Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қосымша станциялар салынады

Қаланы алдағы уақытта жылумен және ауызсумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған нысандардың қуатын арттыру және жаңа нысандар салу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Жақында инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысқан Астана әкімі Жеңіс Қасымбек осындай мәлімдеме жасады.

«Қаланы жылумен және сумен қамтамасыз ететін инфрақұрылым нысандарының жұмыс барысымен таныстым. Олардың қатарында №2, 3 жылу-электр орталықтары (ЖЭО), №3 ауызсу сору-сүзу станциясы, «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ-жылу станциялары бар. Өткен жылдың күзінде біз «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңін, құрылысы ұзаққа созылған № 3 жылу-электр орталығын салып бітіріп, іске қосқанымызды жақсы білесіздер. Бұл нысандар қалаға 1100 сағ/Гкал-дан астам жылу беруге жол ашып, бізге жылыту маусымында профицитке шығуға мүмкіндік береді» деп жазды қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұдан бөлек, Жеңіс Қасымбек өткен жылдың жазында Астана су қоймасынан қалаға су құбыры тартылып, №3 ауызсу сору-сүзу станциясы салынғанын тілге тиек етті. «Жоғарыда аталған нысандардың бәрі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаланы алдағы уақытта жылумен және ауызсумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған нысандардың қуатын арттыру және жаңа нысандар салу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Мәселен, биыл тағы бір «Тельман» газ жылу станциясын (1-кезек), «Тұран» газ-жылу станциясының екінші кезегін саламыз. Олар қалаға тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатын береді. Елорданы келешекте ауызсумен толықтай қамтамасыз ету үшін қазір су құбырының екінші желісін салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Нұра жерасты су көзінен су құбырын жобалау және Тельман сорғы станциясын кеңейтуді жобалау жұмысы аяқталып келеді» деп жазды қала әкімі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button