Басты ақпарат

Қожа тұғырға қонды

Кеше елорданың «Жетісу» саябағында Балалар жылы аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі және кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың шығарма аттас фильмін­дегі бас кейіпкердің ескерткіші ашылды.

[smartslider3 slider=3119]

Айтулы шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакенов, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, фильмде Қожаның және Жанардың бейнесін сомдаған Нұрлан Санжар мен Гүлнар Құрабаева, ескерткіш орнату идеясын ұсынған қаламгерлер, әдеби шығарма және кинотуынды авторларының ұрпақтары қатысты.

Газетіміздің өткен нөмірінде жазғанымыздай, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері қаншама ұрпақтың сүйікті шығармасына айналған «Менің атым Қожа» туындысына ескерткіш орнату мәселесі белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жанболат Аупбаевтың «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Балалық бейнеміздің белгісі» атты мақаласынан кейін қолға алынды.

Ал қаламгерге идеяны беруші – белгілі журналист Мұрат Қожамқұл. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев мақалада көтерілген мәселені қолдап, Мемлекеттік хатшы мен Үкіметке, салалық минис­тр­­ліктерге, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне тапсырма берді. Соның нәтижесі – елорда төріндегі Қожаның ескерткіші.

– Бүгін – өте қуанышты оқиға. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 1957 жылы жазылған «Менің атым Қожа» повесі жарты ғасырдан астам уақыт бойы оқырмандармен бірге өмір сүріп келеді. 1963 жылы кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев кино түсірді. Бұл да – өміршең фильм. Бұл да уақытпен бірге адымдап келе жатыр, – деді ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Жанболат Әлиханұлы.

Өркениетті елдерде кітаптың кейіпкеріне ескерткіш қойылатынын, бұл сол елдің мәдениетінің белгісі екенін айтқан қаламгер мысал ретінде 1935 жылы атақты жазушы Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері» повесіне Миссури штатындағы Ганнибал қаласында ескерткіш орнатылғанын атап өтті. «Менің атым Қожаға» ескерткіш орнату ұсынысын қолдаған ­Президентке, Мемлекеттік хатшыға, Премьер-министрдің орынбасарына, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне алғыс айтты.

– Бұл Қожаға ғана емес, балалар әдебиетіне, қазақ киносына, қазақ әдебиетіне қойылған ескерткіш деп қабылдауымыз керек. «Менің атым Қожа» фильмінің жазушысы да, режиссері де, актерлері де, бүкіл шығармашылық құрамы да үйлесім тапты. Осы фильм – қазақ киносының алтын қорынан орын алған туынды. Біреуі білер, біреуі білмес, «Менің атым Қожа» – шетелдік халықаралық жүлде алған тұңғыш қазақ фильмі. Сол себептен фильмнің бас кейіпкері Қожаға елорданың төрінде ескерткіштің бой көтеруін заңдылық деп қабылдауымыз керек, – деді «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли.

Қожа бейнесін сом­да­ған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар өз сөзін әдеби шығарма мен кинотуынды авторларының еңбегінен бастады.

– Бердібек аға халық­тық образ шығарды. Ал Абдолла аға сол образды елге көрсетті. Бас кейіпкер Қожа емес. Бас кейіпкер қарапайым, қарадомалақ қазақтың баласы, – деген Нұрлан Санжар ескерткіштің ашылуы балалардың мерекесіне сәйкес келгенін атап өтіп, шараға қатысқан балдырғандарға батасын берді.

Жанарды ойнаған Гүлнар Құрабаева қазақ кинематографының аңызына айналған «Менің атым Қожа» фильміне ескерткіш орнату, бұл – ұлы шығармаға берілген шын баға екенін атап өтіп, осы кинотуындыға түскеніне шын бақытты екенін жеткізді. Жүректі жылулыққа толтырып, санаға сәуле түсіретін фильмді әлі талай ұрпақ тамашалайтынын айтты.

– Бұл ескерткіштің ашылуы біздің отбасымыздың ғана қуанышы емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы деп ойлаймын. Бізде жалпы әлем елдері шығармаларымен иық тірестіретін әдебиетіміз бар. Ал Қожа повестің ғана кейіпкері емес, бұл – ұлттық жиынтық образ. Одан әр қазақтың баласы өзін таниды, – деген Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Бердібекқызы Қожаның тұғырға қонуына атсалысқан барша адамға алғыс айтты. Әкесінің балаларға арналған басқа да шығармаларына тоқталып, «Балалық шаққа саяхат» шығармасы желісімен де кезінде фильм түсірілгенін айтып, соны қайталап көрсетпейтініне налыды. Бердібек Соқпақбаевтың атына елордадан көше беру, оның мүсінін орнату туралы өтінішін айтты. Осы тұрғыда Берік Уәли Абдолла Қарсақбаевқа да бас қаладан көше беруді ұсынды.

Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Абдоллаұлы «Менің атым Қожа» фильмінің түсірілуіне талантты тұлғалар шоғыры қатысқанын еске салды. Соның ішінде қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев, фильм композиторы Нұрғиса Тілендиев, кинотуындыға түскен Бикен Римова, Мәкіл Құланбаев есімдерін ерекше атап өтті. «Менің атым Қожаның» Канн кинофестиваліндегі табысын әлі күнге дейін бірде-бір қазақ фильмі қайтала алмай отырғанын жеткізді.

Ескерткіштің авторы – мүсінші Талапхан Азамат. Оның жалпы биіктігі – 1,83 метр, материалы – қола мен гранит.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button