Мәдениет

«Қозы мен Баян» жаңаша жаңғырды

Кеше Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінің премьерасы өтті. Жаңа заманда жаңаша жаңғырған қойылымның режиссері – Гүлнәз Балпейісова.

[smartslider3 slider=3253]

Қазақ драматургиясының зор мұрасының бірі – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» туындысы жас режиссер Гүлнәз Балпейісованың режиссерлік нұсқауында заманауи бағытта қалың көрерменге ұсынылды. Гүлнәз Балпейісова – әлемдік режиссураның алыбы, реформатор Римас Туминастың төл шәкірті. Бүгінде Мәскеудің Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының жетекші режиссерлерінің бірі ретінде табысты қызмет етіп жүрген талантты ару Қаллеки театрына арнайы шақырылды. Қойылымға дайындық жұмыстары екі ай уақыт жүргізілді.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы тартыс Қозы, Баян, Күнікей, Мақпал, Жарқын сияқты жалынды кейіпкерлер мен Қарабай, Қодар, Жантық сияқты жағымсыз кейіпкерлер арасындағы тартыспен өрбіген. Пьесаның бас кейіпкерлері Қозы мен Баян – өз сүйспеншілігін ардақтай білген, сол жолдағы қандай да болмасын кездескен кедергілерді жеңуге бел буған тәуекелшіл жастар. Ал оларға қарсы тұрған – тойымсыз, дүниеқор, жаннан малды артық көретін қатал, қара жүрек әке Қарабай, дүлей қара күштің иесі Қодар, екі адамды соғыстырып қойып, арасынан пайда табуды көздейтін, алаяқ Жантық.

Спектакльдің актерлік құрамы: Қозы Көрпеш – Марғұлан Наменов, Баян сұлу – Ақниет Орынтай, Мақпал – Алтынай Нөгербек, Күнікей – Айнұр Жетпісбаева, Таңсық – Бегімнұр Қалила, Қарабай – Жанқалдыбек Төленбаев, Жасұлан Ерболат; Жантық – Олжас Жақыпбек, Әнуар Бектас, Қодар –  Бекарыс Шалқар, Айдар – Қайыржан Садықов, Таңқы – Ақжол Мамыр, Жарқын – Шах-Мұрат Ордабаев, Жолбарыс – Нұрсұлтан Есен, Ағаш қыз – Маржаннұр Макибаева.

Премьераны бүгін және ертең де тамашалауға болады

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button