Елорда тынысы

Қосымша қаржы қайда жұмсалады?

Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілді. Кеше қалалық Қоғамдық кеңес отырысында бұл өзгерістермен шаһардың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды. Отырысқа қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

Басқарма басшысының айтуынша, жеке табыстар бойынша жоспарды 15,8 млрд теңгеге көбейту ұсынылды. Соның ішінде салықтық түсімдер 15 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер 509,8 млн теңгеге және негізгі капиталды сатудан түскен қаржы 300 млн теңгеге ұлғайтылды. Ал осы жылдың 1 қаңтарына өткен жылдың бюджетінен қалған 37 млрд теңгені қаладағы қажет жұмыстарға бөлу ұйғарылды. Бұған 30,1 млрд теңгеге асыра орындалған кірістер кіріп отыр.

Сонымен бірқатар басқармалар мен департаменттерге, қала аудандары әкімдіктеріне қосымша қаржы бөлініп отыр. Атап айтқанда, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қосымша 784 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы елорданың ауруханалары мен емханаларын күрделі жөндеуін жалғастыру мен аяқтауға бағытталады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қосымша бөлінген 676,2 млн теңге Ауғанстаннан кеңес әскерлерін шығару күніне 953 адамға, Чернобыль апаты құрбандарын еске алу күніне 360 адамға әлеуметтік төлем жасауға, жеке көмекші қызметіне және Жұмыспен қамту орталығының жұмысына жұмсалады.

Білім басқармасына 2 млрд 180 млн теңге қосымша бөлінді. Бұл қаржы мұғалімдер жалақасына, білім мекемелерін ағымдағы және күрделі жөндеуге бағытталады. Мәдениет басқармасына бөлінген қосымша қаржының көлемі – 3 млрд 15 млн теңге. Аталмыш қаржы жан басына мемлекеттік шығармашылық тапсырысты қаржыландыруға, іссапарлар шығынына, Асқар Забикулинге бюст орнатуға, елорда филармониясына ғимарат сатып алуға бөлінді.

Ішкі саясат басқармасына қосымша бөлінген 5,3 млн теңге жалақы қорына салынды. Дене шынықтыру және спорт басқармасына қосымша ретінде қарас­тырылған 2 млрд 810 млн теңгенің жартысынан астамы мемлекеттік тапсырыс аясында жан басына спорт секцияларын қаржыландыруға бөлінді. Жастар саясаты мәселелері басқармасына саладағы шараларды іске асыруға қосымша 6,6 млн теңге қарастырылған. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қосымша бөлінген 19 млрд 895 млн теңге жол құрылысын бастау мен жалғастыруға, көшелерді ағымдағы және орташа жөндеуге, қоғамдық көлік тасымалдаушыларын субсидиялауға, бағдаршамдар құрылысын жалғастыруға бағытталады.

Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына қосымша 2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы нөсер кәріздерін ұстау мен тазалауға қарастырылған. Құрылыс басқармасына қосымша бөлінген 1 млрд 43 млн теңге коммуналдық тұрғын үй қорына жататын баспананы жобалауға, салуға, жаңғыртуға бағытталады. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясына қосымша бөлінген 1 млрд 961 млн теңге жер телімдерін сатып алуға, жеңілдікті санаттағы азаматтардың баспананы жалға алуын төлеуге, 5 көппәтерлі үйде 10 лифтті ауыстыруға жұмсалады.

Алматы ауданы әкімі аппаратына қосымша 636 млн теңге бөлінді. Аталған қаржы елді мекендерді абаттандыру мен жарықтандыруға бағытталады. Байқоңыр ауданы әкімі аппаратына осы жұмыстарға 176 млн теңге қосымша қарастырылды. Бұл жұмыстарға Есіл ауданы әкімі аппаратына 398 млн теңге, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратына 215 млн теңге қосымша бөлінді.

Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасына қосымша қарастырылған 250 млн теңге пәтерлерді сатып алуға бағытталады. Полиция департаментіне қосымша 955 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы жалақы қоры мен тұрғын үй төлемдеріне жұмсалады. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына қосымша бөлінген 116,6 млн теңге қаланың коммуналдық қызметтеріне арнайы техниканы сатып алуға бағытталады. Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасына қосымша бөлінген 1 млрд 250 млн теңге «Артспорт» порталын жүргізуге, инновациялық қызметті қамтамасыз етуге, іKomek қызметіне бағытталады. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қосымша 15 млрд 82 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы қараусыз және қаңғыбас жануарларды қарауға, «Елорда құрылыс» компаниясынан баспана сатып алуға бағытталады.

– Осылайша енгізілген өзгерістерді есепке алғанда Астана қаласының 2023 жылға арналған бюджеті көлемі 796 млрд 820 млн теңгені құрайды. Соның ішінде жеке кіріс түсімдері 568 млрд, 938 млн теңге, республикалық бюджеттен трансферттер 187 млрд 571 млн теңге, займдар түсімдері 2 млрд 810 млн теңге, бос қалдықтар 37 млрд теңге, – деді Қайсар Маңқараев.

Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыға сұрақтар қойып, ұсыныстар айтты. Кеңес мүшесі Бауыржан ­Смайылов бюджетке сараптама жасады. Ол оның қорытындысын жариялады. Отырыс соңында бюджетке енгізілген өзгерістер қолдау тапты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button