Жаңалықтар

ҚУАНЫШ ҰЯЛАҒАН ҚОНЫС

№2 қалалық балалар ауруханасы

Промышленный кентінің тұрғындарына қызмет көрсететін «Ниет» отбасылық денсаулық орта­лығы №2 қалалық балалар ауруханасына көшіп, жаңа ғимаратта қоныс тойын атап өтті.

Осыған байланысты «Ниеттіктерді» құттықтап барған Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева бұрынғы ғимарат өрт қауіпсіздігін сақтау және санитария талаптарына сай келмегенін, жалпы аумағы 169 шаршы метр ғана болғанын, ал қазіргісі мың шаршы метрге жететінін, осында бір ауысымда 150 адамды қабылдау мүмкіндігі барын, енді халыққа алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем көрсету үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.

«1999 жылы ашылған орталығымыз осы уақытқа дейін қуықтай бөлмеде жұмыс істеп келді» дейді мекеме ардагері – учаскелік медбике Сұңқар Жүнісова. Оның айтуынша, бастапқыда қаралатын адамдардың саны 4 мың 500 болса, осы күні саяжайлар тұрғындарын қосқанда 21 мыңға жеткен. Дәрігерлерді айтпағанда деніне дауа іздеп келгендердің тар жерде берекесі кетіп, өз реніштерін білдіріп кететін. «Жаңа ғимаратқа көшкенімізге үш күн болды. Біз де, емделушілеріміз де қуаныштымыз. Оны халықтың риза пікірлерінен біліп отырмыз» дейді ол.

Оның сөзін денсаулығын тексертіп жүрген Әбдіраш Шалабаев есімді азамат та растады. «Дәрігерлеріміздің бұрынғы қабылдайтын орны өте тар болатын. Дәлізінде адам иін тіресіп, жүре алмайтын. Қаралу үшін ұзын-сонар кезекте тұратынбыз. Тазалық жағы да көңіл көншітпейтін. Ал, қазіргі ғимарат – заманауи талаптарға сай, кең, жарық, әдемі, бір сөзбен айтқанда, адамның көңілін сергітеді» дейді ол.

Тағы бір атап өтетін жағдай, орталықтың жаңа ғимаратқа көшкені көптеген түйткілді шешті. Енді анализ тапсыру және дәрігер маманнан кеңес алу үшін балаларды №6 емханаға апарудың қажеті жоқ. Оның бәрі жаңа ғимаратта атқарылады. Ал, ересектерге мұндай қызметті осы мекеме үйіне тиіп тұрған №1 қалалық аурухана көрсетеді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button