Құқық

Құқықтық сауатты болу – қоғам талабы

«Біртұтас тәрбие»  бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» бағыты бойынша Астана қаласының Полиция департаменті қызметкерлері студенттерге түрлі тақырыптарда оқу-ағарту дәрістерін өткізуде. Сондай профилактикалық дәріс Байқоңыр ауданы тәртіп сақшыларының ұйымдастыруымен «Қылмыстық құқық бұзушылық ұлтаралық араздықты тудырудың алдын алу», «Әкімшілік жауапкершілік», «Буллинг» тақырыптарында Астана қалалық Қазтұтыну­одағының жоғары колледжінде 1-курс студенттері арасында өтті.

Өскелең ұрпақты заңды құрметтейтін етіп қалай тәрбиелеуге болады? Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, ол үшін профилактика және тәлімгерлік ету керек. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында төбелестен бастап ауыр қылмысқа дейін жасайтындардың шығуы алаңдатып отыр. Олардың көбі сол әрекетімен заң бұзып жатқанын білмейді. Мұның арты қандай жауапкершілікке әкелетінін бағамдамайды. Сондықтан құқықтық сауатсыздық – бүгінгі таңдағы нағыз қауіп болып отыр. Сол себепті өкілетті органдарға 7-сыныптан бастап мектептерде «Заң мен тәртіп» пәнін енгізу ұсынылды. Оны тәжірибелі заңгерлер, құқық қорғау органдарының ардагерлері жүргізіп, білімін ғана емес өмірлік тәжірибесін де балалармен бөліседі.

– Жастар заңның мәнін түсінген кезде жан-жағын бағдарлай алады, қорқыныштан арылып, тәртіпке бағынады. Істеген ісінің салдары туралы ақпаратты толық білетін бала болашағын ойлайды. Оны тек өз қатарластарына ғана емес, отбасына да, көршілеріне де айтады. Бүгін біздің колледжде де осындай танымдық дәріс өтті, мұндай іс-шараларға біз қашан да қолдау білдіреміз, себебі колледж түлектерінің құқықтық сауатын көтеру алған басқа білімінің маңызын арттырады, – дейді аталған колледж директоры Мырзабек Кужимов.

Осындай дәрістер өткізуге заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңдылық және құқықтық тәртіп комиссиясының төрағасы Есберген Алауханов сынды тұлғалар да оқу-ағарту тұрғысынан үлес қосуда. Ол – әрі осы «Заң мен тәртіп» жобасы бойынша дәріс беру бағдарламасының жетекшісі.

– Заң – берекелі тұрмыс кепілі. Мектеп оқушылармен жиі кездесіп, дәріс беремін. Ішінде көзі ашық балалар өте көп. Кейбір балаларды байқасаң, ата-анасынан алған тәрбиесі аздау, олардың әке-шешесі тұрмыс қамымен жұмыста жүріп балаларын қараусыз қалдырған. Сондықтан сол олқылықтың орнын толтырып, жастарға құқықтық және басқа да тәрбие беру үшін полиция қызметкерлерімен бірлесіп, оқу орындарына барып, дәрістерді тек студенттер мен оқушылардың ғана емес, сонымен қатар алдымен педагогтардың арасында да өткізудеміз. Олар құқықтық сауатты болса әрі қарай шәкірттеріне де дұрыс дәріс бере алады. Бұл – бізде кенжелеп қалған нәрсе. Президент Жолдауында да, құрылтай кезінде де құқықтық мемлекетте азаматтардың бәрі құқықтық сауатты болуы керектігін айтты. Сол себепті басқа да мекемелер басшыларына дәрістер берілуде, бұл жобаның құрамында ғалымдар, отставкадағы судьялар, құқық қорғау органдарының тәжірибелі басшылары бар. Қазіргі таңда «Мектептегі оқушыларға құқықтық тәрбие беру» оқу құралын дайындап, аяқтадық, соны 5000 данамен шығарып, тегін тарату жоспарлануда. 17-18 сәуір күндері осы тақырыпта Чувашия және Татарстан елдерінің шақыруымен дәріс оқуға бара жатырмыз, – дейді ол.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button