Құнарлы ас – бала саулығының кепілі
Дұрыс тамақтану – балалар денсаулығының негізі. Балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшеліктерін, негізгі тағамдық сұраныстары мен энергиясын, күн тәртібін ескере отырып, олардың тамақтануын дұрыс ұйымдастыру дені сау баланың дамуын анықтайды.
Балабақшада дұрыс тамақтану негізі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын талаптар «мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» мемлекеттік құжатында көрсетілген. Білім беру ұйымдарында аурулардың алдын алу, оқушылар мен тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайту, физикалық жетілдіру, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша қажетті шаралардың орындалуы қарастырылады. Өсуші организмді дамыту мен денсаулықты нығайтудың маңызды факторы тамақтану екендігі сөзсіз.
Балабақшаға арналған перспективалық мәзір жасау кезінде өңірде шығарылатын отандық өнімдер ассортименті ескеріледі. Балаларды тамақтандыру рационында витаминді-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау температурасы төмен тоңазытқыш камераларында жүзеге асырылады. Температураны бақылау үшін термометрлер орнатылады. Сынап термометрлерін пайдалануға жол берілмейді. Күн сайын тамақтанатын балалардың саны, жасына байланысты дайын тағам порциясының массасы, әрбір тағам бойынша өнімдер шығысы көрсетіле отырып, ас мәзірі парағы жасалады. Тамақ дайындау процесі өнімдердің тізбесі, олардың салмағы, химиялық құрамы, құнарлылығы, тағамды дайындау технологиясы туралы мәліметтер көрсетілген технологиялық карталарға сәйкес тағамдар картотекасын пайдалана отырып жүргізіледі. Ас мәзірінде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде немесе келесі 2-3 күнде қайталауға жол берілмейді.
Балабақшадағы балалардың күнделікті тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және бидай наны, көкөністер, қант қосылады. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құстың еті аптасына бір рет беріледі. Таңғы ас ыстық тағамнан (бірінші немесе екінші) және ыстық сусыннан, жұмыртқа, сары май немесе ірімшік қосылған бутербродтан тұрады. Екінші таңғы асқа шырын және жемістер ұсынылады. Бірінші түскі ас салат, ет, балық немесе тауық етінен жасалған ыстық астан және үшінші компот, шай, шырын және кисельден тұрады. Пісірілген және жас көкөністерден салат дайындалады. Одан кейінгі бесін асқа ас мәзіріне кремсіз тоқаш немесе кондитерлік бұйымдармен бірге сусынды сүт, қышқыл сүт өнімдері, шырын, кисель және басқалары қосады. Тамақтандыру арасындағы интервал 3,5-4 сағаттан аспауы тиіс.
Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдауды бракераж журналына деректерді енгізе отырып, олардың сапасы және қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар болған жағдайда жүзеге асырылады. Тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар объектілердің ас блогында сақталады. Тамақтың жарамдылық мерзімі мен оны сақтау шарттары мерзіміне сәйкес келуі керек. Балалар болашағының негізі – олардың салауатты өмір салтын ұстануы мен дұрыс тамақтануында жатыр.
Қарлығаш ЕСЕНҚҰЛОВА,
Астана қаласы №18 «Аяжан» балабақшасының медбикесі