Ұлыс оң болсын

Құрақтай құралғың келсе…

Құрақ десе түрлі жыртыс маталардан құрақ құрап отыратын ақ жаулықты әжеміз еске түседі. Бәлкім, шаршы, үшбұрыш, тағы да басқа пішіндегі қиықтардың түрі мен түсі жағынан симметриялық үйлесім таба орналасуын алғаш осы құрақтардан көрген де шығармын. Төрге жайылған сан түрлі құрақ көрпе үйдің сәнін келтіріп, көңілің жылы шуаққа бөленеді. Ел ішінде «Өмірің құралсын десең, құрақ құра!» деген наным-сенім де бар. Тұрмысқа шыға алмай жүрген қыздардың құрақ құрап, бағы ашылып кеткеніне мысал көп. Соған иек артқан қазақ әр шаңырақта құрақ көрпе болуы тиіс деп те санайды.

[smartslider3 slider=2468]

Қазақпен бірге жасасып келе жатқан құрақ құрау өнері әуелде қажеттілік пен ысырапқа жол бермеуден туындаған деседі. Ал қазір ол ұлттық қолөнердің қайта жаңғыруымен тұрмыста аса жоғары бағаланатын құнды дүниеге айналып, әр үйдің төрінен орын алуда. Соған сай сұраныстың артуы құрақ көрпе кәсібінің шарықтап дамуына әкелді. Құрақ көрпе тігушілер бұл қолөнерді брендке айналдыруда белгілі қол­өнерші Ырза Тұрзынзаданың еңбегі зор деп есептейді. Этно-дизайнердің елордалық шәкірттерінің бірі, кәсіпкер Аягөз Әбдірахманованың айтуынша, қазір құрақ құрау өнері түс пен пішін жағынан жетіліп, ерекшелене түскен. Өте төмен бағаланып келген құрақ көрпе құны қазір кәдімгідей шарықтап тұр. Кәсіпкер бұл солай болуы керек те дейді. Себебі көздің майын тауысып, асқан дәлдік, ыждаһаттылықпен тігілетін ұлттық құрақ өнері төмен бағаланбауы тиіс.

– Бізге тапсырыс беретіндер 3 түрлі мақсатта хабарласады. Бірінші – қыз жасауына қосатындар, екінші – жаңа үйге көшіп, ескісін жаңартқысы келетіндер немесе қоныс тойға апаратындар, соңғысы – нарықты зерттеуші бәсекелестер. Елордада құраққа сұраныс орташа, бүгінгі таңда «хит» тауарымыз – «Дара жол» топтамасы. Қазіргі құрақтың бұрынғыдан ­айырмашылығы – бірінші сапасы, кезінде ата-бабаларымыз жасаған құрақ бір бөлек те, бертін келе жасалған құрақ басқа. Ол қазір болмысын жоғалтты, бүгінде соны жаңалап, сапалы маталармен тігеміз. Оның үстіне қазір көздің жауын алатын түстер өте көп. Соларды үйлестіре, халыққа жаңаша түрде ұсынамыз. Құрақтың көптігі ұнамайтын кейбіреулер, әсіресе қазіргі жастар шашыраңқы емес, классикалық стильде, бір құрақтан тұратын топтаманы жасатады, – дейді қолөнер шебері Аягөз.

Құрақтай құралғың келсе, үйіңде құрақтан тігілген бұйымдар болуы керек дейді. Әрі бұл – адам жанын тыныштандыратын өнер, ынта-жігеріміздің бәрі құрақ құрауға кеткен кезде күнделікті негативті ойлардан арылып, жолың ашылады. Тіпті кейде бойжеткен қыздар тезірек тұрмыс құру ниетімен құрақ құрауды үйренуге келеді екен. Расында, Аягөздің өзі де қыздардың өз қолымен құрақ тігіп, жарты жылда тұрмысқа шығып кеткеніне бірнеше рет куә болған.

Қазір қол­өнердің қай түрін болсын ақылы үйрететін курс көп. Ал мектеп жасындағы қыздар қалада Оқушылар сарайындағы «Құрақ құрау» үйірмесіне барса болады. Елордадағы Астана балет және опера театрында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің дотация беруі арқылы сондай тегін үйірменің ашылғанына көп болған жоқ. Үйірме жетекшісі Айгүл Рыспаеваның айтуынша, қазір бұл үйірмеге 10 оқушы қыз қатысуда. Оларға алдымен құрақтың мән-мағынасы мен оған қандай маталардың жарайтыны түсіндіріледі.

– Құраққа созылмалы маталар жарамайды, сондықтан таза мақта-мата­дан тіккен дұрыс. Үш бұрыш құрақ үш дүниені – жер, су, ауаны теңейді деп айтылады. Төрт бұрышта төрт дүниең түгел болсын деген мағына бар. Қазір ши құрақ жақсы дамып кеткен. Жіңішке ұзын құрақтарды арасына үшбұрышты сала отырып қабыстыра тігеді. Одан кейін бал арасының ұясы сияқты формада 6 бұрыш құрақ болады. Бұлардың бәрі – бұрыннан келе жатқан құрақ түрлері. Жалпы құрақ отбасы, өмірі құралып кетсін деген мағынада да тігіледі. Әжеміз де мен тұрмысқа шыққанда құрақ көрпе берген еді, – дейді Айгүл Рыспаева.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button