жоспар өткен жылдың 10 желтоқсанында бекітілді. Осы жоспарға сәйкес департаментке 2022 жылы бюджеттен қосымша 3,5 миллиард теңге керек, – деді қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары ­Эльдар Данияров.

Оның айтуынша, осының алдындағы нақтылауда ведомствоға қосымша 2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы арт-техникалық қару мүлкі, байланыс құралдарына, компьютер техникасына, Сарыарқа ауданы Полиция басқармасына М.Әуезов, 40 мекенжайында ғимарат сатып алуға бағытталды.

Ал ендігі қосымша сұралып отырған 3,5 млрд теңге қызметтік көліктер, арт-техникалық қару мүлкі, байланыс құралдары, цифрландыру бойынша жабдықтарды сатып алуға, полиция қызметкерлеріне баспананы жалдап тұруға керек. Қазіргі кезде қалалық Полиция департаменті автөкөліктермен 77 пайызға, арт-техникалық қару мүлкімен 76 пайызға, байланыс құралдарымен 67 пайызға, компьютерлік техникамен 72 пайызға, мобильді планшеттермен 34 пайызға қамтылған.

– Бірінші кезектегі мәселелерді шешу үшін материалдық-техникалық базамызды әлі де күшейту керек. Атап айтқанда, су шашатын қондырғысы бар көлік қажет. Бірақ бұл техника арзан емес, өндіруші елге қарай бағасы – 200-400 миллион теңге көлемінде. Нарядты тасымалдау үшін микроавтобустар, патрульді полиция полкін тасымалдауға автобустар керек. Патрульді полиция полкіне жаңа ғимарат та сатып алу керек. Қазір олар отырған ғимарат ескі, 1964 жылы салынған. Оны сүріп, жолайрық салу жоспарланып отыр. «Қуат» спорт кешенін жаңғырту керек. Бұл ғимарат әбден тозығына жетіп, ескірді. Мұнда бүгіндері полиция қызметкерлеріне дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік болмай кетті. К.Күмісбеков, 5 көшесіндегі жедел әрекет етудің арнайы жасағының ғимараты толығымен жаңғыртылды, – деді Э.Данияров.

Қала әкімдігі аппаратының бөлім меңгерушісі Айнагүл Ықсан сайлау үдерісіне қатысушыларды оқыту бағдарламасы бойынша 2 млн 474 мың теңге керектігін жеткізді. Бұл жыл сайын өтетін үдеріс екен. 2020 жылы осындай оқудан 120 адам, 2021 жылы 90 адам өткен. Биыл тағы 90 адам оқытылмақ.

Қалалық Ішкі саясат басқармасына 2022 жылы қосымша 220 млн теңге керек. Бұл туралы аталмыш басқарма басшысы Дәурен Бабамұратов баяндады. Соның ішінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге 165 млн теңгеге жуық қаржы қажет. Ал қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етуге 6 млн 441 мың теңге керек.

Қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров осы жылы қосымша 193 млн 231 мың теңге қажеттігін жеткізді. Соның ішінде «Өзіңнен баста» жобасына 20 млн теңге қажет.

– Бұл жоба елорда жастары арасында алаяқтыққа, діни экстремизмге және құмар ойындарға қарсы іс-қимыл бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Жоба аясында есірткіге және алкогольге тәуелді пациенттерді емдеу орындары бойынша практикалық жұмыс және көшпелі іс-шаралар жүргізіледі, – деді Қ.Қамбаров.

Оның айтуынша, екінші жоба «Book fest» аталады. Бұл жоба аясында отандық қаламгерлермен кездесулер өткізіледі. Жобаны жүзеге асыруға 10 млн теңге керек. Жазушылармен жүздесулерден бөлек кітап жәрмеңкесі, жаңа кітаптарды талқылау, жаңа кітаптардың тұсаукесері ұйымдастырылмақ. Ал «Жаңа белес фест» жобасына 30 млн теңге қажет. Бұл – жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттері мен жастарға арналған шығармашылық фестиваль.

– Фестиваль мәдениет пен өнерді, көшбасшылық дағдылар мен коммуникативті дамыту, жастар арасында таланттарды анықтау мақсатында өткізіледі. Бұл жоба шығармашылық және спорттық әлеуетті іске асыратын, студенттер арасында достық қарым-қатынасты нығайтатын пікірталас алаңы, – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Бұл басқарма жалпы құны 15 млн «Мейкатон Нұр-Сұлтан» әлеуметтік жобасын да іске асырмақ. Соның аясында 72 сағаттық марафон өткізіледі. Онда өнертапқыштар, инженерлер мен дәрігерлер мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін жеңілдететін құрылғыларды жасайды. Жоба негізгі екі кезеңнен тұрады.

Келесі «Стрит спорт» аталатын жоба маргинал жастармен жұмысқа бағытталмақ. Бұған 25 млн теңге керек. Соның шеңберінде мәдени-спорттық іс-шаралар, көше спорты бойынша жарыстар, воркаут, брейкинг, скейтбординг, панафутбол, тегбол сайыстары өткізіледі. Ал «Болашаққа жол» жобасы – нашақорлық пен өзіне қол жұмсау әрекетіне қарсы бағытталған кешенді жоба. Сондай-ақ «Жастар кемп», «Ұрпақтар сабақтастығы» сияқты жобалар бар.

– Өткен жылдан бері аула клубтарын ақырындап бірінші қабатқа шығарып жатырмыз. Қаңтар айында қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарын енді бастап жатырмыз. Алматы ауданы бойынша Абылайхан даңғылы мен Жұбанов көшелеріндегі аула клубтарын жөндеуге қосымша қаржы керек. «Жас қанат», «Астана бәйтерек» аула клубтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Қ.Қамбаров.

Осыған орай қалалық мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов шеткі аймақтарда тұратын балаларды аула клубтарымен қамтуды ұмытпау керектігін айтты.

– Тұрғын алаптар халқымен, белсенді тұрғындарымен кездескен кезімізде «Кирпичный», «Оңтүстік шығыс», «Пригородный» халқы аула клубтары керектігі мәселесін көтерген еді. «Пригородныйда» аула клубы бар. Бірақ өте тар, бар болғаны үш бөлме. Ал «Кирпичный» мен «Оңтүстік шығыста» бірде-біреуі жоқ. Осы мәселелерді қарастырыңыздар. Аула клубтары қажет болған соң, тұрғындар жиі оларды ашу туралы өтініш айтады, – деген қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов колледждер түлектерін жұмысқа тұрғызуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров жуырда «Кирпичныйда» аула клубын ашу жоспарланғанын жеткізді.

Қалалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов аталмыш басқармаға қосымша 8 млн 450 мың теңге қажеттігін айта келе, оның басым бөлігі жергілікті деңгейде діни қызмет саласында саясатты іске асыруға қажеттігін атап өтті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button