Басты ақпаратДенсаулық

Құмар ойыннан құтқаруға бола ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамдардың дерті деп ресми мо­йындаған. Себебі бүгінде оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойынға құныққан жастардың саны, өкінішке қарай, артып келеді. Бас қалада құрдымға құлатар дауасыз дертпен күрес кешенді түрде жүргізіледі. Лудоманияны анықтап, медициналық көмек көрсету қызметі Астана қаласындағы 7 емхана мен қалалық психикалық денсаулық орталығының базасында жүргізіледі. Сонымен қатар жастар арасында лудоманиямен күрес мақсатында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Jarqyn bolashaq» жобасы жүзеге асырылады.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «құмарпаздық – қауіпті кесел, кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті, бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш» деп атаған еді. Қоғамдық кеселге қатысты елімізде заң қабылданып, енді 21 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынды.

Елде заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған түрлі шара қолға алынғанмен, жымысқы әрекетін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды сан айламен арбайтын болған. Тірнектеп тап­қанын құмар ойынға құрбан қылғандардың дені – жастар. Сондықтан да жас ұрпақпен кешенді жұмыс жүргізу өзекті. Бұл мақсатта елордада биыл «Jarqyn bolashaq» жобасы қолға алынып, жастар арасында лудомания мен алаяқтықтың алдын алуда бірқатар іс-шара жүргізіліп келеді.

Олжас АМАНГЕЛДІ, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының

маманы:

«Жоба аясында жоғары оқу орындарының, орта арнаулы оқу орындарының білім алушыларына дәрістер, сондай-ақ психологтар, Полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер өтеді. Қазіргі таңда 8 кездесу өтті. Сондай-ақ белсенді жастар арасында боулинг, ­пейнтбол, бампербол, тимбилдинг секілді танымдық іс-шаралар да ұйым­дастыру көзделген. Себебі қатысушылар тек қызықты ойын­нан ләззат алып қана қоймай, қатарластарымен бірге тілдесіп, осы арқылы пайдалы әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндік алады. Жастарға түрлі мән-маңызы бар қызығушылықтың бар екенін түсіну маңызды. Елордалық жастар арасында лудомания деңгейін анықтау мақсатында қазіргі таңда 2500 респондент қатысуымен сауалнама жүргізілуде».

Давид ШАРИПОВ, «Jarqyn bolashaq» жобасы аясында боулинг турниріне

қатысқандардың бірі, волонтер:

«Мен әлеуметтік волонтер ретінде жалғызбасты әжелерге көмектесемін. Белсенді ерікті ретінде осы турнирге шақырылдым. Өзіме жағымсыз әрекеттерден ада, өзін дамытуға ұмтылатын ортамен араласқан ұнайды. Боулинг турнирінде қарсыластарыммен жақын араласып, жаңа достар таптым. Мұндай іс-шаралар топпен бірге жұмыс істеу қабілетін арттырып, спортқа жақын болуға ықпал етеді».

Жыл соңына дейін жалғасатын «Jarqyn bolashaq» жобасы жастар арасында цифрлық қауіптердің алдын алудың маңызды бөлігіне айналды. Бас қаладағы жоба негізінде елордалық полицейлер мен волонтерлер алаяқтық пен құмар ойынға тәуелділіктен қорғау бойынша жадынама таратуды жүзеге асырады. Мұндай акциялар қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, саябақтар мен скверлерде өтеді. Мақсат – тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік пен қауіптер туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ технологияны қауіпсіз пайдалану дағдысын дамытуға көмектесу. Одан бөлек, елорданың Полиция департаменті қызметкерлері лудомания мен интернет-
алаяқтықтың қауіп-қатерін түсіндіруге бағытталған кездесулерге қатысып отырады.

Нұрлан БЕРІКБАЕВ, Астана қаласы Сарыарқа ауданының полиция

қызметкері:

«Букмекерлік компаниялардың парақшалары мен түрлі құмар ойындар қазірде кез кел­генге қолжетімді. Әрі оны қолдану әдісі туралы көпшілік жастар, әсіресе оқу орындарының білім алушылары хабардар. Лудомания дерті интернет-­алаяқтық қылмысымен тығыз байланысты. Себебі интернет-­алаяқтықтың фишинг түрі арқылы қаскөйлер пайдаланушылардың жеке дерегіне қол жеткізіп жатады. Кейін туған-туысының не басқа да адамдардың атынан тіркеліп, өзге біреуден жымқырған ақшасын букмекерлік компания­лардағы шотына жіберетін жағдайлар да кездеседі. Мұндағы лудоманның басты көздегені – өзінің ақшасын еселеп арттыру. Яғни тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін өз-өзіне инвестиция салуға саяды. Өз тәжірибемде лудомандардың басқалардың да ақшасын сыпырып алуға барған жайты кездесті. Мәселен, ол біреуді 20 мың теңге салуға көндіріп, кейін 2 миллион теңге салуға дейін итермелейді. Бұл әдісті өзі ұта алмай, басқаның көмегімен ұтсам ба деген алаяқ­тар қолданады. Лудомания ішімдікке салынудан да бетер қауіпті. Өйткені ол азын-аулақ тиын-тебен салудан, бүкіл мүлкінен айырылуға дейін барады. Осылайша тығырыққа тірелген адам қарыз қыспағында қалады, оның үстіне қылмыскер атанады. Ал оның негізгі себебі – өзінің жеңімпаз екенін дәлелдеу. Алайда құмар ойындар адамдарды құрыққа оңай іліп кететінімен белең алып бара жатқанын үнемі ескеру қажет. Жастар үшін маңыздысы – ата-анасының айтқанына құлақ асу және жеңіл ақшаға құнықпау».

Тез байып кету сипатындағы мотивациялық үгіт-насихаттар мен букмекерлік компаниялар жарнамасының көп болуы да адамға әсер ететіні сөзсіз. Оған сеніп, құрдымға батқандардың дерті анықталғаннан кейін емделудің де дұрыс жолын қарастырған маңызды. Өйткені қоғам мұны ауру деп мойындамай жатады.

Азамат ЖАМАНҚАРАЕВ, елордалық «Komek» орталығы мотивация

бөлімінің қызметкері, аддиктолог:

«Жалпы лудомания – Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе. Лудоманияның басты себебі – адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүру, оңай олжаны құмарту. Бүгінде ойнап жүріп от басқан жастар баршылық. Оның ішінде 15-25 жастағылар аталған дертке жиі шалдығып жатады. Мұны емдеуге қатысты көпшіліктің көзқарасы әлі күрделі. Мәселен, бір отбасының баласында бұл дерт анықталса, ата-анасы оған нақты шарт қо­йып, тоқтату керек. Ал қоғамда керісінше, ата-аналар қатерге бой алдырып жатады. Ең бергісі, кейбіреулер емдетуден ұялып, мұны жасырын ұстайды. Бірінші кезіккен коуч не тренерге, тәуіп, имамға апарып, тіпті қарызын өзі жауып беруге дейін барады. Тәуіп тәуелділікті емдемейді, бұл – психологиялық дерт. Адам өзін-өзі басқара алмай қалатынын түсіну қажет. Оңалту орталығына жүгініп, кәсіби психологтардың көмегімен ғана дерттен айығуға болады».

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button