Құқық

Құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік – әрбір қазақстандықтың міндеті

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстанда құқық бұзушылықтың алдын алудың ұлттық жүйесі қалыптасты. 1996 жылы рецидивті қылмыстың алдын алуға бағытталған «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» Заң қабылданды.  Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде 2004 жылы «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Заңға қол қойылып, оған азаматтардың қатысу саласында туындайтын қоғамдық қатынастар реттелді.  Сол жылы «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заң қабылданып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз қалудың, қоғамға жат әрекеттердің алдын алуға бағытталған құқықтық, педагогикалық және өзге де шаралар жүйесі көзделгені мәлім.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы азаматтардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған 2009 жылы  «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы  туралы» заң қабылданды. Келесі жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейтін «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға қол қойылды.

Айта кетуіміз керек, әлеуметтік-экономикалық дамуды ескере отырып, аталған нормативтік құқықтық актілерге қабылданған сәттен бастап осы уақытқа дейін 84 түзету енгізілді.

 Жалпы құқық бұзушылықтың алдын алу не мақсатты көздеп отыр?

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында құқық бұзушылықты алдын алу жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді әзірлеуге қатысуын кеңейту міндеті қойылған болатын. Сонымен қатар, 2024 жылғы 22 қаңтардағы Ішкі істер министрлігінің алқасының кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жаңа бірыңғай заң әзірлеуді тапсырды.

Бұл ретте Президент осы саладағы мынадай маңызды аспектілерге назар аударды:

1) қылмыстың басты себебі – қоғамға жат өмір салты;

2) заңды бұзуға бейім адамдармен арнайы жұмыс жүргізу, олардың қоғамға қайшы әрекеттеріне түрткі болатын барлық алғышарттарын теңестіру маңызды;

3) қылмысқа бейім топтардың басым бөлігі назардан тыс қалуда;

4) жеке профилактикалық шектеу  мәжбүрлеу шараларына дейін қысқарту;

5) жергілікті қоғамдастықтар деңгейінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша бұл жұмыс жүйелі жүргізілмейді, үйлестірудің пәрменді тетіктері жоқ;

6) профилактикадан өтетін адамдардың тізбесін толығымен қайта қарау керек;

7) жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет.

Аталған міндетке қол жеткізу мақсатында қазір ҚР Үкіметі құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасын әзірлеуде, ол қолданыстағы мына бес заңды біріктіреді: «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы  мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» және «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы». Қазіргі таңда Парламентаризм институты бұл құжатқа өзінің түзетулері мен ұсыныстарын әзірлеуде.

Азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде  «Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында» (құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында) 2028 жылға қарай іске асырылуы тиіс басым бағыттар көзделген:

– азаматтардың жеке, мүліктік және қоғамдық қауіпсіздігін сезіну 80,5 %-тен төмен емес;

– халықтың полиция органдарына деген сенім деңгейі-83-тен жоғары %;

– Қазақстанның ең қауіпсіз елдер қатарындағы ұстанымын жақсарту

әлемдік бейбітшілік индексі рейтингінде 97 орыннан 65 орынға дейін жақсарады;

– Қазақстанның «Тәртіп және қауіпсіздік» факторы бойынша позицияны 35 орынға дейін жақсарта отырып, «WJP Rule of Law Index» Заңының үстемдік индексі бойынша әлемнің 40 еліне кіруі;

– жол қауіпсіздігі бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингінде Қазақстанды 70 орынға дейін жақсарту.

Егемендігімізді алған сәттен бастап Қазақстан адам құқықтарын сақтау саласындағы бірқатар әмбебап халықаралық шарттарды ратификациялады және оларды мүлтіксіз сақтау бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы  1969 жылғы 23 мамырдағы халықаралық шарттардың  Вена конвенциясына қосылды. 1979 жылғы 18 желтоқсандағы Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның, 1998 жылы 29 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы
конвенциясына (1988 жылғы 20 желтоқсандағы), сондай-ақ 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы Конвенция ратификацияланды.

Құқықтық саясатты қамтамасыз мақсатында әлемнің озық тәжірибелері қандай деген сауалға:

АҚШ-тағы қылмыстың алдын алу екі деңгейде жүзеге асырылады: жалпымемлекеттік (Үкіметтің күрес бағдарламалары арқылы қылмыспен, үйлестіру, қаржыландыру мәселелерін шешу және т. б.) және өңірлік (жергілікті бағдарламаларды қабылдау жолымен штат деңгейінде профилактикалық қызметті жүргізу, полиция және жергілікті халық күштерімен алдын алу қызметін ұйымдастыру). АҚШ-тың бірқатар штаттары мен округтерінде кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу бойынша арнайы бағдарламалар әзірленді. Бағдарламаларда оқушыларды құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерімен, азаматтардың міндеттері мен құқықтарымен таныстыратын курстар қарастырылған. Тұрғын үй қауіпсіздігі, вандализм, ұрлық, қылмыс және заң, азаматтардың жеке қауіпсіздігі сияқты тақырыптар қарастырылады.

Францияда 1983 жылы ұлттық деңгейде Премьер-министр басқаратын қылмыстың алдын алу жөніндегі ұлттық кеңес құрылған. Оған Парламенттің бес мүшесі, отыз бес мэр және жиырма бес адам кіреді. Кеңес келесі бағыттар бойынша: әлеуметтік өмір, білім, полиция және сот төрелігі, ғылыми зерттеулер және байланыс, аймақтық деңгейде республика комиссары басқаратын және әртүрлі билік өкілдерінен тұратын департаменттер кеңесі құрылды; жергілікті деңгейде әкім басқаратын жергілікті кеңесшілердің бастамасымен муниципалдық кеңес құрылды.

Ұлыбританияның барлық штаттары мен округтерінде жасөспірімдерге қажетті көмекті қамтамасыз ететін «Гайденс» әлеуметтік көмек қызметтері жұмыс істейді. Бұл қызметтер ата-аналарды міндетті түрде тарта отырып, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының, діни ұйымдардың ұйымдық-интеграциялық қызметін жүзеге асырады. Мұндай көмектің негізгі мақсаты – жасөспірімдерді әлеуметтік негізделген шешімдер қабылдауға үйрету, олардың моральдық-құқықтық әлеуметтенуіне ықпал ету.

Назар аударатын мәселе, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Жолдаулары мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық нормаларын, оның ішінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша іске асыру барысында қылмысқа қарсы күрес криминогендік жағдайдың жай-күйін тұрақтандыруға, сондай-ақ елдегі азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін белгілі бір дәрежеде артқанын көруге болады. Қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету әдістері мен ылмыстарды ашу бойынша нысандарды жетілдіру бойынша айтарлықтай күш-жігер жұмылдырылуда.  Заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсыру – халықты ынталандыру жөніндегі іс-шаралар суық қаруды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың санын азайтуға ықпал етті деуге болады.

Қазақстан ғаламдық өзгерістерден тыс қалып жатқан жоқ. Әлеуметтік және экономикалық оң өзгерістер қоғамда біршама мәселелелерді туындататыны белгілі. Ааматтардың жекелеген әлеуметтік санаттары: NEET жастары, түрмеден жақында босатылған азаматтар, панасыз және қараусыз қалған жасөспірімдер қоғамдағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке теріс әсер етуде. Сонымен қатар кейбір азаматтарымыздың құқықтың мәдениетінің төмендігі мен маскүнемдік, нашақорлық сияқты әлеуметтік факторлардың әсер етуімен жағдай күрделене түсуде.

Жалпы, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқық қолдану тәжірибесі туралы заңнаманы талдау нәтижелері бойынша жұмыс тобы 23 жүйелік мәселені анықтады. Солардың негізгі мәселелеріне тоқталып кетсек:

  1. Әр түрлі салалардағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу мәселелерін реттейтін біртекті заңдардың көптігі (тұрмыстық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер қылмысы, әкімшілік қадағалау және т.б.). Бұл алдын алу субъектілерінің жауапкершілігін төмендетеді және аталған қызметті бақылауды теңестіреді.
  2. Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша осы салаға жауапты қызметкерлерде құзыреттің болмауы. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы міндеттер мен өкілеттіктер берілгенген, толық көлемде қызмет ете алмайды. Қажетті функционал тек жергілікті атқарушы органдар мен полицияға бекітілген.
  3. Құқық бұзушылықты алдын алу бойынша барлық субъектілері заңдарға кірмейді, сол себепті алдын-алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Мәселелерді реттеудің жеткіліксіздігі. Яғни, қолданыстағы заңдарда жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау және бұқаралық ақпарат құралдары саласы, жастар саясаты, статистика, цифрлық даму, кәсіпкерлікті дамыту саласының уәкілетті органдары қарастырылмаған.
  4. Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша үйлестіру жұмысының болмауы. Құқық бұзушылықтардың алдын алуды үйлестіру институттарын жетілдіру және оларды жергілікті қоғамдастықтар деңгейінде құру қажет. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің қызметін үйлестіруді құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар жүзеге асырады
  5. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы ведомствоаралық комиссиялар қызметінің тиімділігінің жеткіліксіздігі. Ішкі істер органдарына шектеу сипатындағы шаралар ғана анықталған. Жеке превенция тек заңды бұзған адамдарға қатысты жүргізіледі. Ал заңсыздыққа жол бермейтін алдын алу шаралары реттелмеген.

ҚР Ішкі істер министрлігі жоғарыда келтірілген көкейтесті мәселелерді шешу бойынша келесі жолдарды ұсынады:

  • Құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа жүйесін құру. Азаматтарға арналған заңға бағынушылық мінез-құлық идеологиясын қалыптастырып, БАҚ-та, білім беру ұйымдарында, ұжымдарда өңірлік алдын алу бағдарламаларын енгізу арқылы алдын алу шаралары күшейтілетін болады. Мемлекеттік органдарға қылмыс жасауға бейім азаматқа қоғамға жат өмір салтын тоқтату туралы қызметтік ұйғарым шығару құқығы беріледі.

–    Уәкілетті органдарға құқық бұзушылықтың жекелеген түрлері бойынша арнайы алдын алу шараларын қолдану құқығы беріледі. Құқық бұзушылардың жасырынған жерін анықтау, жасырын, сынақ сатып алу шаралары арқылы жедел алдын алу шараларын, жалпы жедел іздестіру іс-шараларын ұйымдастырып, құқық бұзушылардың заңсыз әрекеттерге деген көзқарасын өзгерту  жүргізу, агрессияны азайту психокоррекцияны қолдану.

–   Құқық бұзушылықты алды алу бойынша қызметкерлердің құзіреттілігін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі заманғы ақпараттық инновациялық технологияларды қолдану арқылы қылмыстық ахуалды бақылап және оны болжау механизмі әзірленген. Бұл құқық бұзушылықты алдын алу қызметін дұрыс үйлестіруге мүмкіндік береді.

Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді заңды әзірлеудің мақсаты – қылмыстың алдын алу шаралары жүйесін жақсарту, тиімді профилактикалық шараларды енгізу және құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге негізделген. Сонымен қатар, жаңа бірыңғай заңды әзірлеу мәселесі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында кешенді көзқарасты дамыту қажеттілігінен туындап отыр. Құқық бұзушылықтардың алдын-алу тек қана құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ұйымдар, білім беру және медициналық мекемелердің де қатысуын талап етеді. Бұл тұста профилактикалық шараларды қоғамның барлық деңгейінде енгізу маңызды. Заңда құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қарастырылып, бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет.

Бірыңғай кешенді заң  азаматтардың құқық қорғау органдарымен және басқа мемлекеттік мекемелермен өзара әрекеттесуі жақсартып, кәмелетке жасы толмағандар мен жастардың құқықтық сана деңгейін арттырып, халықты құқықтық біліммен қамтамасыз ету, ақпараттық және білім беру бағдарламаларын іске асыру маңызды. Бұл шаралар қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырып, қылмысқа қарсы іс-қимылдың қосымша тетіктерін қарастырып,  әлемдік стандарттарына жауап беретін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Осы орайда, құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдар жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай,  қылмысқа қарсы «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру көзделген.

Өз кезегінде, ҚР ПІБ Парламентаризм институтының сарапшылары құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында азаматтардың қатысуы мәселелері бойынша ұсынымдар мен түзетулер ұсынуда.

 Нұртай ИМАНҒАЛИЕВ,

ҚР ПІБ Парламентаризм институты Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының бас маманы, з.ғ.к., қауымдастырылған профессор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button