Мәдениет

ҚҰНДЫЛЫҒЫ КӨП КӨРМЕ

ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан халқы ассамблеясы және көп этносты Қазақстан көрме залында елімізде тұрып жатқан этностарға қатысты түрлі жәдігерлер қойылған. Шамамен 500-ден астам экспонат еліміздегі түрлі ұлт тарихынан сыр шертеді.

Көрме залында түрлі халықтардың көне, тұрмыстық заттары мен музыкалық аспаптары да бар. Үнемі қозғалып тұратын фарфор мүсіндерге кигізілген бағзы замандағы ұлттық киімдер сол дәуірдің тынысын көз алдыңа әкелгендей болады. Ерлер мен әйелдердің ұлттық киімін киген мүсіндердің көлемі – 70 см шамасында. Бұл – сондағы экспозициялардың бір ерекшелігі.

 Осы залға кіргендер алдымен «Қоныс аудару» атты үлкен диорама деректерімен танысады. Мұнда қазақ халқының қонақжайлылығы мен кішіпейілділігін бейнелейтін түрлі дүниелер қойылған. Сондай-ақ, осы залда алғашқы қоныс аударушылардың сол кездегі тұтынған бұйымдарын, құрал-саймандары мен тұрмыстық заттарын тамашалауға болады. Жалпы алғанда көрмеде 39 этностың экспозициялары келушілер назарына ұсынылған.

– Мұнда Қазақстан халқы этностарының қоныс аудару хронологиясы көрсетілген. Мысалы, бірінші болып ІХ ғасырдың 70-80 жылдары орыстар, украиндар көшіп келген. Содан кейін ұйғырлар, дүнгендер, кәрістер келе бастаған. Көрменің экспозициялық қатары да осы кезекке сәйкес құрылған. Экспозициялардың басым бөлігі ҚР Ұлттық музейінің қорынан алынған, музейлік маңызы бар заттарды ұсынуға «Келісім» бірлестігі де ниет білдірді, сондай-ақ, елшіліктермен, мәдени орталықтармен де бірлескен келісімдер жасалды, – дейді ҚР Ұлттық музейі экспозициялық-көрме жұмысы қызметінің жетекшісі  Тоғжан Әділбекова.

Сондай-ақ, осы залда әлемнің түрлі мемлекеттерінің президенттері мен делегациялары құрмет пен ризашылықтың белгісі ретінде Мемлекет басшысына және елордаға тарту еткен сыйлықтарға жеке орын бөлінген.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button