Әлеумет

Қою мұңға құрылған хикаяттар

«Фолиант» баспасынан жарық көрген Сәуле Досжанованың «Жатқа туған бала» кітабы үш хикаяттан тұрады екен. Тұнып тұрған қою мұңға құрылған оқиға тізбегі бас көтертпеді.

Тұтамдай қысқа өмірде бір перзенттің зарын көрген мұңлық жандар туралы хикаят екен. Әлгі сәби сүюдің жолын жатпай-тұрмай іздеген ерлі-зайыпты кісілер елімізде тұңғыш жасанды жолмен ұрықтандыратын ЭКО медициналық орталығына ат басын тірейді. Медициналық орталықтың негізін қалаған Салтанат апайымыздың еңбегін қиял-ғажайып ертегілерде ғана кездесетін құбылыстармен салыстыруға болар еді. Тақырыбы оқырманды магнит өрісінде ұстағандай кітаптың ішінде не жазылғанын білмекке қызықпайтын оқырман кемде-кем. Бас көтермей оқып шықтым. Қазақ медицинасының бүгінгі жетістіктері туралы жазылған көркем шығарма бұрын қолыма түсе қоймаған. Әлдебір дерттің кесірінен бедеулікке ұшыраған зайыбының жатырына жұбайының ұрығын салу… әлгі ұрықты тіршілікке талпындыру… күту… қосымша емдік шаралар жасау… ақырында табиғаттың бермесіне қол жеткізгендей – тірі шаранаға қол жеткізу – инемен құдық қазғандай қиынның қиыны. Осы қиындықты ЭКО орталығы жеңіспен аяқтады. Қуанбасқа шара жоқ.
Қалайша «жатқа туған бала»? Алғашқы хикаят «Жатқа туған бала» – бүгінгі медицина көмегімен бөтенге сәби жасап беретін ана тағдыры туралы. Публицистикалық сарынмен жазылған бұл шығарманы дерекке негізделген өмір шындығы деп қабылдадық. Кіріспесінде Қазақстандағы «Экомед» орталығының негізін қалаушылар – Батыр Қаратайұлы Бекмусаев пен Салтанат Берденқызы Байқошқароваға арналғаны сөзімізге дәлел. Ұрпақ жалғастығын сақтау, өсіп-өну – жаратушының адам баласына, тіршілік иесіне тартқан ең үлкен сыйы. Маңдайына мұндай бақыт жазылмай, бір перзентке зар болып жүрген жан қаншама? Алайда, қоғамның дамуы мен адам ойының жетістіктері бүгінгі таңда медицинада игілікке айналды. Дәйім құшағына мейірім қонып, перзент сүйген отбасының қуанышы көл-көсір екені мәлім. Бұрынғы уақытта «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» елдің тұрмысында боз биені сойғызып, асықты жілік ұстатып өсірген ұландар аз болмады. Бүгінде осынау дәстүрдің түрі мүлде өзгеріп, жаңа медициналық тәсілге ауысқаны хикаятта әдемі ашылады.
Хикаят кейіпкері – жас отбасының жылуы Жарияның төңірегінде өрбиді. Оқиға аяғы ауыр келіншектің әлі жарық дүниеге келіп үлгермеген ұрпағы туралы толғаныстан басталады. Мезгілі жақындаған сайын анада болатын қуаныштан өзгеше бір қимастық сезім жанын тербейді. Неге ол баласын «жатқа туады»? Зырлап өте шығарын білген ол тоғыз ай бұрын қандай келісімге келіп еді? Еріксіз жанарынан жас парлады.
Осы сауалдар о баста оқырманын баурап алады. Курстас оқыған Жария мен Мақсұт алғаш Сәулет академиясының жатақханасында танысып, көп кешікпей шаңырақ көтереді. Отбасылық жатақханасы хан сарайындай болып, Арай мен Дәрмен атты перзенттері дүниеге келді. Академиялық демалысқа қалып, қос бөпесін баққан Жарияның да, дипломын алмаса, сөйтіп жұмысқа тұрмаса, күйеуінің табысымен тіршілік ете алмастарына көзі жетті. Өмірдің ұсақ-түйегімен жүргенде тұңғыштары да мектеп табалдырығын аттайтын жасқа жетті. Мақсұт кандидаттығын қорғаған соң да өмірлері өзгермеді. Жас отбасылардың үй алуға кезегі бір келмей-ақ қойды. Сөйтіп жүргенде Жарияға мектепте бірге оқыған Шара есімді құрбысы жолығып қалады. «Ана мен бала орталығында» жұмыс жасайтын медик құрбысының жасынан карьера қуып, ғылым жолына түскені, бүгінде өзі қызмет етіп отырған салада баланы армандағандар үшін көрсететін жақсылығы бір-бір ғылыми тақырыпқа сұранып-ақ тұр дерсің. Алайда «қыз мұраты – кету» деген қазақы ұғымда отбасының ұйытқысы – шарананы жарық дүниеге келтіре алмағаны қай кезде де өкінішті. Жария «Экомед» орталығының жұмысы – байлық, атақ пен мансап, тіпті оттай ыстық махаббаттың өзі бір сәбидің күлкісіне тұрмайтынын, азуын айға білеп, әлемге қожа болғысы келетін батыстың да басты проблемасы – бала туу екенін Шараның сөзінен байқай бастады.  Уақыт өте келе өзі де сол орталықтың көмегіне жүгініп, тұрмыстың тауқыметін шешудің жолын іздеп, бір кездері «тапсырыспен» бала көтеріп, суррагот ана – құрсақ ана болармын деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді.
Автор еліміздегі отбасылардың 15 пайызы балалы болуға қабілетсіз, 30 пайызы репродуктивтік технология бойынша емделу қажеттігін – осы Шараның аузымен айтқызады. Қоғамның кей тұстарына тереңірек бойлауға тырысады. Денеден тыс ұрықтандыру орталығы қызметіне жүгінетіндердің 90 пайызы – өзіміздің қаракөздер. «Балалы үйді – базарға, баласыз үйді – қу мазарға» теңейтін қазақ үшін жалғыз қалудан үлкен қасірет жоқ. Осы дтұ негізінде жасалған құрсақ ана – суррогат ана тәсілі былайғы жанның бәріне бірдей қолданыла бермейді. Жатыры жоқ немесе денсаулығы көтермейтін әйелдерге жасалады. Кейбір жағдайда бірнеше рет дтұ жасап, жатырында өз эмбриондары өнбей қалған әйелдер келесіде өзіне де, суррогат анаға да салдырып жатады. Өзінде емес, құрсақ ана жатырына салған эмбрион өсіп-өнетін кездер жиі кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, бұл тәсіл еріккеннің ермегі емес. Басына осындай қасірет түспегендер суррогаттық туралы әр түрлі айтылып жүрген жаңсақ пікірге үйірсек. Бәзбіреулер: «Ата-бабамызда кездеспеген» десе, енді біреулер: «Қазақтың санын көбейтудің тиімді жолы» деген уәж айтуда. Қарызға бала көтергендердің көбі қазақ қыздары деген құрбысы қолдан ұрықтанған баланың болашағы туралы да баяндауда жер жүзінде бүгінде 2 млн-ға жуық адам қолдан ұрықтандырудың нәтижесінде өмір сүріп жатқанын алға тартты. Құрбысы Шараның айтуынша: «Ерлі-зайыптылардың жұмыртқа клеткаларын түтікшеде ұрықтандырып, оны басқа бір әйелдің жатырына орнатады, ол ұрық тоғыз ай ана құрсағында жетіліп, барлық балалар сияқты жолмен өсіп, уақытында анасы толғатып, адамзат баласы болып дүниеге келеді». Сондай-ақ: «балаға тапсырыс беретіндер мен баланы туып беретін құрсақ аналардың тізімі жасалатынын, тіпті сперматозоидтері жоқ күйеуі бар әйелдердің жұмыртқа клеткасына донор еркектердің жұмыртқа клеткасын қосып та ұрықтандыратынын, арнайы эмбриондардың доноры деген тізім барлығын» – Жарияның әңгімешіл құрбысының аузымен жеткізеді. «Баласы жоқтарға сол тізімдерді ұсынып, жағдайына қарай көмектесетіні» де, «донор болатындар мен құрсақ ана болатындардың еңбегіне шарт бойынша тапсырыс беретін жұбайлармен нотариус арқылы келісім жасап төлейтінін» де хикаяттан біліп отырмыз. Әрине, бұл жерде қанша заңдастырылғанымен, қомақты қаржысыз мәселе шешілмейтіні түсінікті. Ақысы төленген кезде, құрсақ анаға қойылатын талап аз болмайды.
Құрбысының осы әңгімесі әсер етті ме, әлде ғылым қуып шетелге екі жыл оқуға кеткен күйеуінің табысы баспаналы болуға жетпей, оған қоса жатақханадан шығуға мәжбүрлеген жағдайлар ма – түбінде Жарияны құрсақ ана болуға итермеледі. Мұндай кіріптар жағдай қазір екінің бірінде бар.
Құрсақ ананың құндақтағы сәбиінің құны қанша тұрғанын, оқиғаның қалай аяқталғанын оқырманның еншісіне қалдыра отырып, келесі хикаятқа көшсек.
Хикаяттың негізгі өзегі, Шекспир кейіпкері айтқандай, жазылып та, айтылып та бітпейтін мәңгілік тақырып – сүйіспеншілік тақырыбы. Қай кезде де, қай қоғамда да болмасын, әйел тағдыры, әйел сүйіспеншілігі, әйел махаббаты, әйел мейірімі айтылмауы мүмкін емес-ті. Тіпті ежелгі грек мифтері мен аңыздарының желісін де осындай оқиғалар құраған.
Сүйіспеншілік сыры, жар табу, отбасын сақтау туралы шығарманы кез келген кітап дүкенінің сөресінен табасыз. Бір тақырыптың сан алуан қырлары сырлы бояумен өрнектеліп, жазушының шеберлігін ерекшелейді. Алайда, қолымыздағы кітаптың айрықша айтары бар. Ол қазақ әйелінің тағдырын суреттеу, ішкі психологиясын ашу – адам болмысындағы алуан мінез қырларымен көрінеді. Сөйтіп, әйел затының біртұтас күрделі әлемін құрайды.
Келесі хикаят «Екі күйеулі келіншек» – түптің-түбінде аты алтын әріппен жазылатын ананың күн нұрынан қызулы мейірбандығы, жүрек шамы туралы. Егер де жер бетінде тек ізгілік тамыр жайған десек, ол әйелден бастау алады, өмірдегі қиындықты әйел қауымынсыз жеңу мүмкін емес. Соншалықты әлеует бір өзінен табылатын нәзік жандының біреуі емес, бірнешеуі болса да, ер адамның алдында бір саты төмен екенін мойындайды. Сөйте тұра біздің санамызда бір әйелдің бір ғана жары болады деген стереотип сақтала береді. Екі әйел алған, немесе бірге тұратын бәйбіше мен тоқалдың татулығын айту қалыпты жағдай, бабамыздан келе жатқан салт деп қоя саламыз. Жазушының қаламынан туған хикаяттың тақырыбына қарап «екі күйеулі келіншек» бола ма деп ойлауыңыз заңдылық. Бірақ өмірде адам тағдырға жазылғанды көреді екен. Шығарманың бас кейіпкері Гүлжан атты келіншектің әңгімесінен білеміз.
Анадан ерте айырылу, үш бауырына қамқорлық жасау, қара шаңырақтағы әйелдің орнын жоқтатпау, тұрмыстың қиындығы, бағы жанған азаматқа жолықпау салдарынан тағдыр жолының тайғанақтығы, адуынды ененің қатыгездігі, бес бірдей баланы жалғыз жеткізу – бір адамға оңай емес еді. Бір адамның маңдайына адам айтса нанғысыз күрделі ауыртпалық түседі екен-ау. Оны көтеріп, жеңуде де қажырлы күш-жігер керек-ті. Ақырында үй-күйі жоқ, қазіргі тілмен атағанда бомж болып кеткен алғашқы күйеуін қайта өмірге оралту да, тек ананың, әйелдің мейірбандығы бар жерде ғана мүмкін болатынын автор осы хикаяттар арқылы еріксіз сендіреді.
Бір шаңырақтың астында екі күйеумен қалай өмір сүрмек десеңіз, онда шығарманы міндетті түрде оқып шығасыз.
«Үлкен үйдегі елес» хикаяты шаңырақ киесі туралы философиялық толғаныс десек болады. Бұрынғы шығармалардан мүлде бөлекше, әрі ерекшелігі де осында. Шығарма шытырман оқиғаларға құрылған. Үлкен үйдің иесі – заманында шіріген бай болған көпес. Заман өзгерген кезде баяғы көпестен қалған дүние-мүлікке ие болудың әдісін ойлаған балаларының арасында қым-қиғаш тартыс туады. Тіпті, дүние көзіне біткен мұрагер қарсыласын өлтіруге дейін барады. Кейіпкер портреті әрқилы, әр текті, әр тарапты. Оқиға желісі бірінен соң бірі саумалап өрбіп отырады. «Үлкен үйдегі елестің» идеясы – тойымсыздық пен ашкөздіктің жарға жығатынын көрсету. Автордың меңзегені – қандай жағдайда болмасын қара шаңырақ киесінен сақтанып жүруге жұмылдырады.
 Шаңырақтың киесі болады деген сенім қазаққа ғана тән, ал басқа халық үйдің иесі болады деп сенеді. Жер бетінде тіршілік кешкен адамдар арасында мұндай мысал аңыз-әңгіме осы уақытқа дейін сақталып қалған. Тылсым күш пен ғажайып сырын шешпекке ұмтылудың өзі – осы туындыны өнер туындысы деңгейіне көтеріп тұр. Әлемде елес пен әруақ туралы аңызы көп ел – Ұлыбритания. АҚШ та бұл тізімнің қатарын толықтыра түседі. 25 миллионнан астам америкалық тұрғын елесті көргенін сеніммен айтады, голливудтық жұлдыздардың табиғаттан тысқары құбылысты кездестіруі оншалықты таңданыс тудырмайды. Үлкен үйдегі елес қазақ прозасындағы ұнамды әрі ұнамсыз кейіпкерлердің елес күйінде тартысқа түсуі, бейне мүсіндеуі дейміз.
Қазақ үшін қара шаңыраққа құрмет – тарихқа, ата-бабаға құрметпен тең саналады. Шаңырақты сыйламаған адамды киесі ұрады, әруақ атады деп санайды. Әулеттегі шаңырақ иесі жалқы болмаса, кенже ұлға тиесілі. Қайтыс болған әке-шешесінің сүйегін де осы шаңырақтан ақ жауып, арулап шығаратын болған. Қара шаңырақ саналатын үйді ұстап отырған отбасын жасына қарамай, қара шаңырақ, үлкен үй деп қадір тұтатын болған. Халық арасында дүниеден өткен кісілердің артында қалған ұрпақтарының ата-бабасының орнына – қара шаңыраққа келіп, жағдайы келсе бейсенбі сайын, болмаса жылына бір рет құран оқытып тұру дәстүрі әлі күнге жалғасып жатыр.
Елес туралы көркем шығармаларда айтылу – бұрыннан бар үрдіс, әлем әдебиетінде елестің немесе өлген адам рухының әдеби шығармадан көрініс табу тарихы ерте заманнан келе жатқан дәстүр. Әдебиеттерді ақтарып отырсақ, елестің пайда болуы, адамға көрінуінде ұқсастық бар екенін байқаймыз. Көбіне түнгі уақыттарда, ай жарығы түскенде пайда болады. Сондай-ақ, тек бір ғана жанға көрінеді. Ал басқалары, тіпті, жанындағы адамдар да байқамайтын сияқты.
Шекспирдің «Гамлетінде» Гамлеттің әкесінің елесі, әруағы суреттеледі. Ол баласына өзінің қазасы үшін кек алуды сұрайды. Елес, тек түнгі уақытта: «Жә, ақырын! Таңғы самал исін сезем. Тездетейін…»; «Енді қош бол. Құлан иек таң жақын. Таң қылаңы жасытады жалынды…» деп, кейіпкер өз пайымын ұсынады. Өзіне керек адаммен, яғни баласымен ғана жолығу үшін келеді «Королева Гертруданың Гамлетке айтқан жерінен: «Жо-жоқ, саған не болды? Сыртқа қарап, Құр ауамен сөйлесесің даурығып; Көзің кеткен шарасынан шақшиып» деп, бас кейіпкер өзінің елеспен сөйлескенін осылайша хабардар етеді. Жапонның фольклорында елес туралы айтылатын кайдан – «табиғаттан тыс, ғажайып туралы ауызша әңгімелер» деген де жанр бар. Сондай-ақ орыстың кей жырында елес туралы жиі айтылады. Ал қазақ әдебиетінде аруақтың қатысуымен баяндалатын сюжет көптеп кездеседі. Түрк халқына ортақ «Алпамыс» жырында Баба Түкті шашты Әзіздің Байбөрі мен Аналыққа елес түрінде көрінуі – сөзімізге тұздық бола түсер еді.
Жоғарыда сөз етіп отырған Сәуле Досжанованың шығармасындағы оқиға он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы халқымыз басынан кешкен тарихи жағдаймен тығыз байланыста өрбиді. Отарлау процесі, жерімізге орыс бекінісінің салына бастауы, «переселен» атанған мұжықтарының ағыны, олардың ізін ала бақалшы татар малайларының қазаққа ине-түйреуіш, айна-тарақ, опа-далап сатуға келгені, сөйтіп байығаны – бәрі де жіпке тізген моншақтай көз алдымызда қалқып тұра қалады.
Қарқаралы жерін кезген аңызды арқау еткен шығармадағы «үлкен үйде» қандай сыр бар екеніне назар аударайық. Әуелі шығармада үйдің аса салтанатпен кірпіштен салынып, «өзгеше қос қабатты, сыртын ағаш шарбақпен әсемдеп қоршаған», ауласы да ат шаптырым, есігі Алтайдан арнайы алдырған ағаштан жасалған, қарағайдан қиған сегіз бөлмелі, астында жертөлесі бар, жасыл шатырлы екендігі суреттеледі. Қарқаралының бас көшесіндегі Қажы ата мешітінің қарсы бетінде Ғалимулла Акметов есімді көпестің осы үйі талайдың таңдайын қақтырады. Қазақтың кең пейілді дархан даласына келіп, жүн-жұрқа жинап, шіріп байыған татар келе-келе ақшамен самауырын қайнатқан мырзаға айналады. Сөйтіп алшаң басып дәурен сүріп, алты қыз, бір ұл өсірген көпес те зарлаумен өмірден өтеді. Жалғыз ұлы Арслан әке жолын қуғанмен, көпке созылмай заман өзгеріп, қазақ даласына қызыл төңкеріс келеді. Акметов әулетінің дәурені сыйырқұйымшақталып бітеді.
Төңкеріске дейін көпестің ұлы ұрпақсыз қалатын болдым деп, қазақтарға еліктеп тоқал алмаққа Мүсілім деген шаруаның Хадиша атты қызына құда түскен еді. Бесігінен атастырылып қойған батаны бұзып, Егіндібұлақтың жайлауын жырға бөлеген кедей қызына төленген қалыңмалдың буы әкесін жаздай жәрмеңкеге сабылтқаны тағы бар. Татар көпесінің байлығынан гөрі зәулім үйі жас қызға жұмақтың есігі болып көрініп, есінен тандырды. Тіпті «шалға» тұрмысқа шығатыны туралы да ойлануға мұршасы болмайды. Өмірде  ештеңе көріп үлгере қоймаған жас қыздың көкірек көзін шел басады. Паңдық бойын билеп, белгісіз ашкөздікке ұрынады, көпеске ұл тауып беріп, дәрежемді арттырсам деген оймен жазықсыз бәйбішенің наласына қалғанын да сезбей қалады. Ғасырға жалғасып, талай бейкүнә жанның ажалына себеп болған ашкөздік туралы бұдан өткен қайғылы эпизод бола қоймас. Жазушы ең ұрымтал детальді пайдалана отырып нәпсіқұмарлықтың түбі тұңғиық екенін мегзеумен жеткізеді.
Жұрт ораза ұстап, намаз оқудан қашатын заман келіп, кәмпескеден қорыққан бай отын жиналған қораға алтын-күмісін ешкімге көрсетпей жасырып, бәйбішесімен бір түнде ізін сұйылтады. Тоқалы байлықтан айырылып қалудан қорқып, бірге кетуден үзілді-кесілді бас тартады. Баламды бағып осында қаламын, маған ешкім тимейді деп ойлайды. Өмір оның ойлағанындай емес еді. Бір күні шолақ белсенділер аудандық милицияның орынбасары Төрегелді Хадишаны қорқытып өзіне үйленуге мәжбүр етеді. Тұңғышына тірі жетімнің күйін кешірген шолақ белсендімен көңіл жарастырып үлгерген  Хадиша тағы бір ұл табады.
Заман тынышталып, дүние мүлік тәркілеу аяқталған уақытта татар шал баласы мен тыққан дүние мүлкін алып қайтуға үйіне оралады. Алайда ажалы Төрегелдіден келеді, шалдың өлі денесін көмбей, алтын күмісін тыққан сандыққа салып, отын қораның түкпіріндегі шұңқырға тастайды. Қалай болғанын көзімен көрмесе де, балаларының әкелерінің бірі екіншісін өлтіргенінен шошынып қалған Хадиша шошымалы ауруға ұшырайды. Ауру күйінде үшінші ұлын туады. Белсенді күйеуінің жұмысы Голощекин мен Сталин заманында одан сайын ауырлай түсіп, ақыры ай сайын ауыстыратын астындағы атынан құлап мертігеді. Жығылғанға жұдырық болып Хадишаның ауруы одан сайын асқынады бұдан соң. Түн баласына үйінде біреу жүргендей көзі ұйқыға кетсе болды, елестен шошып ояна беретін болады. Ақыры алғашқы татар күйеуінің елесі, үйдің иесі оны өзімен бірге қырға алып кетіп тынды…
Арада он шақты жыл жылжып өтті, үлкен үй иесіз қаңырап тұрды бұл уақыт аралығында. Әлемді түршіктірген соғыс қарсаңында ғана бос үй жас қызметкерлерге берілді. Акметовтен қалған үйді екі жағында екі отбасы қоныстанды.
Өсер аудандық оқу ағарту комиссариатының бастығы еді бұл кезде. Раушан мен екеуінің болашаққа деген армандары көп еді. Үлкен үйдің екінші бөлігіне майданға кеткен азаматтың отбасы көшіп келіп, құдайы көрші болады.
Сөйтіп жүргенде Раушанның күйеуі соғысқа аттанады, үйде баласы мен енесі үшеуі қалады. Раушан әр бейсенбі сайын түнде үйден елес көреді. Көретіні – ақ сақалды, көзі көк, жирен шашты орыстың шалы. Әлдене деп айтуға қорқып жүргенде, ажалы баяғы елестен келеді.
Көрші кемпір Әсиқаның баласы Шалқарбай әскерден екі аяқтан бірдей айырылып,  мүгедек болып оралады. Қасында күтуші Люда есімді орыс санитарка бірге келеді. Өсердің артында қалған баласы Қайрат Шолпан есімді қызға үйленеді. Әсиқа әжесінің тілеуін құдай береді: келіні келе сала бір қыз тауып, есімін Ырысты қояды, артынан және егіз ұлды болады. Ырысты бой жетіп, Алматыдағы Медицина университетіне оқуға түседі. Жазғы демалысында жүрген Ырыстының ажалына баяғы елес себеп болған еді. Біраз уақытқа дейін ешқандай тосын жағдай бола қоймайды. Тұрып жатқан үйдің көзге көрінбейтін қожайыны Арсланның сұлба-елесі ай толғанда үйді шарлағанымен, кейінгі жылдары ешкімді мазалайды.
Келін болып түскеніне үш жылдың жүзі болған Қуаныштың келіншегінің ажары қайтадан елестің мазасын ала бастайды. Күйеуі жоқта көзіне жиі көрініп жүрді. Жас келін түнде келетін елес жайлы «жын иектеп кетті» деп айта ма деп тіс жаруға қорықты: нәтижесінде оны елес құшағында тұншықтырып жан тәсілім етті. Күйеуі қырқын өткізген соң басқа адамға үйленіп, бір қыз сүйді. Атын Қымбат қояды. Кейіннен ұзатылғалы жатқан ару бойжеткен Қымбат та әдемі әйел, сұлу қызға жаны қас сол бір елестің құрбаны болып, артында әке-шешесі аңырап  қала берді.
Осылайша шым-шытырық оқиғалар бірінен соң бірі жалғасып, үлкен үйге Шалқарбайдың Марат есімді немересі көшіп келген соң, біраз уақыт өткен соң әлгі құпия ашылады. Отын қораның түкпіріндегі шұңқырдан сүйегі табылып, жер қойнына беріледі. Сөйтіп ай туғанда елес болып үйді шарлап, талай ажарлы әйел баласының о дүниеге аттануына себеп болған рухы тынышталады. Сөйтіп қойнауына құпия сырды ғасырлар бойы жасырып келген үлкен үйдің құпия сыры ашылады. Оқиғалы фильмге таптырмайтын желі осылайша аяқталады.
Оқырманды жіпсіз байлап, ынтықтыра түсетін шығарманың желісі жалықтырмайды, біртұтас өрілген. Тілі аса жеңіл әрі ұлттық колоритке қанық.
Шығармадағы оқиғаның сюжеті бірнеше сериялы кино түсіруге сұранып-ақ тұр және бүгінде телеарнамызды жаулап алған шетелдің арзанқол сериалы жолында шаң қауып қалатындай-ақ дүние жасауға болғандай екен. Әрине, режиссерін тапсын дейміз тек. Мұнда ХІХ ғасырдың ортасынан басталған оқиғаның желісі елес арқылы дами келе, тұп-тура тәуелсіздік алған елең-алаң заманға дейін үзілмей келіп, әрі қоғамның жай-күйінен де хабар беріп, оқырманын еріксіз бас шайқатады. Шындығында, қаптаған емші-көріпкелдер мен эктрасенстар адамды адастыра бастаған заман келді. Ала дорба арқалап қазақ әйелдерінің базар жағалап, жаппай саудамен айналысуы – біз өмір сүріп отырған қоғамның – ауыртпалығы болатын. Көркем шындығы шынайы ашылып, оптимистік рухпен бітетін хикаяттың оқырманы көп болады деп ойлаймыз.
 

Гүлжаһан АСАНКЕЛДІҚЫЗЫ,

Назарбаев орталығының қызметкері

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button