Басты ақпарат

ҚҰРМАШТЫҢ ҚҰШТАРЛЫҒЫ

Мүгедектер үйі. Арбаға таңылған бозбала ғұмыр. Ауыр ой еңсені басқысы келеді. Жас жігер ерік берсін бе?.. Сол жігері ғой, Құрмашты өмірден баз кештірмей, қайратын жанып отырған. Әйтпесе… иә, әйтпесе, ендігі бордай мүжіліп, үгітіліп кетер ме еді, кім білсін?! Тағдырдың сынағы, жазмыштың жазуы деп түсінеді. Түсінеді де жаңа ғана басталып жатқан бозбала ғұмырын, жарқын сәттерін, шаттықты жанарын аңсайды. Аңсайды да сағынады. Сағынған сәтте кеудедегі бір кесек еті тағы да жаншылып, оймен, мұңмен, мазасыздықпен, қала берді жалғыздықпен күреседі.

О-о-о, ол кезде бәрі жақсы еді ғой…

Әдемі отырыс басындағы әңгімені безілдей жөнелген қоңырау үні бұзды. Шеткерірек отырған Құрмаш есікті аша қоймақ еді. Бұл барғанша, қоңырау тағы «алқымнан алып» барады. Ілгекті ағытқаны сол, баса-көктеп кірген жеті-сегіз жігіт табалдырықтай аттай жағасына жармасты оның.
– Ей, сен неге ашпай жатырсың? Әлде, жақтырмай тұрсың ба?.. –

Әкіреңдей кіргендер колледждің «старшактары » еді. Ауыздарынан арақ пен шылымның күлімсі исі мүңкиді.
– Тамақтарыңды қызғандыңдар ма?! Керек болса, шеттеріңнен кеңірдектеріңді суырып аламыз! – дейді тағы. Бұл кезде дастархан басында отырған Құрмаштың достары да дәлізге шығып, топтала қалған. «Старшактардың» осы жолғы басынуына шыдамдары шыдас бермеді. Кикілжіңнің арты шын төбелеске айналды…
***
Құрмаш есін ауруханада жиды. Аппақ төсек. Аппақ дәкеге қабаттала оралған екі аяғы жоғарыға асылып тұр. Белін батпандай қорғасын басып қалған сияқты.
***
Бұл жатқан облыстық аурухананың зақым келген жұлынға ота жасауға қауқары жоқ. Астанадағы онкологиялық ауруханаға жіберді. Мұнда да аппақ бөлме, ақ төсек, ақ халатты дәрігерлер… Әлгінде бөлмесіне келген қара торы өңді медбике қыз ертең ота жасалатынын жеткізіп кеткен. Ішінде қорқыныш бар. Жүре алмай қалса не істемек? Жалғыз анасы болса – зейнеткер. Жалғыз ағасы тіршілік қамымен осында, Астанада құрылыс жағалап жүр. Кімнің мойнына масыл болмақ?! Бірақ бұл Астана ғой! Дәрігерлері де білікті болар.

«Үмітсіз – сайтан». Жігер жасымасыншы! …Түс көріпті. Түсінде қара түнектің ішінде адасып жүр екен дейді. Алыстан жарымжан сәуле көзге шалынады. Соған жетсем деп қарманады. Әл-дәрмені ерік берер емес… Оянғанда білді. Ота жасалып қойыпты. Кешегі медбике күлімдеп, жымиып тұр. «Операция сәтті аяқталды» дейді. Бір жетіден соң екінші ота жасалмақ. Өзін-өзі едәуір жақсарғандай сезінген. Балдақпен тұрып-жүре алады. Анда-мұнда өз аяғымен барады. Қуанышты! Алдағы армандары туралы ойлайды. Қиялдың биігіне самғайды… Әлгіндегі медбике қандай сүйкімді еді! «Жағдайың тәуір ме?» деп, аяғынан сипады ғой. Болар болмас жаны бар балтыры сұлудың жұмсақ алақанының жылуын сезінген… Тағы сипай түссе екен дейтіндей. Қос балтырдың дауасы сол қыздың алақанында сияқты…
Бүгін соңғы операция! Дәрігердің түсі суықтау көрінді бұған. Оны- мұны сұрап, қасындағы медбикелерге отаға дайындаңдар дегенді ишарамен білдірді де, қайта шығып кетті. Көп ұзамай көзі ілініп кетіпті…

Тағы да өткендегі түс: қап-қара түнек… жарымжан сәуле мұнартады… барғысы келеді… жеткізер емес…

Көзін ашқанда бөлмеде жалғыз еді. Жүрек тұсы әлденеге қобалжулы. Тұлабойы ұйып қалғандай. Аяқтарын қозғалтып көреді. Жан жоқ!.. Сипағанды да сезбейді! Сезінер емес! Өзі өлімші үміт бір лап етіп, сөнді де қалды! Өзі үздігіп тұрған үміт үзіліп кетті! Үміт… Сүйкімді медбике де бұл бөлмеге
ат ізін салмады бүгін…
***
…Көп ұзамай елордадағы Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің табалдырығын аттады. Астына мүгедектер арбасын берді. Медбикелер қас-қабағына қарайды. Уақытылы дәрі-дәрмектерін беріп, емдеу шараларын жүргізеді. Әрі өзі секілді жарымжан адамдармен танысады, әңгімелеседі. Бірде теледидардан мүгедектер арбасымен олай да, былай да ойқастап, билеп жүргендерді байқап қалды. Сосын аңсары биге ауды да тұрды. Бірден алып кету қиынға соққан-тын. Кейін келе бапкер де табыла кетті. Әлия есімді жаттықтырушы Құрмаштың талабын көріп, қуана жетектейтінін
айтқан. Өзі тұратын мекеменің акт залынан шықпайды. Дайындалады, қимылдайды, тер төгеді. Әлия жігерін жанып, одан бірнәрсе шығатынын айтып, қайрай түседі.
Бірнеше жарыстарға да қосты. Олжасыз қайтқан емес. Жақында Голландияға барып-қайтты. Халықаралық чемпионатта жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Енді елімізде өтетін додаға қатыспақ…

P.S.

Кейіпкеріміз Құрмаш – Құрманәли Әбуов. Ерік-жігерінің мықтылығынан болар, бір аяғына жан ене бастағанын айтады. Өзі де сенімді ертеңіне, әлі-ақ аттай шауып кетеріне. «Бәрі тағдыр жазуы,-дейді ол,-көнемін, бірақ жеңіп шығам!»
Құрмаш жеңіп шығады!..

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button