Халқымыздың қазынаға толы тарихында, зерттеу мен зерделеуді қажет ететін ғылымында көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның қалдырып кеткен еңбегі ұшан-теңіз, алар орны биік. Бұлай дейтін себебіміз шәкірттеріміз, жылдағы дәстүрге сай, мектеп атынан ұйымдастырылатын «Академик Әлкей Марғұлан ізімен» экспедициясына қатысып, жаздағы демалысын пайдалы өткізген еді.
2006 жылдан бері үзілмеген, кешені бүгінмен жалғап, оны ертеңге жеткізген мектебіміздегі бірегей жоба – «Академик Әлкей Марғұлан ізімен» туристік-өлкетану экспедициясы биыл еліміздің шырайлы шығыс өңірінде жалғасын тапты. Білімге ынтық, археологияға асқан қызығушылық танытқан жас ғалымдар мектеп музейінің жетекшісі Сәуле Жұмабекқызының бастамасымен Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылындағы Бесоба қорымына табан тіреп, «Алтай-Тарбағатай – ежелгі тарихымыздың алтын бесігі» атты халықаралық археологиялық жазғы мектептің құрамында болды. Осы тұста айта кетерлігі, демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін Астана қаласы Білім басқармасы жазғы мектеп лагерін бірнеше бағытқа бөлген еді. Икемі мен қызығушылығына қарай 105 оқушыны іріктеп алдық та, олармен «археологиялық лагерь» бағытында жұмыс жүргіздік. Оның үстіне, биыл – қазақ археологиясының атасы, мектебімізге есімі берілген дала данышпаны Әлкей Марғұланның 120 жылдығы. Өзара үйлесім мен үндестік тапқан сәт ылғи бола бермесе де, бұл жолғы зерттеу жұмысы балалардың есінде ұзақ жатталып қалары сөзсіз.
Елордадан арнайы аттанған біздің топ тамыры терең Қазақстан тарихымен танысуға мүмкіндік алды, сондай-ақ өңірдің тау-тасын зерттеп, отандық ғылымға қанатымен су сепкен қарлығаштай үлес қосқаны тағы бар. Өйткені ерте темір дәуіріне жататын Бесоба қорымында қазба жұмысы жүргізіліп, археологиялық ескерткіштер жаңа қырынан зерттелді. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ғани Қалиханұлы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ұлан Үмітқалиұлы өскелең ұрпаққа дәріс оқып, білім көкжиегін кеңейтті.
– Бұл жолы жазғы демалысымды мейлінше қызықты әрі пайдалы өткізуді көптен бері ойлап жүр едім. Бақытыма орай, археологиялық лагердің ашылатынын біліп, тарих сабағынан беретін ұстазымның бағыттауымен, ата-анамның рұқсатымен алыс жолға шығып, Отанымызды аралап, Қазақстан тарихы пәнінен алған білімімді тәжірибе жүзінде ұштастырдым. Бір аптаға созылған туристік-өлкетану экспедиция маған көп нәрсе үйретті. Ең алдымен, ұлтымыздың маңдайына біткен ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан ғұмырын не үшін қазақ даласын зерттеуге сарп еткенін ұғындым. Атамыздай мықты академик болу үшін көп ізденіп, дерек пен дәйекке үнемі мән беру керек екен. Ол жақта өзімдей балалармен танысып, байланысты үзбей келеміз. Күннің ыстығына қарамастан, палатка құрып, арнайы әзірлеген жол картасын тыңғылықты зерттеп барып қазба жұмысына кірістік. Құрал-жабдықтарымыз бен экипировкамыздың пайдасы тиді. Келер жылы да міндетті түрде кең байтақ Қазақстанымыздың кез келген өңіріне сапар шегіп, жас археолог ретінде үлесімді қосамын, – деді қыркүйекте мектепке келген 9-сынып оқушысы Мерей Жангужинова.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, «Академик Әлкей Марғұлан ізімен» туристік-өлкетану экспедициясын кезінде ұлтжанды азамат, бұрынғы басшымыз марқұм Ербол Іргебай бастап беріп еді. Ал бүгінде тағылымды істі абыроймен атқарып жүрген – әріптесіміз Сәуле Жұмабекқызы. 20 жылға жуық уақыт аралығында ұстаздар қауымы мен шәкірттердің бармаған жері, баспаған тауы кемде-кем: Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай археологиялық кешені, Алаша хан, Жошы хан кесенелері, Ұлытаудағы Хан ордасы, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Жамбыл Жабаев дүние есігін ашқан мекен, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Айғаным ханымның қонысы, Шоқан Уәлиханов білім алған Омбы қаласындағы кадет корпусы, Баянауыл жері мен Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Түркістан өңіріндегі ортағасырлық қалалар Отырар мен Сауран және тағы басқалары. Мұндағы басты мақсат – өскен елінің, туған жерінің тарихын жетік білетін, өлкені тануға ден қоятын, тарихи ескерткіштерді қорғай білетін ұрпақ тәрбиелеу, балалардың интеллектуалдық ой-өрісін кеңейту, тұла бойында ізет, әдеп, ар-намыс секілді қасиеттерді берік орнықтыру.
Шапқан аттай, ескен желдей уақытпен санаспай, білім әлемінде ұзақ жыл жүргенімізде туған жерін қастерлей білетін қаншама шәкірт тәрбиеледік. Келешекте де әлемге қазақ атын Әлкей Хақанұлындай танытар ұрпақ өсіру жолында аянып қалмаймыз.
Жұмагүл БАЛТАШҚЫЗЫ,
Астана қаласы Әлкей Марғұлан атындағы
№40 мектеп-лицей директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары