Құрмет төрінде – отан қорғаушылар
Елорда төрінде Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған көптеген шаралар өтті. Мекемелер мен кәсіпорындарда ардагерлер мен әскерилерге құрмет көрсетілді.
Осындай ізгі шараның бірін «Бәйтерек» монументі ұжымы ұйымдастырды. Тағылымды кездесуге шақырылған бір топ әскерилер мен Ауған соғысына қатысқан жауынгер-интернационалистер монумент ішін аралап көрді. Жастар мен ұжым мүшелеріне еліміздің Қарулы күштері, Ұлы Отан соғысында көрсеткен жерлестеріміздің ерлігі жайында тағылымды әңгіме өрбітті.
Астана қаласының Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағының төрағасы Серік Кенжебеков елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументі ұжымына алғысын білдірді. Ал мерекелік дастарқан басына жайғасқан қонақтарды мекеме басшысы Мұрат Сапарғалиев құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті.
Осындай игі шараның тағы бірін Есіл аудандық Ардагерлер кеңесі өткізді. «Rixos» қонақ үйінде өткен шарада аудан аумағында тұратын соғыс және еңбек ардагерлері бір көңіл көтеріп қайтты. Мерекелік дастарқан басында майдан әндері шырқалып, естеліктер айтылды. Аудандық кеңес төрайымы Рысты Атығаева ардагерлерді еліміздің ең қастерлі мерекелері – Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтап, зор денсаулық, баянды ғұмыр тіледі. Ал меймандар атынан Амангелді Сыздықов, Қуаныш Алпысбеков, Салман Героев және Мейрам Байғазин сынды ардагерлер тілектерін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.