Басты ақпарат

Құрбан айт – құтты мереке

Құрбан айт – иісі мұсылман қауымы үшін, соның ішінде қазақ халқы үшін айрықша қасиетті саналған, ерекше құрмет тұтқан қастерлі мереке. Өйткені қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасыр­лар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды.

[smartslider3 slider=3429]

Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды. Алла елшісі (с.ғ.с.) Мəдинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын.  Құрбан айттан алдыңғы күн – арапа. Бұл – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн. Арапа күні қажылық сапарына шықпаған елдегі мұсылмандарға ораза тұту – мұстахаб (жағымды) амал.

Қасиетті Құрбан айт мерекесі биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттерде сағат 07.00-де айт намазын оқумен басталады. Бұл күні барлық мешіттерде айт намазынан бұрын имамдар жамағатқа ұлық мерекенің сыры мен хикметін түсіндіреді, айт намазының оқылу тәртібін түсіндіреді. Намаз аяқталысымен мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылатын болады.

Осы орайда ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құрбан айт мересіне орай айтшылап келген жамағатқа киіз үйлер тігіліп, қазақы салтымызға сай қарсы алатын боламыз. Бұдан бөлек, ұлттық спорт ойындары бойынша арнайы сайыстар өткізіледі. Мешіттің әйел ұстаздары мен шәкірттері ұйымдастырған «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де бұл күні қыз-қыз қайнап, жамағатқа сауапты сауда ұсынады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы мешіттерінің ұйытқы болуымен айт күндері «Құрбан айтта қуандыр!» жобасы аясында бірнеше қайырымдылық шарасы (Балалар және Қарттар үйіне зиярат, мешітке келген бүлдіршіндерге мерекелік тәттілер тарату, ірі сауда орталықтарында Құрбан айтқа қатысты мерекелік шаралар, т.б.) жоспарланып отыр.

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Осы орайда құрбандық шалуға қатысты шариғатымыздың қояр бірқатар талаптары бар. Ең әуелі таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, Оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді.

Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал түйе мен ірі қараны жеті адам бірігіп шалуға болады.

Ақауы жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.

Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жылда ұйымдастырылып келе жатқан «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы жайлы айрықша айта кеткен жөн. Еліміздегі мешіттердің ұйытқы болуымен акцияға атсалысқан жандардың құрбандықтары шариғат талаптарына сай арнайы қасапханада сойылып, құрбандық еттері мұқтаж отбасыларға таратылып келді. Еліміздегі пандемиялық ахуалға байланысты бұл акция соңғы екі жыл ішінде онлайн түрде өткізіліп, құрбандық шалуға ниет еткен отандастарымыз қашықтықтан қаржы аударып, құрбан малының қалай сойылғандығы видео есеп түрінде көрсетілген телефон нөміріне жіберіліп тұрған болатын. Биыл да бұл үрдіс сақталады. Сондай-ақ арнайы бекітілген құрбан шалу орнына келіп, офлайн қатысуына да болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы ретте арнайы qurban2022.kz сайтын іске қосып отыр. Бұл сайттың бір тиімділігі – құрбандық шалуға онлайн тапсырыс берумен қатар, құрбандық етін алуға өтініш білдірген мұқтаж жандардың да құжаттарын тіркеуге арналған. Сондай-ақ құрбандық шалушыға құрбан малының сойылып жатқан сәтінен видео есептерді қарауға болады. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша құрбан шалынатын 7 орын бекітіліп отыр.

Сондай-ақ ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі «Шанхай» базары және «Шопан ата» базары – осы екі орында «Раббың үшін құрбан шал!» акциясын өткізетін болмақ. Құрбандық малы осы жерде сойылып, бірден мұздатқыш көліктерге тие­ліп, мұқтаж отбасыларға жол тартатын болады. Бұл сауапты іске Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен волонтер жастар және ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігінің қызметкерлері мен ерікті мешіт жамағаты жұмылдырылады.

Ерболат ЖҮСІПОВ,

Нұр-Сұлтан қаласының және республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button