Басты ақпаратСараптама

ҚҚС-тің мәні мен маңызы неде?

Жыл басында газетте (№2 (4746) «2025 жылы қаржы дағдарысы бола ма?» деген мақала жазған едік. Онда сарапшылардың пікірін негізге алып, бюджеттегі тапшылық Үкіметті тығырыққа тіреуі мүмкін екенін алға тарттық. Көп өтпей-ақ атқарушы билік қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеруді және тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Соған байланысты қоғамда ҚҚС қызу талқылануда. Тіпті, биліктің ҚҚС бойынша позиция­сына қарсы e-Petition.kz порталында петиция жарияланды. Осыдан кейін атқарушы билік 16 пайызға дейін көтеруге шешім қабылдаған сынды. Алайда бұл туралы ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

ҚАШАН, ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

ХХ ғасырда Еуропа аграрлық өркениеттің біртіндеп индустрия­лық қоғамға ауыса бастады. Енді сауда-саттық көлемі артып, салық жүйесін жетілдіру міндеті тұрды. Алғаш болып ҚҚС-тің маңызы АҚШ-та айтылды.

1920 жылы америкалық экономист Томас Сьюэл Адамс АҚШ конгресінде ҚҚС енгізуді жақтады. Бұл салық жүйесі мемлекеттің кірісін арттырудың тиімді және әділ жолы деп бағалады. Алайда экономистің ұсынысы қолдау таппады.

ХХ ғасырдың 70-жылдары Еуропа елдері саяси реформа жүргізіп, салықтың жаңа түріне басымдық берді. ҚҚС жылдам таралуына Еуропалық Экономикалық Қоғамдастықтың (ЕЭК) мүше мемлекеттер арасындағы сауданы үйлестіруді мақсат етуі оң әсер етті.

1977 жылы ЕЭК-ғы ҚҚС жүйе­сін ресми түрде қабылдады. Бүгінде ЕО-ға мүше мемлекеттер ҚҚС мөлшерлемесін кем дегенде 15 пайыз деңгейінде белгілейді.

1989 жылға қарай 48 мемлекет, оның көпшілігі Батыс Еуропа мен Латын Америка елдері көп болды.

Салықтың бұл түрін кең тарауына Халықаралық валюта қорының да (ХВҚ) әсері бар. Қазір ҚҚС 135 елде қолданылады.

Бір қызығы, ЕО-ға кірмейтін елдердің көпшілігінде қосымша салықтың ставкасы төмен. Мысалы, Швейцарияда стандартты мөлшерлеме 8,1 пайыз болса, Канадада – 5 пайыз, Сингапурда – 9 пайыз, Оңтүстік Корея – 10 пайыз.

1992 жылы Ресейде жаңа салық жүйесі пайда болды. 1995 жылы Қазақстан енгізді.

Ресейдің де, Қазақстанның да тәжірибесінен салықтың жаңа түрін енгізгеннен кейін мөлшерлемесін бірнеше рет өзгерткенін көруге болады. Мәселен, Ресейде 1992 жылы 28 пайыз болса, 1993-2003 жылдары – 20 пайыз, 2004-2018 жылдары – 18 пайыз, 2019 жылдан бері 20 пайыз деңгейінде сақталып тұр. Ал Қазақстанда 1995-2000 жылы – 20 пайыз, 2001-2004 жылдары – 16 пайыз, 2005-2007 жылдары – 15 пайыз, 2007-2008 жылдары – 14 пайыз, 2008-2009 жылдары 13 пайыз болса, 2009 жылдан 12 пайыз деңгейінде сақталып келген-ді. Әрине, бұған түрлі жағдай әсер етеді.

ҚҚС ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

ҚҚС (Қосылған Құн Салығы) – тауарлар мен қызметтерді сатудан алынатын жанама салық. Ол өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі әрбір сатылым кезеңінде қосылып, соңында тұтынушы төлейді.

ҚҚС-тің жұмыс істеу принципі – өндіруші шикізатты сатып алады және оған ҚҚС төлейді. Екінші – өңдеуші компания шикізатты өнімге айналдырады, оның үстінен ҚҚС қосып сатады. Үшінші – көтерме сатушы өнімді алып, оған қосымша ҚҚС қосып, бөлшек саудаға өткізеді. Төртінші – сауда орны немесе қызмет көрсетуші соңғы тұтынушыға сатқан кезде ең жоғары деңгейдегі ҚҚС қосады. Яғни, әрбір кәсіпкер сатылған өнімнің ҚҚС-ын алады, бірақ өзі сатып алған шикізат немесе қызметтің ҚҚС-ын шегеріп, айырмасын мемлекетке төлейді.

Мысалы, өндіруші шикізатты 100 теңгеге сатып алып, өнім жасап, оны 150 теңгеге сатады. ҚҚС 12% = 18 теңге. Көтерме сатушы бұл өнімді 150 теңгеге алып, 200 теңгеге сатады. ҚҚС 12% = 24 теңге. Бөлшек сауда өнімді 200 теңгеге алып, тұтынушыға 250 теңгеге сатады. ҚҚС 12% = 30 теңге. Осылайша, әр кезеңде тек қосылған құнға ғана салық салынады.

Озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, ҚҚС – бюджетке тұрақты салық түсімін қамтамасыз етеді, кіріске қарамастан барлық тұтынушы бірдей мөлшерде салық төлейді. Заңды айналымды көбейтеді. Өйткені компаниялар ҚҚС шегерімі үшін тиісті шот-фактура рәсімдейді. Алайда мемлекетке тұрақты кіріс әкелгенімен, бизнеске жүктеме түсіреді.

Айтқандай, Қазақстанда кейбір мекеме мен қызмет түрі ҚҚС-тен босатылған. Әлеуметтік маңызы бар салаларды қолдау және халықтың белгілі бір тобына қаржылық жүктемені азайту мақсатында жасалды.

Парламент депутаттары жекелеген салалар – фармацевтика үшін 10 пайыз, агроөнеркәсіптік кешен үшін 0 пайыз ҚҚС салуды ұсынып отыр.

САРАПШЫЛАР НЕГЕ ҚАРСЫ?

– Үкімет ҚҚС-ті көтеріп, оның шегін азайтуды ұсынып отыр. Бірақ бұл тұтынушылардың қалтасына салмақ салып, көлеңкелі бизнес қарқын алуы мүмкін. Экономиканы дамыту – күні бүгін ең қажетті, ең маңызды жұмыс. Үкімет ел экономикасын дамытуға, инвестиция тартуға, бизнеске жағдай жасауға күш салуы керек. Бұл экономика өсімінің есебінен салық түсімін көбейтеді, – деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

Расында, Үкіметке бюджеттің дефицитін жоюдың өзге жолын қарастыру керек. Бұл туралы экономист Қайырбек Арыстанбеков айтып берді.

– Елдегі ең табысты сала – шикізаттық экспорт сектор. Осы сала үшін ҚҚС-ны 20 пайызға арттыруға болады. Ал ішкі экономикаға бағытталған сектор мен инфрақұрылымға ҚҚС-ны 15 пайызға көбейткенде жетеді. Осы тұста ел экономикасында сауда-саттықтың үлесі 17 пайызға жетеді. Сондықтан бұл секторда ҚҚС-ны арттыру барлық тауардың қымбаттауына алып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ірі бизнес өкілдерімен кездесуде ҚҚС мәселесін тағы бір қарастырып, пысықтауды ұсынды, – деді сарапшы.

Салықтық реформа шағын және орта бизнеске қалай әсер етеді? Маңызды мәселе – осы.

Біріншіден, тауар мен қызмет құны қымбаттайды. Өйткені қосымша салық 20 пайызға көтерілсе, онда тауар мен қызмет ақысы автоматты түрде 7,14 пайыз­ға қымбаттайды. Салдарынан, азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрғын үй, коммуналдық қызмет, көлік және тұрмыстық техниканың бағасы өседі.

Екіншіден, инфляцияның жылдам өседі. ҚҚС-тің көтерілуі инфляцияны қосымша 2-3 пайыз­дық тармаққа ұлғайтады.

Үшіншіден, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Егер бір отбасы айына 150 мың теңге тұтынуға жұмсаса, ҚҚС-тің өсуі бұл шығынды қосымша 10,7 мың теңгеге арттырып, жылдық қосымша шығын 128,5 мың теңгені құрайды.

Төртіншіден, Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъекті­лерінің саны 1 миллионнан асады. ҚҚС-тің өсуі олардың өнімдерінің бағасын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін. Бұл әсіресе ішкі нарықта импорттық тауарлармен бәсекелесетін кәсіпорындарға қиындық тудырады.

Бесіншіден, көлеңкелі экономиканың көлемі ұлғаяды. 2024 жылы Қазақстанның бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрады. Салық мөлшерлемесінің 20 пайызға өсуі бұл түсімді теориялық тұрғыда 5,6 трлн теңгеге дейін арттыруы мүмкін. Алайда тұтыну мен өндірістің төмендеуі өсімді шектеп, кәсіпкер бизнесін көлеңкеге ауыстыруға талпынады.

ЕО елдерінде ҚҚС мөлшерлемесі орта есеппен 21 пайыз. Мысалы, Венгрияда 28 пайыз болса, Данияда – 25 пайыз, Финляндияда 24 және Италияда 22 пайызды құрайды. Алайда бұл елдерде жоғары ҚҚС әлеу­меттік қолдау бағдарламасы және дамыған экономикамен теңестірілген. ЕО тұрғындарының тұрмыстық әлеуеті жоғары. Мәселен, Данияда жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 72 мың доллар, Финляндияда 57 мың доллар болса, Қазақстандағы көрсеткіш 13,3 мың доллар деңгейінде.

Жалпы ЕО орташа жылдық жалақы 37 мың еуроны құрайды. Бұл көрсеткіш Бельгияда 60 мың еуро, Испанияда 32 мың еуро деңгейінде. 2023 жылы Еуропадағы жылдық жалақысы ең төмен ел – Болгария (12 мың еуро). Біздің елде жылдық орташа жалақы – 350 мың теңге. Еуроға айналдырсаңыз, 670 еуроға жетпейді. Енді 12 мың еуро мен 670 еуроны салыстырып көріңіз. Айырмасы жер мен көктей.

Экономист Мақсат Халық бюджет тапшылығын толтыратын өзге жолы бар екенін жасырмайды.

Бірінші кезекте, контрабандалық тауар айналымы көлемін қысқарту керек. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Қытайдан келген импорт көлемі шамамен 15,4 миллиард доллар құраса, сол кезеңде Қытай кеденінің мәліметтері бұл көрсеткішті 24,7 миллиард доллар деп көрсеткен. Екі елдің ресми статистикасының арасындағы айырмашылық – 9,3 миллиард доллар.

Екінші кезекте, көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 18,3 пайыз. Алайда бейресми экономиканың көлемі 30-40 пайыз деп ұсынатындар бар. 2025 жылы мемлекет қазынасы 1,2 трлн теңгеден қағылуы мүмкін.

Үшіншіден, тиімсіз іс-шараларға қаржы бөлуді реттеу керек. Мәселен, қыста мұз қалашығын салу мен жаңа жылдық шыршаны безендіруге миллиондап қаржы жұмсаудың қандай қажеттілігі бар?

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

P.S:

ҚҚС мөлшерін көтеру елдің әлеуметтік жағдайына тікелей әсер еткендіктен, асығыс шешім қабылдамай, жан-жақты талқылап, бюджет кірісін арттырудың өзге жолын қарастыру маңызды сынды. Қазіргі жағдайда, алдымен халықтың тұрмыстық жағдайын түзету, содан кейін барып кезең-кезеңімен салықтық реформаны жүргізуді қолға алған дұрыс. Біз сарапшылармен пікірлесіп осындай ой түйдік.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button