Басты ақпарат

«Қожамен» қайта қауышады

Әлемде әдеби шығармалар және кино кейіпкерлеріне ескерткіш орнату дәстүрі бар. Бізде бұл жағы кенже қалып отыр. Елімізде халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы кейіпкерлерінің Ақтөбе қаласындағы және «Соңғы парыз» романы кейіпкерлерінің Арал ауданындағы ескерткіштерінен басқа жоқ та сияқты. 2020 жылы «Ана тілі» газетінің №50 (1570) 10-23 желтоқсандағы санында белгілі қаламгер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жанболат Аупбаевтың «Балалық бейнеміздің белгісі» атты мақаласы жарық көрді. Онда автор Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабының кейіпкерлеріне ескерткіш қоюды ұсынды. Сол ұсынысы биылғы Балалар жылы, дәл Халықаралық балаларды қорғау күні елордада іске асқалы жатыр.

[smartslider3 slider=3104]

Жанболат Әлиханұлына бұл мақаланы жазуына белгілі журналист Мұрат Қожамқұлдың ойы түрткі болды. Автор «Менің атым Қожа» повесінің жазылу тарихына тоқтала келе, кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың туынды желісімен түсірілген көркем фильмі­нің қазақ киносындағы ғана емес, Кеңес Одағындағы табысының сырын тарқатқан. Аталмыш кинотуынды 1967 жылы Канн кинофестивалінде бас бәйгені жеңіп алғаны белгілі.

«…Сөйтіп, соған дейінгі кеңестік қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын мінез-құлыққа ие, атап айтқанда, өзіндік қуанышы мен мұңы, керек десеңіз, тосын тағдыры бар, тентек, қыңыр, бірақ ақкөңіл, адал Қожаға өз қандастарымыз үрке қарап жатқанда, өзге жұрт оны жатырқамады. Қай жерде де 15 одақтас республика оқырманы «ол жүріп өткен көшеде ит үріп, қаз қаңқылдап қала беретін» кішкентай кейіпкерді қуана қарсы алумен болды. Сөйтіп, қазақтың қарадомалақ ұлы сол кездегі кең-байтақ Кеңес Одағын еркін аралап, одан әлем елдеріне асып кете барды… 68 ел тіліне аударылып, 32 мемлекеттің фильмотекасында тұрған туынды нағыз туынды-ақ емес пе?! Еңбек, керемет еңбек-ау, шіркін! Олай болса ондағы басты кейіпкер кішкентай Қожаға неге символдық образ тұрғысында ескерткіш орнатпасқа?!» деген ой тастайды журналист.

Әрі қарай Париждегі Виктор Гюго кітабындағы Гаврошқа, Ригадағы ағайынды Гриндер туындысындағы Бремен музыканттарына, Самарадағы Ярослав Гашек шығармасындағы сайыпқыран сарбаз Швейкке, Мадридтегі Джоан Кэтлин Роулинг кітабындағы кейіпкер Гарри Поттерге қойылған ескерткіштерді, Корней Чуковский, Ганс Христиан Андерсен, Сергей Михалков өлеңдері мен әңгімелеріндегі Вильнюс­тегі Айболит, Копенгагендегі Су перісі, Мәскеудегі Степа ағай мүсіндерін тізіп шығып, өркениетті елдердегі руханият көшінен қалып қалмау керектігімізді жазады. Бұл не үшін қажеттігін ашып көрсетіп, тағы бірнеше уәж келтіреді.

«Екіншіден, ес білгеннен кітап оқып өскен біз секілді буынның өздерінің сүйікті авторлары мен кейіпкерлеріне деген құрметі. Ілтипаты. Және көркем туындыға онша үйір емес бүгінгі жастарды осындай идеяларды жүзеге асыру арқылы әдебиет әлеміне жақындатудың жанды үлгісі. Үшіншіден, қазір адамгершілік құндылықтарын ауызға алу азайды. Ар, адалдық ұғымдары да архаизмге айналуға жақын. Ақкөңіл де аңғал әрі алаңсыз, тұла бойы тұнған арман мен қиялдан тұратын қайырымды да қамқор, қиындыққа қамықпайтын қайғы-мұңсыз Қожа бейнесі ескерткішке лайық екені анық» деп түйіндейді ойын.

2021 жылдың сәуір айында журналиске Президенттің сол кездегі баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап жазып, мақалада көтерілген мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, Мемлекеттік хатшы К.Көшербаев арқылы Үкіметке және салалық министрліктер мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне тапсырма бергенін жеткізді. Мұнда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабы да қоса берілген. Вице-премьер елордада «Менің атым Қожа» кейіпкерлеріне ескерткіш орнату мәселесі пысықталып жатқанын айтқан.

Ертең – Халықаралық балаларды қорғау күні елорданың «Жетісу» саябағында «Менің атым Қожаға» арналған ескерткіштің ашылуы жоспарланып отыр. Қолымыздағы мәлімет бойынша ескерткішке тапсырыс беруші – Нұр-Сұлтан қаласының бірлескен мұражайлар дирекциясы. Аталған мемлекеттік кәсіпорын 21 сәуір күні «EJ-ART» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы келісімшарт жасасыпты. Сатып алу сипаттамасына қарағанда, ескерткіштің жалпы биіктігі – 2 метр, 63 см. Соның ішінде негізгі мүсін биіктігі – 1,83, ал астындағы тұғырдың биіктігі – 0,8 м. Тұғыр гранит пен бетоннан жасалуы тиіс. Ал мүсіннің өзі қатты материалдан әзірленіп, сыртына қола құйылады. Қазір ескерткіш саябақта матамен жыбылу күйінде өзінің ашылуын күтіп тұр. Оның негізгі авторы – Талапхан Азамат. Ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде Қожаның бейнесін сомдаған Нұрлан Санжар қатысуы тиіс. Бұйырса, ертең тиісті жұмыстың нәтижесін көреміз.

P.S: Биыл «Менің атым Қожа» повесінің жазылғанына 65 жыл толды. Ал келесі жылы киноның жарыққа шыққанына 60 жыл болады. Өткен демалыста «Қазақстан» ұлттық арнасынан фильмді қайталап көрдік. Еш жалықпадық. Нешінші рет көргеніміз есімізде жоқ, бірақ бір анық нәрсе, арада қаншама жыл өтсе де, әдеби шығарма да, кинотуынды да нағыз классикаға айналды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері қаншама ұрпақ тәрбиелеп келе жатыр. Бүгінгі балалар да осы туындыны жатырқамайтынына сенімдіміз. Ендеше жазушы Бердібек Соқпақбаевтың және кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың ақылды тентек Қожасы мен оның айналасындағы кейіпкерлердің тұғырға қонған бейнелерін елордадан қарсы алайық!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button