Қала мен сала

Құрылысшы – қадірлі мамандық

Елордалық құрылысшы Қанат Нүппаев 19 жылдық жұмыс тәжірибесінде Астанада 23-тен астам тұрғын үй салуға атсалысқан. Нақтырақ айтқанда, бүгінде BI-Group компаниясы жоба жетекшісінің орынбасары қызметін атқаратын Қанат Жақсылықұлы бас қаланың ең бір сапалы үйлерін салуға қатысқанын мақтаныш етеді.

Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауылында туған Қанаттың бастапқы мамандығы – энергетик. Қазіргі қызмет ететін компанияда 2006 жылы жұмысын бастаған кезде де сол сала маманы болып орналасқан. Бірақ уақыт өте келе құрылысшы мамандығын ұнатып, сырттай жоғары білім алған соң, қызмет бағытын ауыстырған. Иә, құрылысшы болу үшін де жоғары білім керек, себебі ол қыры мен сыры көп, әрі бір орнында тұрмай дами беретін сала.

–  Астанада компаниямыз салған «Париж кварталы», «Милан кварталы», «Лазурный квартал» сынды әйгілі тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізуге араластым. Одан басқа да үйлерді, әлеуметтік нысандарды салуға қатыстым. Соның ішінде «Жекпе жек» сарайы, пандемия кезіндегі госпиталь, Астана-Бурабай тас жолы сынды құрылыстар бар. Қазіргі таңда біздің компания еліміз бойынша 80 тұрғын үй құрылысын жүргізуде, соның 68-і елордада салынуда, қалғандары Атырау, Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларында бой көтеруде. Биыл Астанада 42 үйді тапсырып, пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр­мыз, – дейді құрылысшы.

Оның айтуынша, компания ең алдымен қауіпсіздікке зор мән беріп, соны бәрінен жоғары қояды. Сонымен қатар жұмыскерлердің жұмысын дұрыс ұйымдастыру, материалдар және техникамен толық қамтамасыз етуге басымдық беріліп, қызмет сапасына ерекше көңіл бөледі.

– Астанадағы үйлердің сапасы өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Себебі қазір құрылыс салу кезінде шетелден әкелінетін мықты заманауи технологиялар қолданылуда, материалдар сапасы да жақсы. Басқа қалалармен салыстырғанда Астанада үй салар кезде желдің қатты, күннің суықтығын ескеріп, үйлердің жылы болуын назарға аламыз. Біздің компанияның тәртібі бойынша 12 қабатты үйді салуға 14 ай мерзім беріледі. Одан да көп қабатты үйлерге 14-16 ай кетеді, – дейді Қ.Жақсылықұлы.

Тұрғын үйлерді салатын құрылыс материалдары фасад үшін сырт мемлекеттер, атап айтқанда Еуропа елдерінен, Ресейден, Белоруссиядан, Сербиядан жеткізіледі. Ал ішкі жағына керек гипс, кірпіш, бетон, арматура сияқты материалдар Қазақстанның өзінде бар. Безендіруге қажет  керамогранит, мрамор, кафель сияқты заттар да сырттан келеді.

Астананың қысында үй салу қиындай түсетіні белгілі. Ондай кезде әр жұмысшының еңбек өнімділігі төмендейді. Дегенмен берілген меже мен қойылған жоспарды дер кезінде орындау үшін барынша шуақты күндерді пайдаланып, жұмыстағы еңбек қауіпсіздігін сақтай отыра құрылыс жалғасын табады. Күннің ыстығы мен суығында тынбай, елдің игіліне еңбек етіп жүрген құрылысшы үй дайын болған кезде кеудені ерекше қуаныш кернеп, «осындай ғимаратты біз салдық» деген мақтаныш сезімі оянатынын айтады.
Осы аралықта мол тәжірибе жинақтай жүріп, елорданың ғана емес, елдегі құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ол құзырлы министрліктер, компания басшылығы және Астана әкімдігі тарапынан Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button