Басты ақпарат

Қуаныш ЖИЕНБАЙ: «Түсімде толқыны тулаған жағалауда жүремін…»

Шығармашылығына Арал теңізінің тағдырын алтын арқау еткен белгілі жазушы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Қуаныш Жиенбай жетпіс деген белестің жотасына көтерілді. Қалың оқырманға өзі жағасында туып-өскен теңіз толқынындай мөлдір шығармалары арқылы танылған ол публицистикалық мақалаларында көптің көкейіндегі қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, прозасында соны әсерлі әңгімеледі. Журналистикаға университеттің соңғы курсынан араласып, бірнеше белді басылымда еңбек етті, 15-ке жуық прозалық жинағы жарық көрді. Мерейтойы қарсаңында халықаралық «Алаш» әдеби, Қазақ ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты, республикалық «Астана-­Бәйтерек» әдеби шығармалар бәйгесінің бас жүлдегері, Арал ауданының құрметті азаматы Қуаныш ЖИЕНБАЙМЕН ұлт руханиятының бүгіні мен болашағы туралы сұхбаттасқан едік.

[smartslider3 slider=2880]

– «Жазған дүниелері де, қоғамдық істері де теңіз төңірегінен алыстамайды. Қайда жүрсе де, миының бір мүйісінде Арал тұрады». Бұл – қаламгер Бауыржан Омаровтың сізге берген сипаттамасы.  Шығармаларыңыздың дені – Аралдың тағдыры, табиғат турасында. Аралдың бүгінгі тағдыры не болды?

– Бар ғұмырым теңіз жағалауында өтті. Ал теңіз жағалауында өмір сүрген адамның босбелбеулікке, жалқаулыққа салынуы мүмкін емес. Теңізден соққан саф самалдың, түйе өркеш толқындардың адамның жан-дүниесіне тигізер жағымды әсерін айтып тауысуың және қиын. Жалпақ тілмен айтқанда, теңіз сіздің бойыңыздағы жағымсыз құбылыстардың бәрін қас пен көздің арасында сылып тастайды. Сенбесеңіз, түк шаруаңыз болмаса да балақты тізеге дейін түріп алып, бірер сағат құм жағада серуендеңізші. Өмірге жаңа келгендей сезінбесеңіз, менімен сәлемдеспей-ақ қойыңыз… Иә, шын ниетіммен айтып отырмын. Шығармаларымның алтын арқауы – теңіз тақырыбы. Бұл – менің қаныма сіңген қасиет. Ойда жүрген, жазбауға мүмкіндігім қалмаған идеяны қағазға түсірерде де бәрібір «жағалауға қалай барып қалғандығымды» байқамай қаламын. Теңіз түсіме жиі кіреді, дәу толқындармен алысып, балықшы әкеміздің қайығында ескекші боп, балық аулаған күндерді аса сағынышпен еске аламын.

Баяғы ұлы теңіздің басынан бағы тайып келмеске кетті ғой, ендігі үміт – Кіші Аралда. Мұның да қазіргі ахуалы ауыз толтырып айтарлықтай жағдайда емес. Жасанды теңізге құйылып жатқан су мөлшері тым аз, оның үстіне балықты өсіп-өнуіне қарамай ашкөздікпен аулау, туған табиғатқа деген жанашырлықтың аздығы жанға батады. Осылар туралы толғана келіп, «У мен уылдырық» атты повесть жаздым. Ол «Жұлдыз» журналында жарияланды. Мақтанарлық шаруа бола қоймас, оннан астам прозалық кітаптарым жарық көрді. Мені әлдекімдер «көп жазатын қаламгер» дейтін көрінеді. Өзім экологиялық апат аймағында өскендіктен, ондағы адамдардың ауыр тұрмыс-жағдайларын көріп отырғандықтан, ең құрығанда қалам қуатымен жәрдемдесейін деген ишара шығар, сана сүзгісінен өткен жағдаяттарды қағазға түсіріп қойғанды мұрат тұтамын. Орыстың теңіз тақырыбына көбірек қалам тербеген тамаша жазушысы К.Паустовскийдің «Теңіз жағалауында туғандардың ақын болмасқа қақысы жоқ» дейтін сөзі бар. Тауып айтылған.

– Әбдіжәміл Нұрпейісовпен жақсы қарым-қатынаста болдыңыз. Одан үйренгеніңіз көп болар?

– Ол кісі көп адамды жанына жақындата бермейтін, керек етсе өзі іздеп тауып алатын. Сондықтан тонның ішкі бауындай араластым деп айта алмаймын. Бірақ бір-бірімізге деген ықыласымыз дұрыс еді. Кеше ғана арамыздан алыстаған әлем әдебиетіндегі мойны озық айтулы қаламгерлермен есімі бірге аталатын Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз шын мәнінде көзінің тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған ғажап адам еді. Біз байқаған тұста ол кісі қандай жағдайда болмасын, бастаған ісін аяғына жеткізбей орта жолда қалдырмайтын; асығыстық – ата жауы, қағазға түскен әрбір сөз, әрбір сөйлемінің сапасы мен салмағын әбден иіні қанғанша мың қайтара елеп-екшеп, сосын барып жариялауға ұсынатын. Баспадан шығайын деп жатқан кітабын бір қарап берейін деп қайтарып алып, содан бірнеше жыл бойы қашан көңілінен шыққанша қырнап-сүрнегені ертегі секілді ел-жұрттың әлі  есінде.

«Қан мен тер» трилогиясын, яғни дүние жүзі әдебиетінің бір інжу-маржанына айналған үш кітапты бір жинақтың аясына сыйғызып, аяусыз қысқартып, өзінің жүзге жақындаған жасына қарамай ақ тер-көк тер боп, елордада ауруханада жатып арпалысқан сәтіне аздап куә болғанымыз бар еді. Тіл ұшын түртіп тұрған баяғы жаттанды тіркес: «Елдің әлдеқашан рухани қазынасына айналып кеткен дүниені өңдей беріп қайтесіз?!» Қайтарылған жауап та мірдің оғындай: «Сендер не білесіңдер, мен артыма қарамай өлуім керек қой…»

Иә, артына қарамай, алаңдамай тасқа басылған кітаптарының бір жерінен титімдей кінәрат-күмән қалдырмай, бойындағы күш-қуаты мен ойындағысының бәрін қағазға түсіріп, әдебиетке деген соңғы парызын адал атқарып, өмірден өткен қадірлі қаламгерлеріміздің бірі һәм бірегейі де сірә, Әбекең болар-ау! «Соңғы парызды» да сан мәрте жөндеді, сан тілге сан мәрте аудартып, ақыры түз гранитіндей мұқалмайтын сапалы дүние етіп шығарды. Қос роман ана жылы ағылшын тілінде Америкада жарық көрді. Көзі тірісінде мұндай құрметке ие болғандар сирек, сол «сиректің» бас жағында тағы да Әбекеңнің тұруы – табиғи заңдылық.

Үйренгенім әрі ол кісіден күллі қазақ қаламгерлері алатын өмірлік сабақ – әрбір қазақ сөзіне адалдық, сөзді орынды қолдану, өмір мен өнер арасындағы шындықты ажырата білу… Бір теңіздің ауасын жұтып, суын ішкен соң әңгімемізге ортақ арна табыла кететін. Бұған қайта айналып соғамын, бұл ұзақ әңгіме. Ағамыздың қырық күндігіне орай «Ауруханадамын. Жұмыс көп. Тез жет» дейтін естелігім бір бет болып «Егеменде» жарияланды.

ӘДЕБИЕТКЕ КӨЗҚАРАС ӨЗГЕРДІ

– Қазіргі оқырманның талғамы бөлек, сондықтан әдебиет­ке қойылар талап күшейді депсіз. Ол қандай талаптар?

– Уақыттың жылдамдығын бүгін ешқандай «кереметпен» салыстыра, безбендей алмайсың. Ал оның жүрдек көшіне ере алмасаң, құм қауып қалатындығың және белгілі. Әдебиетке ғана емес, жалпы өнер атаулыға деген көзқарас бүтіндей өзгерді. Кешегі кеңес кезінде алдымен ауызға алынатын, идеологияның сойылын соққан «кірпіш» кітаптар сөрелерден біртіндеп сырылып барады. Оның орнына адам жан-дүниесіндегі аласапыран арпалысты сезімдерді көп сөз шығындамай, оқиғаның «ауырлық нүктесін» ойлы сөйлемдердің иығына артып, оқырманға айтарыңды шағын дүниемен-ақ жеріне жеткізерліктей әдіс-тәсілдер етек алып келеді. Бұған тек шеберлігіңіз жетсе деңіз! Қаламгер шығармасындағы түйінді жайларды оқушысының алдына түгін қалдырмай, жарқыратып жайып салуы міндет емес. Оқырманды да өзімен бірге ойға жетелеп отырғанға не жетсін.

– Қазақ әдебиетінің бүгінгі даму деңгейіне қандай баға бересіз? Кімдерді оқисыз?

– Бұл – асықпай отырып сырласатын үлкен сұхбаттың шаруа­сы. Қазақ әдебиеті әлдекімдер айтып жүргендей, тоқырауға ұшыраған әдебиет емес. Даму тенденциясы көңілге қонады, көңілге қонғаннан бұрын біздің әдебиет әлем әдебиетіндегі алдыңғы қатарлы әдебиет шоғырымен қай тұрғыдан болмасын, толыққанды теңесе алады. Бізді тығырыққа тіреп жүрген –  аударма. Қазақ сөзінің нәрін, сөлін шашыратпай өзге тілдерге аудару жағынан аздап «ұяттымыз».  Түпнұсқадан  тікелей аударатын жас аудармашылар енді-енді ғана «бас көтеріп» келеді. Соларға үміт артамыз. Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Молдахмет Қаназ, Тұрысбек Сәукетаев, Қуандық Түменбаев­тарды қадағалап оқимын. Бір жағынан «осылар қайда бара жатыр, менен озып кеткен жоқ па?» дейтін «қауіпті» де жасырып қалуға болмас. Бізден кейін бір топ тегеурінді  жастар өсіп келеді. Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Қанағат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік, Бақыткүл  Сәрмек, Досхан Жылқыбай, Есбол Нұрахмет, Өміржан Әбдіхалықұлы, Дүйсенәлі Әлімақын… (Кейбірі ауызға түспей қалса, кешіріммен қарар).

– Журналистика мен жазу­шылық қабілетті қатар дамыту қиын емес пе?

– Журналистика факультетінің соңғы курсынан бастап «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналастым. Ол кезде жастар газетінің «қаны» жерге тамбай тұрған уақыт. Газеттің тиражы 300 мың болатын.  Табандап он жыл «отырдым», таза шығарма­шылықпен айналысатын мүмкіндікті жіберіп алдым-ау деп сәл-пәл өкінгенім болмаса, тәжірибе жинауға, өмір көруге, жақсы-жаманды ажыратуға келгендегі «алғаным», «пайдам» шүкіршілік дейтін-ақ дәрежеде. Екі саланың арасында тұрған «Қытай қорғаны» жоқ, керісінше бірін-бірі толықтыруға келгенде таптырмайтын «алтын көпір».

– Драматургия саласына қалам тербеп жүрсіз. Бірнеше пьесаларыңыз да бар. Дегенмен қазақ театрлары өзіміздің драматургия саласы ақсап жатыр деп, көбіне аударма қойылымдарды сахналайды…

– Әуезовтен бастап, талантты қаламгерлеріміздің дені драматургиямен айналысты. Айтатыны жоқ, әдемі әрі қолайлы жанр. Қауқарыңыз жетсе үш жүз беттік роман сюжетін отыз бетке сыйғыза біліңіз, майдан қыл суырғандай ойыңызды жеткізе біліңіз. Драматург – үйдің қаңқасын тұрғызушы, оны әрлеп, айнадай жалтыратып көрерменге ұсынушы – режиссер.

Мұнан оншақты жылдың бедерінде елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрда Болат Ұзақовтың режиссерлігімен «Таңғажайып планета» атты пьесам сахналанған. Бір-екеуі облыстық театрларда қойылды дегендей… Аталмыш театр режиссері Нұрлан Жұманиязов «Тұншықтырмас түтін иісі» деген комедиямды қоямын деп, дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Менің де «қанымды» ішті, кейбір тұстарын он мәрте түзеттіріп, қайта жаздырды. Енді шамаға соққан тәрізді, Нұрлан телефон соқса жүрегім дүрс ете қалады. Шығармашылық  байланыстың, автор мен режиссердің бірге жұмыс істеуінің пайдасы орасан. Ал өкініштісі, кейбір өзін «мықты» санайтын режиссер мырзалар пьесаны оқымайды. Не театрдағы әдебиет меңгерушісінің пікіріне «тояттайды», сөйтеді де аудармаға «ауыз салады». Негізі бұл «процесс» ұзаққа созылмаса игі…

ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН БІРГЕ ЕРКІНДІК КЕЛДІ

– Қазіргі журналистердің сөз саптауы нашар деуіңізге не себеп?

– Күні кешеге дейін газет-журналдардың төңірегінде жүрдім. Сізге ағымнан жарылайын, тіршіліктің сан түрлі түйткілдерін түсіндіруге келгенде, шындықты шырылдатып айтуға келгенде кейбір тұста жазушылықтың, шығармашылықтың алдына журналистік ұшқырлықтың түсіп кететіндігін жасыруға болмайды. Бізде сөздің майын тамызатын журналистер жеткілікті. С.Абдрахманов, Қ.Сәрсенбай, Д.Қуат, Қ.Олжай, Н.Жүсіп, Ш.Қазығұл… секілді сайыпқыран журналистер қай тақырыпқа болмасын, қамшы салдырмайды. Ақ мылтық. Және жазғандарын іздеп жүріп оқисың. Бұлардың жазу мектептері қалыптасқан. Ал кейбір әріптестерге қарадай-қарап қарның ашады. Ізденбейді, интернет ұсынған ақпараттар төңірегінен шыға алмайды. Сірә, бұл ізденбеушілік, «дайын асқа тік қасық болуға» ылғи ыңғай танытып тұрушылық – журналист мамандығын сұраныстан, қажеттіліктен асырып, көп «дайындап» жібергендіктің салдары болар. Дені «баспасөз парақшасын» алады да, ертең газетке баратын мақаланы сол деңгейде дайындай салады.

Жастар газетінде қызмет істедім дедім ғой, күнделікті өтіп жататын сан-сапалақ жиналыстарға біз де баратынбыз. Марқұм редакторымыз Сейдахмет Бердіқұловтың сол жиындардан жазылған материалдарға көңілі толмайтын. «Таптаурын, ішінде іліп алары жоқ, көкбақа. Жиналысқа бардың, жан-жағыңа қарадың, сонда бірер шенеуніктердің қалғып-мүлгіп отырғандығын да көрдің ғой. Міне, сен іздеген тақырып, әкесін танытып сондайды жазсаңдаршы, оқырманның да күтетіні сондай дүниелер ғой» деп шегелеп айтудан жазбайтын. Орыстың Сергей Давлатов деген шебер жазушысы болды. Кейін диссидент ретінде шетелге кетіп қалды. Жазушылықты журналис­тикадан бастаған. Америкалық джаз ансамблі туралы жазылған жүз жол репортажымен-ақ елді таңғалдырған.

– Тәуелсіздік сіздің шығармашылығыңызға қандай өзгеріс әкелді?

– Өз басымда жариялауға болмайтын «жабық тақырыптар» болған жоқ. Еркіндікке қол жеткіздік. Мәселенің түбін қазып, ашық айтуымызға мүмкіндік туды. «Жер үстінде де жұмақ бар», «Ән салуға әлі ерте», «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романдарым тәуелсіздік болмаса жарияланар ма еді, жарияланбас па еді, кім білсін? Космодром, Байқоңыр, Төретам төңірегіндегі адамзаттық проблемалардың тұмылдырығы кейін сыпырылды ғой. Тіпті ғарыш айлағына кіріп-шығудың өзіне адам айт­қысыз кедергілерден өтуге тура келетін. Ресей азаматтарының тұрмыс-жағдайлары мен жергілікті қазақтардың, біздің ағайын­дардың өмір сүру дағдыларын салыстыруға келмейтін. Әлі де осы теңсіздік салқыны бүтіндей жойылып кеткен жоқ. Ал осыларды көріп отырып, дым білмегендей қарап отыруға бола ма? Болмайды, түн ұйқың төрт бөлінетін ситуация­ға жүрдім-бардым қарасаңыз, қолға қалам ұстау неге керек?!

ГАЗЕТТІҢ ҚАҒАЗ НҰСҚАСЫ ЖОҒАЛМАЙДЫ

– Қазір қоғамда газеттің қағаз нұсқасы жоғалады дегендей пікір айтылып жүр. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Біздің жасымыздағыларға газеттің иісін иіскемей бірдеңе оқу, ай, қиын-ау! Газеттің қағаз нұсқасы жоғалады дегенге өз басым сенбеймін. Бұл – негізсіз айтылған тұжырым. Ана жылы жол түсіп, сондағы халықаралық әдеби бірлестіктің шақыруымен Англияға, Лондонға барғанымыз бар еді. Сондағы байқағанымыз, жүз беттік сапалы қағазға басылған күнделікті басылым әр көшенің бұрышында үйі­ліп тұр. Тегін, керегіңізше ала беріңіз. Және күн сайын. Ал оған шығындалатын қаражат көлемін көз алдыңа елестете алмайсың. Дамыған елдерде газеттің қағаз нұсқасы керісінше сан түрлі бояулармен әсем безендіріліп, бұрқырап шығып жатады. Жапонияда да солай. Жалпы, ақпараттың шынайы нұсқасы үшін тиын санаудың қажеті жоқ.

– Соңғы жылдары оқырманға не ұсынып жүрсіз?

– Марқұм Дүкенбай ­Досжанов ағам: «Менің басым отта тұрған қазан секілді» деуші еді. Басындағы жазылатын жаңа дүниелердің кезек күтіп жатқандығын айтқан болар. Атақты Габриель Маркес және былай дейді: «Жазған шығармаларымның ішінен «Жүз жылдық жалғыздықты» алып тастар едім. Тым құрығанда қайта жазып шығатын едім. Мен ол кітабым үшін ұяламын. Бір себептермен оны өзімнің көңілімнен шығардай қылып жазуға уақытым тығыз болды…». Құдайға шүкір, зейнет­керлік әсіресе, қалам ұстағандарға берілген мол мүмкіндік. Тек соны рәсуа етпей, орынды пайдалана біліңіз. Асығыстықты басқа бермесін, ана кездері оның да ащы дәмін бір адамдай таттық. Ендігі жерде «бір қайнауы ішіндегі дүниені» ұсынбайсың, әбден тігісін жатқызып барып, жариялауға жағдай туды. «Оны мазаламаңыздаршы» дейтін повесім таяуда «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Оң жамбасыма келіңкірейтін жанрдың бірі – көркем әңгіме. Бірнеше әңгімем қайтадан бір қарауымды қажетсініп, үстелімнің үстінде жатыр…

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button