Қала мен Сала

Құрылысшы бақыты

Былтыр елордада құрылысшылар мен сәулетшілерге арналған ескерткіш ашылды. Оның авторы – ­Қазақстанның құрметті құрылысшысы, «Бәйтерек» құрылысшылар одағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Жамбыл Мелдебай. Айта кету керек, мұндай монумент ТМД бойынша жалғыз.

[smartslider3 slider=1298]

Өмір әркімнің өз үйі-құт­ханасынан бастау алады емес пе? Көз жасындай мөлдіреген тау бұлағынан басталған қайнар бірте-бірте шағын жылғаға, одан келе-келе өзенге айналатыны белгілі құбылыс. Бір отбасының перзенті ретінде дүние есігін іңгәлап ашқан бүлдіршін өсе келе бір ауылдың бетке ұстар азаматына, тұлғасына айналатыны сирек болса да мына мың құбылған қызылды-жасылды өмірде болып жатады.

Жамбыл Мелдебайұлы Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Ақтоғай елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі жарықтық сол өңірдің белгілі азаматтарының бірі еді. Білгенін-көргенін артына ерген балаларына үйретіп, құнарлы тәрбие беріп, еңбекке баулыды.

Жамбылдың әкесі Мелдебай ағамыз елге жақсылық жасаудан жалықпаған, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауыр жылдары қиыншылыққа тап келген талай отбасының алғысына бөленген қолы ашық, мәрт, жаны жомарт, отаншыл, еңбексүйгіш кісі еді. Оның азаматтық болмысын, ел-жұртқа жасаған жақсылығын кәріқұлақ ауыл тұрғындары соңғы кезге дейін жыр қылып айтып отыратын. Біздің отбасымызға да көп көмегі тиді.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, Жамбыл да әке өнегесін көріп, өмірдің мәні адал еңбекте екенін бойына сіңіріп өсті. Балалық шақты артқа тастап, қолына аттестаты тиісімен елден қалмай, намысқа тырысып, Қаратау қаласындағы құрылыс техникумында білім алды. Құрылыс маманы ретінде мына іргедегі жас қала – Жаңатастың көркейіп-өсуіне ерен үлес қосты. Ізденуден жалықпайтын жас еңбектен қол үзбей жүріп, политехникалық институттың өнеркәсіп-азаматтық құрылыс факультетін тәмамдап, участок бастығы, инженер, құрылыс басқармасының басшысы қыз­метіне дейін өсті.

Жаңатас қаласының біраз құрылыстарында оның алақанының жылуы қалды. Кейін қызметі өсіп, облыс орталығы Таразға ауысып, құрылыс-монтаж басқармасын басқарды. Онда білімді де білікті, қабілеті жоғары маман, шебер ұйымдастырушы ретінде елге танылды. Қазір ол астанамыз Нұр-Сұлтанда қызмет етуде.

«Ауылдың біраз проблемаларын шешуге де үлесін қосып жүрген мәрт, жомарт азамат. Ауылдағы мешіт пен «Тілік баба» кешенін тұрғызуға қомақты қаржы бөлді. Жергілікті мектепке де әркез қол ұшын беріп жүр. Қазір де қолдан келген көмегін ауылдастарынан аяп жатқан жоқ. Достарына, аға­йынға деген пейілі де керемет. Жамбыл Мелдебайұлы – біздің ақтоғайлықтардың мақтанышы» дейді ақтоғайлық жерлесі, еңбек ардагері, Сарысу ауданы билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов.

Алла қалаған кісісін өз нұрына бөлейді. Жамбыл – құрылыс­тың барлық сатысынан өткен абыройлы жан. Еселі еңбегінің арқасында бірнеше мемлекеттік наградалармен – «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденімен марапатталған, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» деген атағы тағы бар.

Мен Жамбыл Мелдебайұлымен 1967 жылдың оқу жылы басында «Түркістан» совхозының орталығындағы онжылдық мектептің интернатында танысып, бірге оқыдық. Бұл шаруашылық 1954 жылы компартияның тың жерлерді игеру бағдарламасына сәйкес Сарысу ауданының шұрайлы Көсегенің Көкжоны аталатын қазыналы Қаратау жотасындағы Үшбас, Қаратас, Көркею, Ақтоғай, Жаңарық, Октябрь колхоздарын біріктірудің арқасында өмірге келген болатын. Тың игерушілердің еңбегімен танысу мақсатында 1955 жылдың жазында көрнек­ті жазушымыз Мұхтар Әуезов аталған тың совхозына арнайы ат басын бұрып, екі-үш күн қона жатып, жастардың еңбек тынысымен, жалынды тіршілігімен танысып, «Түркістан солай туған» деген көркем очерк жазғаны оқырмандарға бұрыннан таныс. Міне, сол шаруашылық кезінде Отанымызға жыл са­йын мыңдаған центнер «алтын дән» – астық берген, ондаған ұлттың баласы (қазақ, орыс, украин, беларус, татар, армян және т. б.) бір отбасының мүшелеріндей тату-тәтті өмір сүрген берекелі ұжым еді. Кез келген жас тракторың бар, автомобилің мен комбайның бар, құлағында ойнап, механизатор мамандығын еркін меңгерген кезең болатын.

Аудан орталығы Байқадамдағы (қазіргі Саудакенттегі) СПТУ-ды бітіріп келген жастар, біздер, мектеп оқушылары үшін университетті бітіріп келгендей болып көрінетін. Орта мектептердің жанында тракторист-комбайнер, автомобиль жүргізушісі мамандығын дайындайтын кешкі оқу курстары ашылды. Осы мамандықтарды біздің құрбы-замандастарымыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ игерді. Ондағы алған куәліктеріміз біздің алғашқы «дипломымыз» болатын. Міне, сол курсты Жамбыл екеуміз де тәмамдап, аттестат алдық.

Мектеп бітіргеннен кейін арман қанатына мініп, әркім өз өмір жолын таңдап, білім қуып Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қарағанды қалаларына кеттік. Жолы болғандар ЖОО түсті, біразы ауылда қалып, қызу еңбекке араласты, бір тобы Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге кетті. Уақыт шіркіннің ағымы өзіне көндіріп, көбісінен байланыс үзіліп, әркім заман «диірменіне» түсіп, әр салада, әр өңірде жүріп жатты. Жамбылмен де көп уақыт байланыс үзілді. Айлар адымдап, жылдар жылжып ақты.

Онымен тек 17 жылдан кейін ғана Таразда кездейсоқ жолықтым. Бойы әжептәуір өсіп, азамат ретінде қалыптасып, мінезі салмақтанып, біраз болса да өзгеріпті. Содан бұрынғы байланысымыз жалғас­ты, сыйластық, сырластық. Көп уақыт өтпей егеменді еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысты. Бүкіл Ақмола қаласы жаңа құрылыс алаңына айналды. Әсем көз тартар ғимараттар тұрғызып, қысқа мерзімде сәнді қалаға айналдыру басты мақсаттардың бірі болды. Әрине, оны іске асыратын архитекторлар мен құрылысшылар, соларға едәуір салмақ түсті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен маман-құрылысшылар ағыны астанаға бет бұрды. Сол сәтте Жамбыл Мелдебай оптимистік танытып, сілкініс білдіріп, батыл шешім қабылдап, қонысын астанаға ауыстырып, бір құрылыс компаниясының бас инженері қызметіне орнықты. Алғашқы кезең туралы ол былай деп тереңнен ой қозғайды:

– Нұр-Сұлтанға келгенде, біраз қиындықтар туындады. Аласапыран кезеңнен әлі құтылмаған кезіміз ғой. Үй-жай болмағандықтан вагонда тұрдық, көрмеген-білмеген бөтен жердің – Сарыарқаның ыстығына күйіп, аңызақ желіне шыдап, қыстың қытымыр бет үсітер аязына тоңдық. Бірақ алға қойған мақсатымыздан айнымадық, алған бетімізден қайтпадық. Біз қаланың іргетасын қалап жатып, оның зор болашағына сендік, еліміздің келешегі кемел болатынына сендік. Расын айтайық, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың өршіл бағдарламасына күмәнмен қарап, ел арасында «бұл – қиял-ертегі» деп сенімсіздік білдіргендер де аз болмады. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың

«Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы,

Мына өмір шыдамдыны ұнатады .

Үміттің құлан иек құла таңы

Әйтеуір бір атады, бір ­атады»дегеніндей, барынша шыдап бақтық, ешкімге ренжімедік, алға қойылған істі атқаруға тырыстық.

Енді, міне, қиындықтар артта қалды, қала адам танымастай өзгерді. Құдайға шүкір, астанамыз қазір әлемдегі көрікті, ажарлы, заманауи қалалардың қатарына қосылды. Соны көріп масаттанамыз. Қала сәулетінің жаңаруы – белгілі сәулетшілер мен майталман құрылысшылардың жанқияр еңбегінің арқасы. Қала көшелерін қазір аралап жүріп, өзім құрылыстарына атсалысқан зәулім ғимараттарды көріп, ризашылыққа бөленіп, ішкі сезімім толқиды. Бұл ғимараттарды тұрғызуға қаншама күш, қаншама жігерлік пен батылдық керек болды? Бір адамның тірлігі емес, жүздеген, мыңдаған адамдардың үлесі бар мұнда. «Көп түкірсе – көл» деп халық бекер айтпайды екен. Қаламен қатар біз де өстік, есейдік, бала-шағамыз өсіп-өнді, білім алды. Олар бүгіндері «біз астаналықпыз!» деп мақтан етеді.

Әрине, тіршілік, өмір болғаннан кейін оның бақытты күндерімен бірге кемшін тұстары да кездеседі. Кемшілік болмаса, мына дүние тақтайдай ­теп-тегіс болып, жұмақта жүргендей сезініп, барлық құндылық ұмытылып, қоғам әрі қарай дамымай, жетілмей қалуы әбден мүмкін. Бірақ сол кемшіліктерді дер кезінде байқап, оның түзету жолдарын іздеп, алдағы уақытта болдырмау үшін еңбек етсек артық болмайды. Сондықтан әр тірлігімізге, алға қойған мақсаттарымызға уақытылы баға беріп, санамыздың елегінен өткізіп отырғанымыз орынды. Ай сайын, тым болмаса жыл сайын өзімізден-өзіміз «Биыл осы не іс атқардым? Қандай жақсылықтар жасадым? Алдағы уақытта не істеуім керек? Өмірде не нәрсеге қол жеткізе алмай жүрмін?» деп есеп сұрағанымыз айып емес.

Өміріңіздің мәні сізге мақсат ұсынады және бағытыңызды айқындайды. Бағытсыз, мағынасыз, мақсатсыз өмірдің сәні де, мәні де болмайды. Ойыма Алаштың біртуар азаматы Жүсіпбек ­Аймауытовтың мына бір тамаша пікірі жиі келеді: «Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес. Қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт, ойланыңыздар, халық біз үшін, біз халық үшін туғанбыз. Олай болса, мойнымызды халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген екен қайран Жүсекең. Тауып айтылған, әркімнің жүрегінің түбінде жататын тамаша нақыл. Адам үйренуден, білімін жетілдіруден, таным көкжиегін кеңейтуден жалықпау керек. Жаңа, тың нәрсе білген сайын адамның өзіне деген сенімділігін арттырады, ой өрісін кеңейтеді. Біз қазір елдің, халықтың, ұрпағымыздың ертеңі еңселі болса екен деп еңбек еткеніміз жөн. Сонда ғана алға қойған мақсаттарымыз іске асады» деп шешіле ойы мен сырын айтты.

Жамбыл Мелдебайұлының әңгімесін тыңдап отырып, Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір жыр жолдары еріксіз еске түседі:

Қайтадан қайрылып қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!

Кез келген адамға серпін беретін мағыналы сөз екеніне дау жоқ.

Жамбыл Мелдебайұлы – тек құрылыс жұмысымен шектелмей, қоғамдық іске де батыл араласып жүрген белсенді азамат. Ол астаналық құрылысшылардың басын біріктіріп, «Бәйтерек» қоғамын құрды. Өткен жылы тынбай, шапқылап жүріп ­Нұр-Сұлтан қаласында ТМД елдерінде бірінші болып сәулетшілер мен құрылысшыларға арнап көрнекті ескерткіш орнатты. Айта кету керек, осы ескерткішті тұрғызу үшін қалалық биліктен 6 жыл бойы жер ала алмай шерменде болып жүргенде, елордаға Алтай Көлгінов әкім болып тағайындалып, сол кісінің көмегімен жер теліміне қол жеткізген екен. Жамбыл Мелдебайұлы сол үшін де әкімге үлкен алғыс айтты. Енді, міне, оның қасынан құрылысшыларға арналған музей үйін салуды бастады. Біраз жылдардан бері еліміздің құрылысшылары туралы бірнеше фото-альбомдар мен көркем безендірілген кітаптарды баспадан шығарып, елдің алғысын алып жүр. Сондай-ақ ол бұл саланың абырой-атағы да, жауапкершілігі де бәрімізге ортақ, сондықтан да бұл істе ірі құрылыс компаниялары да қол ұшын берсе, сырт қалмаса екен деп санайды.

Әрине, мұның барлығы жеңіл жұмыс емес. Барлығына уақыт, еңбек, талпыныс, ынта, тіпті, жүйке шыдамдылығы керек. Соның барлығын топтастырып, халық игілігіне айналдырып отырған, бүкіл саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған досымыз Жамбыл Мелдебайды қалай мақтасақ та, онымен қанша мақтансақ та жарасады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург,

медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button