Мәдениет

ҚОЗҒАЛЫССЫЗ ҚОЙЫЛЫМ

Бұл шаңырақтың шырқы бұзылған. Жақын жандар әлдеқашан жатқа айналған, бір-бірінен жалыққан. Отбасындағы берекесіз тірліктің күнәһарын М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Язычники» драмасы арқылы іздетеді.

язык

Қойылымға негіз болған пьеса жас әрі талантты автор Анна Яблонскаяның соңғы туындысы еді. 29 жастағы жазушының аталмыш драмасы «Искусство кино» журналының беделді премиясын иеленгенде, Анна Одессадан Мәскеудегі марапаттау рәсіміне жол тартады. Сол күн оны ақтық сапарға шығарып саларын кім білген… Домодедово әуежайында террористік актіге тап болып, қаза болады. Қайғылы өлімнен кейін Яблонскаяның бұл шығармасы кеңге танылды. Одессада «Террористер» деген атпен сахнаға шықты, Ресей мен Балтық жағалауындағы эксперименталды театрларда қойылды.

Ал, Қазақстанға бұл спектакльді литвалық танымал режиссер Йонас Вайткус алып келген болатын. Режиссер шешімімен декорация мен іс-қимыл екінші планда қалады. Екі акт бойы актерлер орындықта тапжылмай отырады. Оның үстіне, көздері жұмулы. Актерлер тек дауыспен ойнайды. Қозғалыссыз қойылым сөз құдіретін ұғындырады.

Пьеса сырты бүтін, іші түтін бір үйдің мысалы арқылы өмірлік сұрақтарды көтереді.

язык1

Адамдар бірін-бірі естімейді. Әке-шешенің уайымы – материалдық жағдай. Тұрмыстық проблемалардан әрі аспайтын ата-ана қызының жан дүниесін түсінуден қалған. Кезінде оқуда озат болған қызын бүгін университеттен шығарып жіберді. Әкесі – бос жүрген музыкант. Анасы – екі жұмыстың ортасында сабылып жүр. Ойламаған жерден үйге енесі қонақтап келеді. Оған ешкім мәз емес. Ұлы да, келіні де, тіпті, немересі де жақтырмайды.

Бірақ, күтпеген оқиға өріледі. Кристина өзіне-өзі қол жұмсайды. Үй-іші дұға жасап, құдайдан көмек сұрайды. Бірақ бір мезетте пұтқа табынушылардан қалған тұмар – масканы хәл үстіндегі қыздың бетіне кигізіп, оны өлім аузынан аман алып қалады.

Кім көмектесті? Жаратушы ма? Сиқыршылардың тылсым күші ме? Белгісіз. Пьесада сұрақ көп. Ал, жауапты әркім өзінше пайымдайды.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button