Қоғам

Құрт қайнатып, май шайқамаса да…

Қазіргі үй қызметшісінің де жұмысы жеңіл емес. Бұрындары үй шаруасына келгенде қазақтың бәйбішесінің әр кезде көмекшісі болған. Абысын-ажыны, келін-кепшік, көршінің кемпірі дегендей кісі қолын қажет ететін жағдайда жанашыры жанынан табылған. Бүгінгінің тірлігі басқаша. Көбісі жұмысбас­ты. Бай-бағландардың кейбір еркетотайлары үй шаруасын дөңгелетіп алып кете алмайды. Бірақ ол мін емес, үлгермей жатса үй қызметшісін шақырта қояды. Бұл – ағылшын тілінен «clean» тазалық дегеннен шығатын клинингтік бизнес өкілдері. Яғни үй тазалап, еден жуып, кір шайып, қазан қайнатып ас пісіретін әмбебап жандар.

Олардың статусы еліміздің Еңбек заңында көрсетілген. Бар қызметі еңбек шартымен расталып, жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек дау­лары тараптар келісімімен немесе сотта шешіледі делінген. Алайда екі жақтың да әрекеттерін куәландыратын еңбек шартын жасауға ешкім құлықты емес. Құлықты болмайды да, өйт­кені үй қызметшілері де, оны жұмсайтындар да бұл тірлікті жеке шаруасы ретінде қарайды. Кісіге жалданушы да құқығын қумақ түгіл өз міндетіндегі қызметтердің тізбегін де анықтап, оған төленетін ақының да ауқымын біле бермейді. Әркім ой-өрісі мен әліне қарай бітіп болмайтын күндегі күйкі тірліктің тізгінін өзінше алып жүріп, мәдениетін де өзінше қалыптастырып жатыр. Бұл жерде біреудің құлақ кесті құлына айналуға да, не болмаса өз құқығын аяқасты етпей, қарым-қатынасты лайықты дәрежеде орнатып жұмысын жүргізуге болады. Бірақ бұл ел қызығатын мансап емес. Сол себепті де амалы жоқтар мен студенттер ғана келіседі.
Әзірге үй қызметшісінен бір ғана нәрсе талап етіледі: ол бар-жоғын білдірмей, дыбысын шығармай үш мезгіл тамағын істеп, ыдыс-аяғын сылдырлатпай жуып, ас үйдің бар жұмысын жолға қойып, жатын бөлмелерді жуып алып, айына бір-екі рет есік-терезені жуып, кілем қағып тазалап алу керек. Осы үшін келісілген ақысын алады. Аз қаражат емес. Сол себепті толық жұмыс күніне жұмысқа алып, ішіп-жейтінін де мойнына іліп, үй егесімен бірге тұратын қызметшіні жалдау қымбатқа түседі.
«Мен екі бірдей отбасында тұрақты түрде барып-келіп үй шаруасын бітіріп жүрмін. Ол алдағы үш күннің тамағын әзірлеп, үйді жинап, киімдерді жуып, үтіктеп орын-орнына қойып кетемін. Кісінің үйіне келіп ақысына жұмыс жасап жатқаннан кейін өзіңнің шаруаңды ұмытасың. Қазір отымен кіріп, суымен шығатындай алып бара жатқан тірлік жоқ, бәрі автомат. Сонда да сол үйдің бір адамына айналуыма біраз уақыт керек болды. Бір-бірімізге сенім де керек, әркім өз орнын білген жөн. Ең бастысы, іштегі кедергіні жеңу керек. «Хозяйкам» телефон ұстағанымды жақтырмайды. Алғашында ренжитін едім, кейін үйреніп кеттім. Бастысы, жақсы «хозяйка» табу қиын, оларға да жақсы қызметші табу оңай емес. Осы жерде мүдделері тоғысқан жандар бір-бірінің көңілін қалдырмай күнделікті тірлікті жеңілдетуге бар күшін салады. Бұл жұмыстың да мәні сол» дейді Дана. Жоғары білімді маман елге оралған соң, лайықты жұмыс таба алмай осы кәсіппен айналысып жүр екен. Ол жұмысының құпиясымен бөлісуге құлықты болмай, «ең бастысы, кімге қызмет етсеңіз де, отбасының ішкі ахуалын бөтен адамдарға айтпаған дұрыс деді. Түсінікті. Бұл да өзін-өзі еңбекпен қамтып, нанын тауып жүргендердің – басты қағидасы.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button