Жаңалықтар

«Құм театры» жобасы көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Құм театры» жобасы өтті. Іс-шара Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – қарттарға мәдени-рухани демалыс сыйлау. Алдымен жоба авторы Ажар Ілияс құммен сурет салды, анасы Айжан Жаркешова ертегінің мәтінін оқыды. Осылайша қазақ аңызын «Құм театры» жобасында қарттарға ұсынды. Содан кейін әр қариямен жеке жұмыс істеп, құммен сурет салу техникаларын үйретті.

[smartslider3 slider=3149]

Педагог-психолог Айжан Жаркешова бұл іспен 2010 жылдан бері айналысып келеді. Зейнеткерлерге шеберлік сағатын ұйымдастыру қызы Ажардың идеясы екенін айтты.

– Қызым қала әкімдігі ұсынған байқау грантын осы әлеуметтік жоба арқылы жеңіп алды. «Құммен сурет салу» жобасының басты мақсаты – зейнеткерлерге жағымды эмоция сыйлау, шығармашылық кеш ұйымдастыру. 27 мамырдан бастап қаламыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында» зейнеткерлермен кездестік. Көптеген жақсы пікірлер естіп, ұнағанына қуандық. Адам сурет салу арқылы ішкі жан дүниесін бейнелеп, өзіне сенім қалыптастырады. Әлеуметтік жоба бойынша 100-ден астам қартты бұл жобамен қамтып отырмыз. Әр барған мекемеге аппараттарды тегін қалдырамыз. Кейін де олар осы өнермен айналысуына мүмкіндік болады, – деді Айжан Жаркешова.

Жоба авторы Ажардың айтуынша, құммен сурет салу ұсақ және ірі қол моторикасын дамытады. Сондай-ақ адам бойындағы шығармашылық белсенділікті арттырады.

– Кез келген адам сурет сала алмаса да, бұл өнер қиындық тудырмайды әрі жас талғамайды. Анам құммен сурет салуды балаларға үйреткендіктен, қарттармен жұмыс істегім келді. Жасы ұлғайған сайын адамдар бала сияқты болып кетеді. Қалада қарттар баратын орын аз. Олар өздеріне деген ілтипатты, құрметті сезіну керек. Алдағы уақытта жобаны жалғастыру ойымызда бар, – деді Ажар Ілияс.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Байқоңыр ауданы бойынша басшысы  Роза Байсалбаева орталықта 450-ден астам зейнеткер бар екенін айтты.

– Қаңтар айынан бастап біздің мекеме жұмыс істеп келеді. Үйірмелеріміз өте көп. Қала әкімі осы әлеуметтік жобаны ұсынғандықтан, біз де қуана келістік. Зейнеткерлерге қатты ұнады. Алдағы уақытта үйірме ретінде ашу ойымызда бар, – деді орталық жетекшісі.

Зейнеткер Жібек Баймаған­бетова ақпан айынан бері орталық шараларынан қалмай қатысып келеді.

– Зейнетке шыққаннан соң бос уақытың көп болады. Осы орталыққа келіп, замандас­тарыңмен бірге жаңа нәрсені үйренген өте керемет. Көп уақытымызды осында өткіземін. Теннис ойнап, сурет саламыз әрі спортпен айналысамыз. Бүгінгі жоба қатты ұнады. Құммен сурет салу басқаша екен. Кәдімгі қағазға қарағанда айырмасы көп, – деді зейнеткер.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button