Құқықтық кеңес берудегі жасанды интеллект

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні жедел дамыту аумағына айналуы тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз» деп Үкіметке цифрландыруды толыққанды дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы негізгі міндеттер аясында Әділет министрлігі «Digital Justice» жобалар портфелін іске асыруда. Ол азаматтардың қаржы және уақыт шығынын үнемдей отырып, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану шараларын қамтиды.
Қазіргі таңда заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі – «E-ZanKomegi» жұмыс істейді. Осы жүйе халыққа онлайн режимде білікті заң көмегін көрсетуге арналған. Аталған жүйе азаматтардың адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қатысуымен білікті заң көмегіне қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған 2023-2024 жылдар аралығында Астана қаласында «E-ZanKomegi» жүйесіне тіркелген адвокаттар мен заң кеңесшілерінің саны: 2023 жылы – 263; 2024 жылы – 285; Қаралған істердің саны: 2023 жылы – 14987; 2024 жылы – 18991; Қазақстан Республикасы бойынша «E-ZanKomegi» жүйесіне кірген пайдаланушылар саны – 6749. Қазіргі уақытта операторлар тәулік бойы кеңес беретін қонсультациялық қызмет іске қосылды. Кеңес алу үшін «eGov.kz» порталында тиісті бөлімді таңдап, қызмет көрсету үшін өтініш қалдыру қажет.
Құқықтық кеңес беру мүмкіндігі «Zan Komegi» ақпараттық жүйесі арқылы да қарастырылуда. Мұндай құқықтық кеңесті адвокаттар мен заң кеңесшілері ұсынады. Сонымен қатар құқықтық кеңес беруге арналған жасанды интеллект элементтері бар чат-бот әзірленіп, «Zan Komegi» мобильді қосымшасының тәжірибелік ортасында тестілеуден өтуде. Жасанды интеллектіні енгізу мақсатында министрлік IT-ұйымдармен бірле-сіп жұмыс тобын құрды. Оған zan bar, iprav, ҚарМУ, ҚазҰТУ, ҚазҰУ және басқа да ұйымдар қатысуда.
Астана қаласында 2023-2024 жылдары нотариусқа бармай-ақ 102142 нотариаттық әрекет ресімделді. Олардың ішінде: сенімхаттар – 67588; келісімдер – 32066; кеңес беру қызметтері – 156; некенің жоғы туралы өтініштер – 2332; Енді азаматтар осы қызметтерді онлайн форматта бейнеқоңырау арқылы нотариусқа бармай-ақ ала алады. Барлық дайын құжат «eGov.kz» порталындағы «Цифрлық құжаттар» сервисінде көрсетіледі.
Клиентті сәйкестендіру биометриялық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады, бұл ұқсас сыртқы белгілері бар адамдарды қате сәйкестендіру тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік берді. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында қосымша екі факторлы аутентификация енгізілді – SMS-код пен ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы тексеру.
Әділет министрлігі Нотариаттық палатамен бірлесіп, сенімхаттар, кеңестер, ерлі-зайыптылардың келісімдері және некенің жоғы туралы өтініштер сияқты бірқатар нотариаттық қызметті онлайн форматқа ауыстырды.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа технологиялық құрылымға, толық цифрландыруға көшу қажеттілігі анықталды. 2024 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының Республикалық палатасымен бірлесіп, «Сот орындаушысының роботы» пилоттық жобасын іске қосты.
«Цифрлық сот орындаушысы» бірнеше артықшылыққа ие:
Біріншіден, жеке сот орындаушы қызметі үшін ақы төлеуден және оларға бару шығынынан босатылады, өйткені барлық әрекет автоматты түрде жүзеге асырылады.
Екіншіден, хабарламаның жіберілгені және оқылғаны туралы белгі түседі. Іс жүргізу қозғалғаннан кейін 20 АЕК дейін, робот борышкерге бірнеше арналар (1. «1414» нөмірінен SMS-хабарлама, 2. eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарлама) арқылы оңайлатылған іс жүргізу туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар хабарлама жіберіледі.
Үшіншіден, роботтың жеке сот орындаушыдан айырмашылығы, борышкердің сомасы шегінде тек 1 банктік шотқа тыйым салады, ал жеке сот орындаушы барлық шотқа тыйым салады.
Төртіншіден, азаматтарға ыңғайлы болу үшін борышты онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Бұл барлық қамтамасыз ету шараларын тыйымды (аресттерді) автоматты түрде жоюды қамтиды. Осылайша, адам факторы толығымен жойылады.
Бесіншіден, осы жоба сот орындаушыларымен өзара байланысқа шығуды қажет етпейді. Барлық әрекет онлайн режимінде жүзеге асырылады. Іс жүргізуді тоқтату және тыйым салуларды жою үшін түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды көрсету қажет емес.
Атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландырудан басқа, жоба азаматтарға жыл сайын шамамен 5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.
Бұрын берешекті уақытында өтемеген жағдайда азаматтар жеке сот орындаушысына оның қызметі үшін 25 пайызға дейін ақы төлеуге мәжбүр болатын.
Статистика көрсеткендей, цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап бүгінге дейін Астана қаласында соттар қаулыларының негізінде 73080358 теңге сомасына 1555 оңайлатылған іс жүргізу қозғалды. Уәкілетті органдар қаулыларының негізделген 466139097 теңге сомасына 23780 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу қозғалды. Жалпы алғанда, 539219455 теңге сомасына 25335 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу қозғалды.
Арман АҚЫЛБАЙ,
Астана қаласы Әділет департаментінің басшысы