Жаңалықтар

ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫ

Арқаның ардақты азаматтарының бірі, «Астанақұрылыссервис» ЖШС ғылыми-техникалық құрылыс сапасын қамтамасыз ету бөлімінің инженері Майдан Көмекұлы Құсайыновтың есімі бүгінде осы өңірдегі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүр. Өйткені, ол – Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профес­соры, құрылыс жөніндегі көптеген кітаптардың авторы ғана емес, со­нымен бірге «Мемориалды аймақ» іздестіру отрядының командирі, ең бастысы, «Астана таңдауы-2012» конкурсының жеңімпазы.

Жасы жетпісті алқымдаса да, ол тым тың. Тіліміз–тасқа. Жастар­дан бір елі қалысар емес. Құрметті демалысқа шығуға да асықпайды. Себебі, Елбасы айтқандай, ел игілігі жолында атқаратын ауқымды істері әлі де жетерлік.

Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алы­стан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне барлық қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем қызыға көз тігуде. Ал, осындағы барлық маңызды нысандар: мемлекеттік, үкіметтік ғимараттар, спорт және тұрғын үй кешендері, көптеген сауда орталықтары осы Майдан ағамыздың «қолынан», яғни сапа сараптамасынан өтті.

Қарағандыдағы политехникалық институтты тәмамдаған жас маман алғашқы еңбек жолын Павлодар қаласының индустриалдық институ­тында «Құрылыс тәртібі» пәнінен дәріс оқудан бастайды. Үш жыл­дан соң целиноградтық студент­терге сабақ бере бастаған Майдан Көмекұлы 1981 жылы Ленинградтағы инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасын бітіріп, техника ғылымының кандидаты ғылыми атағын алып, туған қаласына оралады.

– Елорда жаңа салына бастаған тұста біз жаңартылған әлемдік тех­нологиялармен таныса бастадық. Мен сол кезде оны игеруге қатыстым. Сол тұстың өзінде-ақ студенттерімді немістің және француздың құрылғыларымен таныстырып, апта сайын оларды құрылыс алаңдарына алып шығып, барлық процесті көздерімен көруге мүмкіндіктер туғыздым. Жас елордамызды міне, бүгінде дәл солар салып жатыр, – дейді «Астанақұрылыссервис» ЖШС-нің инженері Майдан Құсайынов.

2002 жылы ол Ресей Федерациясының елшілігін салуға кіріседі. Дәл сол кезде, елшілік ғимаратының құрылысын бастамас бұрын ол қала сәулеті бойынша қаншама әдебиеттермен танысып, елорданың құрылысында өзінше із қалдыруға кірісіп кетеді. Соның арқасында бүгінде Астананың келбетінде ұлттық нақыш байқалады.

– Әл-Фараби бабамыздың еңбектерінде оның құрылыс саласына қатысты эксперименттері туралы да айтылған. Дегенмен, көпшілік ол кісінің құрылысшы да болғанынан бейхабар. Негізі ол әлемдегі ең берік, климаттық жағдайларға төзімді ғажайып қақпалар мен күмбездерді салған екен. Көптеген тұрғын үй кешендеріне олар ерекше сән беріп тұр. Мәселен, Президенттің ескі резиденциясының құрылысында еуропалық стиль басым бол­са, Ақордада Әл-Фараби күмбезі жарқырап тұр. Демек, қала бастапқыда Курокава жоспарлағандай еуропалық ерекшеліктермен емес, қазіргі күнде ұлттық нақыштары бар өзіндік қайталанбас келбетімен айшықталып, ажарланып келеді, – дейді М.Құсайынов.

Майдан Көмекұлы жаңа құрылыс алаңдарында барлық жұмыстың сапалы атқарылуына жауап береді. Сондықтан да, бұл жерлердегі кішкентай ғана кемшіліктің қаншама қиындықтарға әкеліп соғуы мүмкін екенін ол жақсы біледі. Өзі құрылыс саласындағы сапаны бақылау бойын­ша комиссияның мүшесі.

Өз мамандығын жете меңгерген, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін іскер жанды басшылар да бағалай біледі. «Мәкеңнің тәжірибесі – компаниямыз үшін баға жетпес байлық. Ол білгендерін кейінгілерге үйретіп келеді және мұның бәрін шын көңілімен істейді. Қай жағынан алып қарасақ та, ол аса принципшіл адам. «Астана таңдауы» конкурсы барысында біз ұжым болып сол кісіге дауыс бердік. Өйткені, біз Майдан Көмекұлының елордамыздағы ең таңдаулы азаматтардың бірі екеніне еш күмән келтірген емеспіз», – дейді «Астанақұрылыссервис» ЖШС-нің директоры Жұмағали Құсайынов.

Өзінің өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет боларлық қасиетімен дараланып жүрген ағамызды астаналықтар да шын мәнінде мақтан тұтады. «Аста­на таңдауы-2012» конкурсының жеңімпазы атануы да сондықтан болса керек.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button